Көзі көрмейтіндерде құлшыныс бар, кітап жоқ...
Жарық дүниенің дидарын көре алмай, қара түнек арасында өмір сүрсе де, көкірек көздері ашық зағип жандар аз емес. Олар да оқығысы, білгісі, түсінгісі келеді: айналада не болып жатқанын, он сегіз мың ғаламның ғаламатын. Алайда еліміздегі кітап дүкендерінің барлығында дерлік көзі көрмейтін не нашар көретіндерге арналған арнайы кітап сатылмайды. Тіпті Брайль әрпімен кітап шығаратын баспахана жоқ. Зағип жандардың білім нәрімен сусындайтын жалғыз орыны – арнаулы кітапханалар ғана. Оның өзі алыс ауыл-аудандарда қамтылмаған, тек облыс орталықтарында жұмыс жасайды. Бәрінің бірдей жағдайы келісіп тұрмағаны тағы бар. Бірінің ғимараты тозған, бірінің кітап қоры кемшін, енді бірінде кадр жетіспейді. Көздерінде ақауы бар жандарға мемлекет тарапынан жасалар қамқорлықты бір ғана жәрдемақыға тіреп қоюға болмайды, олар да осы қоғамның бір мүшесі, олардың да өз-өздерін жетілдіруге, оқып-білуге құқығы бар. Бірақ...
Кешегіні көксегендей болмайық дегенімізбен, кеңес заманында Брайль әрпімен кітаптар шығып тұрғаны рас. Қазақ классиктерінің қалың томдары да көзі көрмейтіндерге лайықталған үлгіде сол кезде көптеп шығып қалды. Енді ол Үкімет жоқ, зағиптарға арнап кітап шығаратын баспахана да әлдеқашан жекенің қолына өтіп кетті. «Қазақ зағиптары қоғамы» бірлестігінің меңгерушісі Азат Бөкентаев бүгінде Алматыдағы арнайы кітапхананың жанында кітаптар қолдан жасалатынын айтады. Кішігірім жабдықтардың көмегімен дайындалатын ол кітаптардың алыстағы ауылдардың қарасын да көрмейтіні түсінікті жайт.
– Қазір біздің кітапханамызда 27 мыңнан астам кітап бар, 9 мыңдайы ғана қазақ тілінде. Оның ішінде Брайль қарпіндегі кітаптар саны өте аз, – дейді Атырау облыстық көзі көрмейтін және нашар көретіндерге арналған кітапхананың қызметкері Ботагөз Қаражанова, – Қазақстан бойынша зағиптарға арнап кітап шығарумен айналысып отырған мекеме жоқ. Нүктелі-бедерлі кітап шығаратын аппарат елімізге әлі әкелінбей отыр. Бұл Үкімет деңгейінде көтерілетін мәселе деп ойлаймын, өйткені көздері көрмейтіндер де осы Қазақ елінің тең құқылы азаматтары. Біздің кітапханамызға оқырмандар көп келеді. Әртүрлі тақырыптағы деректерді сұрайды, оларға қажеттінің бәрін біздегі кітаптардан тауып беру мүмкін емес, сондықтан көп жағдайда басқа басылымдардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан, ғаламтордан іздеп тауып, оқып береміз. Аудиокітаптар, үнтаспалар да сұрап келеді. Көздері көрмесе де, білуге деген құлшыныстары жоғары оқырмандардың көңілінен шығуға тырысамыз. Әрине, Қазақстанда зағиптарға арнайы кітап шығаратын орын ашылса, жақсы болар еді. Қазір кітаптарды Ресейден Санкт-Петербург қаласына тапсырыс беріп алып отырмыз. Олардың бәрі де орыс тілінде. Қазақша кітап сұрап келетін оқырмандардың алдында төмен қарауға мәжбүрміз.
Зағип балаларға арналған мектеп-интернаттарда оқулықтар жетіспеуі де бір әңгімеге жүк боларлық тақырып. Бұл проблема Білім және ғылым министрлігіне мәлім болғанымен, нәтиже көрінер емес. Мысалы, Шымкенттегі зағип балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының жұмыс жасай бастағанына жиырма жылға жуықтаса да, әлі бірде-бір рет мектеп кітапханасы жаңа оқулықпен толықпағанын республикалық телеарналар жыл басында жарыса көрсетті. Ал жақында қостанайлық «Ашық әлем» қоғамдық бірлестігі көзі көрмейтіндерге лайықтап жұмсақ матадан кітап жасау үлгісін ұсынды. Еуропа елдерінде мұндай кітаптардың бәсі қымбат тұрады. Қоғамдық бірлестік болса, өздері дайындаған кітаптарын тегін үлестіруді көздеп отыр, бұл да болса жақсы бастама. Сондай-ақ көзі көрмейтіндерге арналған электронды кітаптар да шетелдерде шығарылып жатыр.
Облыс орталықтарынан шалғайда орналасқан елді мекендерде тұратын зағиптар үшін жылжымалы кітапхана жүйесінің қызметін ұйымдастыру да ұтымды болар еді. «Туғалы бері көзім нашар көреді», – дейді Бейбіт Артықбаев есімді азамат. – Көзім көрмейді деп қалай отыра береміз, біздің де көп нәрсені білгіміз келеді. Қазір аудиокітаптар, үнтаспалар шығып жатыр, ол да болса жақсы. Жақында теледидардан зағиптар оқи алатын ортақ әліпбимен басылған Құран кітабы Түркияда шыққанынан хабардар болдық, сол қасиетті кітап біздің де қолымызға тисе деп армандаймыз».
Адамда арман таусылған ба? Елімізде көздері нашар көретін адамдар саны жиырма мыңға жуық. Олардың бәрі де арманды: өмірдің сәулесін көрмесе де, көңіл-шырақтарын сөндіргілері келмей жанталасады. Адамзат баласы үшін білім – жанып тұрған шырақ. Алаңдатарлығы – осы екпінмен кете берсек, көздерінде ақау болса да, көкірегі ояу жандардың әдебиетке, білім-ғылымға деген құштарлығын жойып алатынымыз. Сондықтан зағиптардың дертті жандарына дауа болатын ана тіліміздегі көркем әдебиеттерді көптеп шығару ісін қолға алатын мезгіл жеткен сынды. Айтқандай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылға қарай зағиптар саны екі есеге дейін өсуі мүмкін деген деректі айтып жүр.