Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазіргі таңда әлемде 45 миллионнан астам адамның көзі мүлдем көрмейді екен. Одан бөлек, 135 миллион адамның көздерінде түрлі ақаулар бар көрінеді. Ал Қазақстанға келетін болсақ, елімізде бір миллионнан астам адам түрлі көз ауруларына шалдыққан. Оның ішінде глаукома, яғни көз ауруының ең асқынған түрі, қазақы тілмен жеткізсек, жанардың мүлдем семуі — суқараңғылықпен 37 мың адам тіркелген. Сондай-ақ 20 мың адам аталмыш сырқатпен мүгедектікке шыққан.
Офтальмолог-дәрігерлердің айтуынша, шынында да қазіргі кезде елімізде көз ауруы мәселесі алаңдатарлық жағдайға жеткен. Егде кісілерді қойып, жасөспірімдеріміздің де көз жанары әлсіреуде. Әрине бұған түрлі факторлар әсер етіп отыр. Компьютер, теледидар, одан қала берді, ұялы телефон экрандарына үздіксіз телміру, экологияның нашарлығы, дұрыс тамақтанбау секілді мәселелердің барлығы көз жанарының әлсіреуіне әкеліп соғады. Өкініштісі сол, елімізде глаукомаға шалдығушылардың саны төмендеп емес, керісінше, жыл өткен сайын жоғарылап барады. Дәрігерлердің болжамынша, республикада жанардың семуінен болатын мүгедектік жиырма жылда қалада 2,5 есе, ал ауылда 1,8 есеге артқан.
Көз ауруының асқынуына ең үлкен себеп, еліміздің мектептерінде көз дәрігері кабинеттерінің жоқтығынан болып отыр. Бүгінде республика мектептерінің 30 пайызы ғана арнайы кабинеттермен жабдықталған. Ал қалғандарында тек «медпункт» жұмыс жасайды. Осылайша, Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктерінің бұл салаға немқұрайды қарауының салдарынан жасөспірімдеріміздің көпшілігі көзәйнекке телміріп отыр. Онымен қоса, бала жастан күтім көрмеген көз ұлғая келе, тез сөне береді. Оның өзін де «ересек адамдар көзәйнек киюі керек» деп жылы жауып қоя салатынымыз тағы бар. «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» демекші, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ем-домның да шипа бола қоймайтыны белгілі.
Тұрсынгүл БОТАБЕКОВА, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының директоры:
– Науқастардың көбі көздің көру қабілеті тым қатты әлсіреп кеткенде бір-ақ келеді. Тіпті бір көзі мүлдем көрмей қалғанда ғана жететіндер де бар. Бұл дерттің жаманы — білдіртпей, бірте-бірте асқынады. Бүгінде «жақыннан көру» қалыпты жағдай секілді санаға сіңіп қалды. Оған халықтың көбі мән бермейді. Бірақ көздің көру өткірлігі кеміп, көзәйнек қалыңдай берсе, көпке ұзатпай дәрігерге бару керек. Өйткені ол — глаукоманың айқын белгілерінің бірі. Бастың ауруы да көз сырқатының бір белгісі болып табылады. Одан бөлек, қан қысымы жоғары жандар да абай болғаны жөн. Себебі қан қысымы көз қысымын тудырады. Оған мән беріп, дер кезінде емделмесе, түбі зағиптыққа соқтырады.
ҚР бас офтальмологі Т.Ботабекованың айтуынша, мамандандырылған офтальмологиялық көмек көрсету көлемі негізінен, ауылдық жерлерде әлі де жоғары талапқа сай емес екен. Орын алып отырған мұндай жағдайлардың өзіндік себептері де бар. Жергілікті аймақтарда офтальмологтер өте аз. Республика өңірлерінде офтальмо-хирургтардың микрохирургиялық техникаларының деңгейі де төмен. Демек, аймақтағы хирургиялық көз бөлімшелерінің жабдықталуы нашар, тиісті дәрежеде микрохирургиялық қамтуды жүргізе алатын жоғары кәсіби мамандар жоқтың қасы. Сөзіміз жалаң болмас үшін мына цифрларды келтіре кеткенді жөн көрдік. Қазір елімізде мың офтальмолог жұмыс жасайды. Республикадағы 160 аудандық ауруханаларда стандартқа сай 800 дәрігер қызмет жасауы керек болса, олардың саны қазір 110 маманмен шектеліп отыр. Оның үстіне, балалар офтальмологтерінің тапшылығы да өте айқын сезілуде. Елімізде 167 балалар офтальмологі болса, олардың елді мекендерде тек алтысы ғана қызмет етеді. «Жергілікті жерлерде мамандар жетіспейді дегеніміз – біздің науқастар ауруларын асқындырып, жанарларынан айырылып, соқыр болғанда алдымызға келеді деген сөз. Енді осы тығырықтан шығудың жолы – шалғай ауылдарға жас дәрігерлерді жіберіп, олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлсек, бұл мәселе шешімін табар еді», – дейді институт жетекшісі.
Қалай десек те, көз ауруына немқұрайды қарауға болмайды. Жүрекке баса мән беретіндей, көзге де баса назар аудару қажет. Ең сорақысы, көз ауруына көңіл бөлмегендігіміз соншалық, қазір жасөспірімдер тұрмақ, елімізде жаңа туылған нәрестелердің өзі соқыр болып туылып жатыр. «Бұрын мұндай ауру түрі Қазақстанда өте сирек кездессе, қазір жылдан-жылға артып барады», – дейді Т.Ботабекова. Сондықтан да «көз ауруына» көз жұма қарауға болмайды...
Дәрігерлік кеңес
• Түзу отырыңыз, назарыңызды алға қарай бағыттап, көзіңізді жабыңыз. Айналмалы қозғалыстарын жасаудан бастаңыз, солға, жоғарыға, оңға, төмен қарай. Екі жаққа да 10 реттен баяу қозғалыстарын жасаңыз. Бес рет қайталаңыз.
• Көзді ашып, жылдам ырғақпен 15 рет жыпылықтатыңыз.
• Оң қолыңызды алға созып, назарыңызды ортаңғы саусақтың тырнағына аударыңыз. Қолыңызды оң жаққа мүмкіндігінше созыңыз, бірақ басты бұрмаңыз және назарды саусақтан алмаңыз. Оң қолыңызды қайтарып, енді сол қолыңызбен жасаңыз. Бес рет қайталаңыз.
• Қайтадан оң қолды созып, назарыңызды ортаңғы саусақтың тырнағына аударыңыз. Назарыңызды аудармай, қолыңызды баяу мұрныңызға бағыттаңыз. 15 рет қайталаңыз.