Күндіз — Түркістан, түнде — Ауғанстан
Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танымал. Демек, оның тыныс-тіршілігі қала шеңберінен әлдеқайда шығып, дүниенің біраз бөлігі назар салып отырған қасиетті мекен екені даусыз. Рухани астана мәртебесіне ие көне қалаға қатысты, өкінішке қарай, кейінгі кездері «күндіз — Түркістан, түнде — Ауғанстан» деген тіркес қосақталып айтылатын болды. Бұл, әрине, кездейсоқ айтыла салған әңгіме емес, күнделікті өмірден алынған ащы шындық болса керек.
«Халық айтса, қалт айтпайды» ғой. Түркістанның криминогендік ахуалы, шынында да, соңғы жылдары тым күрделеніп кеткен тәрізді. Оны халық қана емес, заңдылықтың сақталуын қадағалаушы ресми орган – прокуратура өкілдері де растап отыр. Облыс басшылары мен облыс прокуроры Берік Құлтасовтың, ішкі істер департаменті басшыларының кезекті үйлестіру кеңесін дәл осы Түркістанда өткізуі тегін емес.
Түркістан қаласының қоғамдық орындарында жасалған қылмыстардың саны күрт өсіп кеткен. Дәлел керек пе? Үстіміздегі жылдың алғашқы үш айының өзінде қоғамдық орындарда орын алған қылмыс саны былтырғы осы мерзімдегі көрсеткіштен екі есеге артып, 54 қылмыс тіркеліпті. Қоғамдық орындардағы қылмыс көбейіп жатса, онда түркістандық қылмыскерлер погондылардан сескенуден қалғаны ғой. Асқынған қылмысты ауыздықтауға қалалық полицияның қауқары жетпей жатқанын біз емес, прокуратура қызметкерлерінің өзі айтты. Қала тұрғындарының түнгі мезгілде көшеге шыға алмайтын жағдайға жетуі сұмдық емес пе? Көше былай тұрсын, үйде де жайбарақат демалу жоқ екен. Әсіресе кең сарайдай үйі, әжептәуір кәсібі бар тұрғындар үшін. Өйткені қойнына қару жасырған қарақшылар түн мезгілінде тұрмыс жағдайы жақсы азаматтардың үйіне шабуылдауды үдетіп жіберген.
«Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, артқы доңғалағы да солай жүретінін» дәлелдеудің қажеті жоқ. Алдыңғы буын ағаларының «авторитеттерін» көріп өсіп келе жатқан кейінгі буын інілердің арасында да «атамандыққа» таласу әрекеті етек алып бара жатқанға ұқсайды. Кәмелеттік жасқа толмаған кішкентай қылмыскерлер қала аумағындағы мөлтекаудандарға бөлініп, өзара ұйымдасқан топ құрып, қару қолдану арқылы төбелесудің салдарынан адам өлімі де орын алған екен. Түркістан мен көрші Кентау қалаларында қару қолдану арқылы жасалған қылмыстық оқиғаларға сараптау жасалғанда, қару қолдануға құмар қылмыскерлердің жас шамасы 15 пен 18-дің аралығын құраған. Олардың көпшілігі «ОСА» тапаншасы мен шолақ мылтықты қолданады екен. Пышақты қару еткендер қатары да аз емес. Жасөспірімдердің жаға ұстататын қылмыстық әрекеттері осылайша өсіп әрі күрделеніп барады.
Біз қылмыстың қауіпті дегендеріне ғана тоқталып өттік. Әйтпесе Түркістанның қылмыстық ахуалы қырғыз ағайындарға ұқсап манасшылап, таусылмас жырға айналдыруға да сұранып тұр. Түркістанда мал ұрлығы өрши түссе, Кентауда пәтер ұрлығы (алғашқы тоқсанда) былтырғыға қарағанда 700 пайызға күрт көтеріліп кеткен.
«Тұрмыс түзелмей, қылмыс құрықталмайды» деген қалыптасқан қағида бар. Алайда түркістандықтардың тұрмысы төмен, әлеуметтік ахуалы нашар деп айтуға келмейді. Тоғыз жолдың торабында тұрған Түркістанға сауданың жетегімен берісі — Ордабасы ауданынан, арысы Жезқазған, Жамбыл облыстарынан саудагерлер ағылып жатады. Қыж-қыж қайнаған базарлардан қаншама жергілікті тұрғын несібесін айырып, жағдайын түзеп жүр. Біздіңше, қылмыс тұрмыстың төмендігінен емес, қанағатсыздықтан, тәртіпсіздіктен өршіп бара жатқан секілді. Ал «олардың ашкөздігіне тосқауыл болатын, қылмысқа құрық салатын полицейлер не бітіріп жүр?» деген заңды сауал санаңды сығалайды.
Шағала МОМЫНХАНҚЫЗЫ, Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Қылмыстың өсуінің және дер кезінде ашылмауының басты себебі – Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының учаскелік полиция инспекторлары мен жедел уәкілдері тарапынан өздеріне бекітілген аумақтарда тиісті алдын алу жұмыстарын, қылмысты ашуға бағытталған шұғыл іс-шараларды өз деңгейінде жүргізбеуінде. Яғни учаскелік полиция инспекторлары мен криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерінің арасында қылмысты болдырмауға, ашуға бағытталған қарым-қатынас жоқ деген сөз. Орын алған қылмыстың ізін суытпай ашуға деген шұғыл іс-қимылдар ұйымдастырылмайды. Осындай олқылықтардың салдарынан қылмыстың өршуі әрі қарай жалғасуда.
– Былтыр алғашқы тоқсанда бір ғана бұзақылық болса, биыл 13 бұзақылық орын алған. Полицейлер тәртіпті әбден босаңсытып жіберген. Шындық деп шыңғыратын кез келді. Менің осы қызметке келгеніме 10 ай болды. Келгелі айтып жатырмын, осыны істеуге, қарақшылықты, тонауды тоқтатуға болатын еді ғой, – дейді Түркістан қаласының прокуроры Артықбек Пошаев.
Қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мұхтар Ермеков қол қусырып отыр деп ешкім айта алмас, бірақ неге тәртіпті босаңсытып, тірлікті қожыратып жібергенін түсіну қиын. Ішкі істер басқармасының шаруасы кабинетте үстел тоқпақтап отырумен бітпесе керек. Оның қызметі — халықтың да тағдырына тікелей әсер ететін өте жауапты жұмыс.