Күнде екі-үш сарбаз сапта тұрғанда есінен танып қалады - Командирі пікір білдірді
Әскерге барып, бір аптаға жетпестен мерт болған Әлібек Қалбайдың мәйіті туған жеріне жеткізілді. Бейбіт күнде қаза тапқан сарбаздың өлімі көптің көңілінде күдік пен сан сауал ұялатқаны сөзсіз. Қайғылы жағдайдан кейін №30212 әскери бөлімінің командирі пікір білдіріп, оқиға туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі тілшісі "Хабар" арнасына сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
18 жастағы Әлібек Қалбайдың өліміне не себеп болғаны әлі нақты аталған жоқ.
"22 сәуір күні таңға астан келген соң, рота казарма алдында сапқа тұрды. Әлібек соңғы қатарда тұрған. Кенеттен жағдайы нашарлап, құлап қалды. Алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сосын бірден госпитальге алып бардық. Не себепті құлап қалғанын білмеймін. Дегенмен бізде күн сайын сапқа тұру кезінде 2-3 сарбаз басы айналып, құлап қалады", – деді бөлім командирі Алмас Доспаев.
Жақындары Әлібектің денесінде сау жері жоқ екенін айтады. Алайда Қорғаныс министрлігінің өкілдері мәйіттегі жарақаттардың сот-медициналық сараптама салдарынан пайда болғанын мәлімдеді.
"Қорғаныс министрлігінің басшылығы ештеңені жасырып қалмайды. Сарбаздың ата-анасы мен туыстары болған оқиғадан кейін әскери бөлімге келіп, ұлдары борышын өтеген бөлімнің тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көрді", – деді Қарулы күштер бас штабы тәрбие және иедологиялық жұмыс департаментінің бастығы Серік Борамбаев.
Айта кетейік, 18 жастағы Әлібек Қалбай Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге келген соң бірнше күннен кейін көз жұмған еді. Әскери мекеме Жамбыл облысы Қордай ауылында орналасқан.