Мына заманды автокөліксіз елестету мүмкін емес. Бір кездері тек ерлер ғана тақымдайтын темір тұлпарды бүгінгі таңда әйелдер де жүгендеп жүр. Сондықтан да қазіргі күні әр отбасында ек-үштен көлік бар. Автокөліксіз қалсақ, аяқтан айырылғандай күй кешеміз. Барар жерге бара алмай, жұмысымыз жүрмей, жүйкеміз тозып торығатын болдық. Содан келіп тырбанып ақша жинап немесе несие алып, көлік сатып алуға базарға асығамыз. «Базар барып, бақытыңнан көр» демекші алда не күтіп тұрғанын білмейміз. Ақшамыз жеткеніне қарай жақсысын, арзанын алуға тырысамыз. Кейде арзанның тұзы татымайтынын кеш білеміз. Өйткені соңғы кезде елімізге заңсыз әкелінетін автокөліктер қатары көбейіп кеткен. Сондықтан ұсталған көлікті сатып алғанда сақ болған абзал.
Мамандардың айтуына қарағанда, ағымдағы жылдың алты айында еліміз аумағына 300-ден аса автокөлік заңсыз жеткізілген. Заңсыз әкелінетін автокөліктер көп жағдайда Беларусь, Моңғолия, Қырғызстан елдері арқылы жеткізіледі екен. Олардың жеткізілу жолдары да әртүрлі. 2012 жылы заңсыз әкелінген көліктерге қатысты 104 қылмыстық іс қозғалған болса, 2013 жылдың жарты жылында 144 қылмыстық іс қозғалған.
Қырғыз көлігінің қырсығы
Бүгінгі таңда Қазақстан территориясында қырғызстандық нөмірмен жүрген автокөлік саны нақты қанша екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі қырғыз елінен автокөлік әкелгендер темір тұлпарын тіркеуге қоймайды. Өйткені тіркеуге қою үшін заңды кедендік рәсімдеуден өтуі тиіс. Ал заң бойынша рәсімдейін десе, кедендік баж салығы қымбат. Сондықтан олар қырғызстандық көлік иесінен сенімхат алады да, Қазақстанға келіп сонымен жүре береді. Алайда құқық қорғау органдары мамандары Қырғызстанда берілген сенімхаттың Қазақстанда жарамсыз екенін айтады. Ал қазақстандық нотариустар ондай сенімхат бермейді екен. Өйткені Кеден туралы заңға сәйкес, шетелде тіркеуде тұрған көлікті Қазақстан аумағында тек сол көліктің иесі болып табылатын шетелдік азамат ғана жүргізуге құқылы. Сондықтан да қырғыз нөмірімен жүрген көліктерге қатысты мәселенің бірі – сенімхат мәселесі болып тұр. Қырғыздық нөмірмен жүрген көліктерге қатысты екінші мәселе – көлік салығы мен техникалық бақылаудан өту және жол ережесін бұзғандардың айыппұл төлеу мәселесі. Заңға сәйкес, Қырғызстанда тіркеуде тұрған автомобильге Қазақстанда салық төлей алмайсыз. Сондай-ақ техникалық байқаудан да өткізу мүмкін емес. Тіркеуде болмаған соң қырғыз нөмірлі көлікпен жүріп, жол ережесін бұзып бейнебақылауға түскен жүргізушіден айыппұл өндіру қиынның қиыны. Сонан кейінгі тағы бір мәселе – қырғыз нөмірлі көліктер ел аумағына үш айлық уақытша мерзімге кіргендіктен, мерзім аяқталған соң, Қордай кедендік бекетіне барып қайта декларация толтырып, тағы үш ай мерзімге көлік иесінің атына уақытша рұқсат алуы тиіс. Егер уақытша рұқсат мерзімі өтіп кетсе, онда көлік иесіне Әкімшілік кодекстің 430-бабына сәйкес, 5-тен 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынып, автомобиль айып алаңына қойылады. Мұндай жағдайда айыппұлдарды төлеп, кедендік рәсімдерден өтпейінше, көлікті ала алмайсыз. Кедендік рәсімдеу: кедендік алым – 60 евро, көліктің шыққан уақыты мен қозғауыш көлеміне қарай баж салығы, 12 пайыз – қосымша құн салығы. Жалпы алғанда, жасалған мерзімі бес жылдан асқан көлік үшін төленетін шығын шамамен 2 млн теңге және айыппұлды құрайды. Сондықтан қырғызстандық нөмірлі көліктің рұқсат етілген мерзім аяқталған соң қазақстандық азаматтар ондай автокөлікті сатуға тырысады. Өкінішке қарай, бағасының арзандығына қызығып, тегін ірімшіктің тек қақпанда болатынын аңғармай, қырғыз нөмірлі көлікті сатып алып, соңынан сан соғып қалып жатқандар да кездесіп жүр. Сондықтан да арзан деп қызықпай, Қырғызстаннан көлік сатып әкелгенде, өзімізде қырғыз нөмірімен жүрген көлікті сатып алғанда жоғарыда айтылған жағдайларды ескерген жөн.
Тағы бір ескеретін жайт, Қырғызстаннан Қазақстанға уақытша деп кіргізілген көлікке рұқсат етілген мерзім біткен соң, көлік иесі қырғыз азаматының атына қайта рұқсат рәсімдеу керек. Ал егер қырғызстандық азамат уақытша рұқсатты қайта рәсімдеуге келмесе не бас тартса, онда бұл сіз үшін үлкен мәселе туындатары анық.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, қырғызстандық көліктер даудың басына айналмасын десек, Үкімет ол көліктердің Қазақстан аумағына өтуіне мүлдем тыйым салуы керек, не оларды рәсімдеуді жолға қоюы тиіс. Әйтпеген жағдайда осылай кете берер болса, үлкен дау туындауы ықтимал. Өйткені кейбір дерек көздері қазіргі күні Қазақстан жолдарында жортқан қырғыз көліктерінің саны 300 мыңнан асып жығылатынын айтады. Және олардың саны күн санап артып келеді. Ертеңгі күні қырғыз көліктерін мінген азаматтарымыз «рұқсат болмаса, неге шекарадан өткіздіңдер» деп жатса, не деп жауап қатуды бүгін ойлаған абзал-ау.
Беларусь арқылы бел асқандар
Қазақстанмен Кедендік одақ аясында екенін ұтымды пайдаланған жылпостар Литва, Польша, Германия және өзге де Еуропа елдерінен көліктерді Беларусь еліне уақытша кіргізіп, «Беларусь елінде тіркеуде болған» деп жалған құжат жасап, Қазақстанға әкеліп тіркеуге қойып, көлікке қазақстандық техникалық паспорт, мемлекеттік нөмір алып, жылдамдатып сатады. Алайда мұндай алаяқтықты дер кезінде анықтау қиын. Өйткені Қазақстанда тіркеуде тұрған көліктен сатып алушы ештеңеден күмәндана қоймайды. Сондықтан да Беларусь елінен жеткізіліп, тіркеуге қойыла сала сатылымға шыққан көліктерді сатып алғанда мұқият болған абзал. Сондай-ақ кейбір бейресми дерек көздері «қырғыз елінен уақытша кіргізілген көліктерге де Беларусь елінің көлігі деп жалған құжат жасап, Қазақстанда сатылымға шығарады» – дейді.
«Оралман» көліктер
Жалған құжатпен көлік әкелудің тағы бір жолы – Моңғол елінен де көлікке жалған құжат жасап, сол елден Қазақстанға келген оралмандардың атына көлікті жеңілдікпен рәсімдеу. Бұл жағдайда көлік құжатымен қоса, жалған оралман куәлігі де жасалады екен.
Ағымдағы жылдың 20 тамыз күні ҚР Кеден комитетінің Контрабандамен күрес басқармасы Моңғолиядан жеткізілген көліктерді тексеру барысында 169 автомобильдің жалған құжатпен әкелінгенін анықтады.
Көлікте де қулық көп
Последние статьи автора