Ірі көлемде контрабандалық тауар тасығаны үшін айыпталып, халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық Румынияда ұсталды. Еліміздің Бас прокуратурасының ұсынысы бойынша Ренат Қарасартов Бухарестен Алматыға экстрадицияланды.
ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарасартов Қылмыстық кодекстің 209-бабы 3-бөлігінің «Б» тармағы бойынша, яғни ұйымдасқан топпен бірге экономикалық контрабанда жасағаны үшін іздеуде жүрген. 33 жастағы азамат 2005 жылы «ALUA Terminal» ЖШС бас директоры бола жүріп, республиканың кедендік шекарасы арқылы ірі көлемдегі тауарлар партиясын контрабандалық жолмен алып өткен. «Қорғас» кеден бекеті мен өзі басқаратын мекеме қызметкерлерінен құралған қылмыстық топтың құрамында болған ол кедендік декларация жасамаған. Қылмысты болған қазақстандық шекара асып кетіп, Румынияда бас сауғалапты. Қазақстан мен ресми Бухарест арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуге қатысты халықаралық келісімдер жоқ. Соған қарамастан, екі елдің құқық қорғау органдары іздеуде жүрген азаматты еліне экстрадициялау туралы өзара келісімге келді. Бұрын осындай өзара келісім қағидасы негізінде Испания, Португалия, Швеция биліктері өз елдерінде жасырынып жүрген қылмысты қазақстандықтарды қайтарған болатын. Бас прокуратура мұны Еуропа елдерінің Қазақстан құқықтық жүйесіне сенім артуы деп бағалап отыр.
Контрабандашы қазақстандық шетелден экстрадицияланды
Последние статьи автора