«Тіршілікте адам екі нәрседен жаңылыспауы тиіс. Біріншісі жар таңдау болса, екіншісі мамандақ таңдау» дейді дана халық. Алғашқысын қайдам, ал мамандық таңдауға біз әлі де аса мән беріп жүрген жоқпыз. Соның салдарынан, жоғарғы оқу орынын бітіріп жұмыс таппай жүрген немесе мүлде басқа салада жұмыс істеп жүрген жастар аз емес.
Әлеуметтік сараптамалар орталығының мамандары жүргізген сауалнамаға қарағанда, мектеп бітіруші жастардың 12-15 пайызы ғана қай мамандық иесі болатынын нақты айқындап алған. Ал қалған 85 пайызының «кім болам?» деген сұраққа нақты жауабы жоқ.
Неліктіен? Оның себебі бізде жастайынан баланың бойындағы бейімділігін, қарым-қабілетін анықтап, бағдар беру әлі жолға қойылмаған. Тіпті баланың бойындағы бейімділігін анықтайтын психолог мамандар да жоқтың қасы. Ал барына баласын апаратын ата-аналар да өте аз. Әлі де болса біз психолог десе үрке қараймыз. Ал мектеп үшін баланың қай мамандықты таңдағаны емес, ҰБТ-ны жақсы тапсырғаны маңызды. Сондықтан да бүгінгі мектеп баланың бейімділігін анықтаудан гөрі ҰБТ-да жақсы балл алуына күш салады. Сол себепті бүгінгі мектеп түлектерінің басым көпшілігі мамандықты кездейсоқ таңдайды.
Бүгінгі жастар мамандықты қалай таңдайды?
Мамандардың айтуынша, бүгінгі жастар мамандық таңдауда төмендегідей критерилерге сүйенетін көрінеді. Бір қызығы, өзінің бейімділігіне қарай, табиғатына сай мамандық таңдау ең соңғы орында екен.
1. Беделді мамандық (мемлекеттік қызметкер, заңгер, т.с.с.),
2. Табыс көп мамандық (қаржы, мұнай саласы),
3. Ата-ананың нұсқауымен мамандық таңдау,
4. ҰБТ-да жинаған баллына қарай мамандық таңдау,
5. Оқу ақысына қарай мамандық таңдау,
6. Бейімділігіне қарай мамандық таңдау.
Жастар мамандық таңдауда неден қателесіп жүр?
Жастар, «заң университетін бітірсек, бірден прокурор болып кетеміз» деп ойлайтын секілді. Заңгер мамандығын бітіріп, жұмыс таппай жүргендердің өте көп екенін ескермейді. Мұнай, қаржы саласына барса, ақшаны сыпырып алатын сияқты көреді. Ол салаларда да жоғарғы білімді мамандардың көпшілігі орташа жалақы алатынын білмейді. Жастарға сол салада жұмыс істейтіндердің бәрі жоғарғы жалақы алатын секілді көрінеді.
Кейде өзі басқа мамандықты қалап тұрса да, көңілін жықпай, ата-анасы қалаған мамандықты таңдайтындар да баршылық. Әрине ата-анаға қарсы келу дұрыс емес, алайда олар мамандықты өз тұрғысынан таңдайтынын ойлаған жөн. Сондықтан ата-анаға өз қалауы жайлы айту абзал. Өйткені ата-ана таңдаған мамандық баланың табиғатына жат болуы мүмкін. ҰБТ-да жинаған баллына, оқу ақысына қарай мамандық таңдау да дұрыс емес. Ертең ол мамандық бойынша жұмыс таппасаңыз немесе өзіңіз қаламай басқа салада жұмыс істесеңіз, онда оқуға жұмсалған ақшаңыздың желге ұшқаны.
Қазіргі жастар мұғалім болудан қашады. Олардың пайымдауынша, ұстаздықтың жұмысы ауыр, ақысы аз. Алайда, білікті маман қай жерде де абырой-беделге ие болып, ақша таба алады. Бүгінгі таңда өз мамандығын сүйген, соның шебері болған ұстаздар курстар ашып, үлгерімі төмен балаларға қосымша сабақ беріп, бітірушілерді ҰБТ-ға дайындап, қомақты ақша тауып жүр. Демек ең бастысы - өз ісіңді сүйіп, сол ісіңнің шебері болу.
Сонан соң, тағы бір айтар жайт, біз баламыз міндетті түрде жоғарғы білімді маман болу керек деп жанталасамыз. Барымызды сатып болса да, университетте оқытуға тырысамыз. Ал баланың қарым-қабілетін ескермейміз. Салдарынан қолында дипломы бар біліксіз мамандар көбееді. Одан балаға да, қоғамға да пайда жоқ екеніне мән бермейміз. Ата-аналар баланың жоғары білімді маман атану міндет емес екенін түсінуі керек. Ең бастысы білікті маман болу маңызды екенін ұғынатын кез жетті.