8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзікжандылар аса зор құрметке бөленетіні белгілі. Мереке жақындаған сәтте әрбір ана мен қарындастың, бойжеткендердің бойын қуаныш билейді. Яғни сүйіктісі мен достарынан, адал жарынан, балаларынан не болмаса құрбы-құрдастарынан іштей сыйлық күтеді. Дәл қазір базар маңында адамдар ығы-жығы. Әрқайсысы, өз сүйіктісіне ұнамды әрі қалтасына сай сыйлық алғысы келеді.
Осыған орай біз қыз-келіншектерден бірнеше сұраққа жауап беруін өтінген едік.
1. 8 Наурыз күні қандай сыйлық алғанды ұнатасыз?
2. Сыйлықтың құны сіз үшін маңызды ма?
3. Сіз үшін ең қымбат сыйлық қандай?
4. Өзіңіз кімге сыйлық жасауды ойлап отырсыз?
Алтын ЕДРИСОВА, Ақмола облыстық сот актілерін орындау департаментінің инспекторы:
– Егер сүйіктім болса, 101 раушан гүлін таңсәріде бөлмеме әкеліп қойғанын қалар едім. Мұндай құрмет, ең алдымен, бірден көңіл күйіңізді көтеріп, қуаныш пен шаттық бойыңызды кернеп, бір сәтке болса да барлық қиындықтарыңызды естен шығарады деген ойдамын.
– Жоқ. Сыйлықты маған әкелген адам мені сыйлағандықтан, маған құрметпен қарағандықтан сыйлайды деп ойлаймын. Сондықтан сыйлықтың құны қандай болмасын, ұнасын-ұнамасын жақсы көңілмен қабылдауға тырысамын.
– Мен үшін адамның шын ниеті мен көңілінен артық ешқандай сыйлық жоқ.
– Өзім, біріншіден, анама, сіңлілеріме, әріптестеріме сыйлық беремін.
Мөлдір ЖҮСІПОВА, студент:
– Маған кәдімгі бәйшешек гүлін сыйлағанын қалар едім. Өйткені ол қар астынан жарып шыққан гүл емес пе. Бала кезімізде ауылда қыр басында жарыса жүгіріп, бәйшешек теріп алатынбыз. Күн нұрының жылт еткен сәулесінен нәр алған бәйшешектің ғұмыры да қысқа. Дегенмен жер бетінде бір сәт қана тірлік кешсе де, қаншама жанға махаббат атты құдіретті күш сыйлайды. Сондықтан мен бұл гүлді махаббаттың мәңгілік символы деп есептеймін.
– Әрине, маңызды. Сыйлықтың құнына қарай сен өзіңді қалай бағалайтынын аңғаратын боласың.
– Мен үшін ең қымбат сыйлық дейсіз бе? Ойланарлық сұрақ екен. Менің ойымша, маған бриллиант тастарынан артық қымбат сыйлық жоқ. Әзіл, әрине. Кім қандай сыйлық жасаса да, шын көңілден болса болды.
– Сыйлықты тек анама ғана жасаймын. Өйткені мен үшін ең қымбат адам анам ғана.
Назгүл АЙТКЕЕВА, сатушы:
– Маған қып-қызыл нарттай раушан гүлдерін сыйлағанын қалар едім. Өйткені алқызыл раушан әлемдегі махаббатты сөзсіз-ақ ұғындыратын символ деп санаймын. Жоқ. Мұнымен қоса, маған қан қоздыратын экстримальді, мәселен, парашютпен секіру немесе тауға шығу сияқты тамаша ләззат сыйлайтын ғажайып демалыс ұйымдастырғанын қалар едім.
– Жо-жоқ, ол не дегеніңіз. Қандай сыйлық болса да, өзіме ұнамағанын білдірмей, бірден ризашылықпен қабылдап, сыртқы қорабын сол жерде-ақ ашуға тырысатын едім.
– Мен үшін ең қымбат сыйлық, әрине, ол – шын ықылас. Ол қандай сыйлық болсын, ыстық ықыласпен берілгенге ештеңе жетпейді.
– Сыйлықты анама, әпкем мен сіңліме беремін.
Гүлдарай АБДРАХМАНОВА, мемлекеттік қызметкер:
– Маған қандай да болсын әдемі гүл сыйлағанын қалар едім. Менің ойымша, әрбір нәзікжанды адамға гүл сыйлаған ер-азамат қателеспеген болар еді деп ойлаймын.
– Жоқ, сыйлық құны мен үшін аса маңызды емес. Дегенмен маған сыйлық сыйлаған адам менің нені жақсы көретінімді алдын ала біліп алуы тиіс деп ойлаймын.
– Мен үшін жарқын көңілмен «Мерекең құтты болсын!» деген сөзден артық құрмет пен сыйлық жоқ дер едім.
– Өзім анама, әпке-сіңлілеріме, әріптестеріме сыйлықтар алуды жоспарлап отырмын.
Көріктілер қандай сыйлық қалайды?
Последние статьи автора