Конго-қырым геморрагиялық қызбасынан сақтану үшін оның табиғаттағы сақтаушы көзі әрі тасымалдаушы болып табылатын иксод кенелерінің маусымдық өзгерістерін, ауру қоздырғышының жалпы сипаттамасын, клиникалық белгілерін, жұқпалылық негіздерін білу қажет.
Конго-қырым геморрагиялық қызбасы алғашқы рет 1944 жылы Қырымда жаңа жерді иелену мақсатында келген қоныстанушылар мен әскерлер арасында болған ауру адамдар арасында зерттеліп, анықталды. Ғалымдар аурудың кенелер арқылы таралатынын және тасымалдаушы екенін дәлелдеді.
Аурудың табиғи ошақтары көптеген елдердің шөлейтті, жартылай шөлейтті аймақтарында шоғырланған, сондықтан көбіне Африка елдерінде (Конго, Кения, Уганда, Нигерия және т.б.), Косовода, Болгарияда, Қытайда, Ресейде (Ставрополь, Краснодар, Ростов, Астрахан, Қырым) және Орталық Азияда тіркелуде. Ауру 20-60 жас аралығында жиі кездесіп, олардың үлес салмағы 80 пайызға дейін жетеді. Аурудың өршуіне экологияның және климаттың өзгеруі де әсер етеді.
2011 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына конго-қырым геморрагиялық қызбасының анықталған жағдайы туралы Үндістанның Гүджарат штатынан жедел ақпарат түсті. Бұл биыл да эпизоотологиялық тұрғыдан аурудың шиеленісуі мүмкін екенін көрсетіп отыр.
Қазақстан конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары бар мемлекеттердің қатарына жатады. Белсенді табиғи ошақтар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында орналасқан. Сонымен қатар табиғи ошақтардың жандану мүмкіндігі Қарағанды, Атырау, Алматы облыстарында сақталуда.
Соңғы жылдары эпидемиялық жағдай республика көлемінде күрделі жағдайда қалуда. 2010 жылы 19 науқас анықталып, оның ішінде 17-сі Оңтүстік Қазақстан облысынан, екеуі Қызылорда облысынан болды.
Конго-қырым геморрагиялық қызбасы, вирусы бар иксодты кенелер арқылы жұғады. Кененің белсенділік мезгілі еліміздің оңтүстік бөлігінде наурыз – сәуір айларының басында басталады. Осы қауіпті аймақта жалпы саны екі миллионнан астам халқы бар 995 елді мекенде орналасқан тұрғындарға айтарым: міндетті түрде жеке бастың сақтандыру шарасын біліп, төніп тұрған жұқпадан қорғану керек.
Адам аурудың қоздырғышы бар кене шаққанда, кенелері бар жануармен қатынаста болғанда, оларды жайлағанда, қой қырықтығы кезінде және ауырған адамның қанымен қарым-қатынаста болғанда жұқтырады.
Табиғи ошақтың тұрғындары бірінші кезекте кене шағудан қорғайтын арнайы киімді далалық жердегі жұмыста қолданып, жұмыстан соң киімнің сыртқы жағын тексеріп және кенені үркітетін реппеленттерді пайдалануы қажет. Тұрғындар, әсіресе ауылдық, қолайсыз аймақтағы тұратындар тазалық ережелерін сақтауы керек. Қан сорған кенені дереу абайлап, тұмсығын денеде қалдырмауды қадағалаған жөн. Қан сорған кенеге кез келген майды, керосинді тамызып, пинцетпен немесе мықты жіппен ырғау арқылы теріден шығару керек. Егер теріде кененің тұмсығы қалса, оны тікен алғандай денеден алып және шаққан жерді иод тұнбасымен залалсыздандыру қажет.
Адам конго-қырым геморрагиялық қызбамен ауырғанда дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, келесі күні лоқсып, құсқысы келеді, іші өтеді. Содан кейін, беті ісініп, қызарады, тілінің үсті ағарады. Сырқат басталғаннан екі-төрт күн аралығында науқастың мұрнынан қан кетіп, ол үш-жеті күнге созылады, кейде асқазанға да қан құйылуы мүмкін, асқазан мен ішекке қан кеткенде, адамның үлкен дәреті қараяды. Тістерінің түптері босап, қанайды, тіпті аузынан бірнеше күн қатарынан қан ағады. Осының салдарынан науқастың жағдайы нашарлап, әлсіреп, жүректің соғуы жиілейді. Бұл ауру адамды дер кезінде емдемесе қазаға ұшыратуы мүмкін. Конго-қырым геморрагиялық қызбасының жеңіл түрі де болады. Мұндайда адамның дене қызуы ұзаққа созылмайды, тері астына қан кетіп, тіс түптері қанталайды. Бір-екі рет мұрнынан қан кетеді, содан кейін адам жеті-он күннің ішінде жазылады. Ал кей жағдайларда геморрагиялық қызба ауруынан жазылу бір жарым-екі айға дейін созылуы мүмкін.
Жеке қорғану шараларынан басқа елімізде Үкімет тарапынан жалпы кенеге қарсы күрес жұмыстары жүргізілуде.
2011 жылы наурыз айында Тараз қаласында конго-қырым геморрагиялық қызбасының біркелкі әдістемелік, алдын алу шаралар туралы семинар өткізілді.
Ауруды тұрақтандыру мақсатында биыл да Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының жергілікті атқарушы мекемелерінен кенеге қарсы залалсыздандыру шараларын, мал тұрақтарына, қолайсыз елді мекендерге санитарлық қорғаныс аймағын құруды талап етіп отырмыз.
Еліміздегі табиғи ошақтың тұрғындары арасынан 2010 жылы 14722 адамды кене шағып, соның ішінде 796-сы конго-қырым геморрагиялық қызбасына ұқсас қауіпті симптомды белгілерімен ауруханаға жатқызылып, дер кезінде профилактикалық емін алды және зертханалық зерттеу нәтижесінен 19 науқастан ғана нақты ауру анықталды.
Республикамыздың Үкіметі эпизоотологиялық қолайлы жағдай жасауды және малшаруашылық өнімінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында үш жыл ішінде 61 млрд теңге қаржы бөлінуді жоспарлап отыр. Бұл шара іс жүзінде жергілікті әкімшіліктердің және ветеринарлық қызметкерлердің белсенділігі арқасында ғана іске асады.
Геморрагиялық қызба байқалған жерде малға кене жабыспау үшін оларды дәрілеп, тоғыту керек.
Малды механикаландырылған шомылдырғыштармен тоғытқан дұрыс. Мал тұратын қораларды, сарайларды креолиннің 2-3%, гексахлоранның 1% және басқа дәрілердің ерітіндісімен дезинфекциялау орынды. Бұл жұмыстар міндетті түрде мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуы шарт.
Ауру байқалған жерді, мал қораларын және маңайын, үй ішін т.б. дезинфекциялау керек. Бұл жұмысқа мал шаруашылығы қызметкерлері, әсіресе жергілікті тұрғындар белсенді түрде қатысуы қажет. Сонымен қатар тұрғын үйлерде, мал қораларында кенелердің болмауын қадағалау керек.
Бір сөзбен айтқанда, әрбір адам міндетті түрде өз денсаулығын сақтауын, дер кезінде медициналық көмекке жүгінуін, қорғаныш құралдарын, инсектоакарицидтердің болуын, аулалардың таза болуын қадағалау керек.
Аурудың алдын алу үшін қажетті шараларды қолдану керектігін өмірдің өзі талап етуде.
Конго-қырым қызбасына қырын қарамаңыз
Последние статьи автора