Көкесі барлар көлігіне қымбат нөмір тағады...
Көліктің мемлекеттік нөмірінің құны күн санап өсуде. Бірақ қымбатшылыққа қарамастан, тапсырыс беретіндер өте көп. Соған қарағанда пайдалы болғаны да. Пайда болса, көлік иесіне ме, басқаға ма...
Сүйікті темір тұлпарынан ақшасын аямайтындар нөмірдің өзін бірнеше мың АҚШ долларына сатып алады. Астына атын жазады, алтынмен аптап, күміспен күптейді. Болмаса туған жылымен сәйкестендіреді. Тіпті дәстүрге айналдырып, отбасы мүшелері бірдей нөмір алатындар бар. Қала берсе, қымбат, ерекше сыйлық. Әрине, ол – әркімнің өз еркі. Бірақ көліктің «крутой» нөмірін көпшілік әсемдік үшін таңдамайды. Жол тәртібін бұзған жағдайда көп көмегі тиеді деген ой ел арасында жиі айтылады. Тамыр-таныстың аты-жөнін қолданушылық әбден қалыпты жағдайға айналды. Солайша таңдаған нөмірге де қол жеткізу болады. Көкесі бардың жолында әрдайым жасыл шамның жанатынын ескерсек, істің мәнін түсіну қиын емес. Қарапайым адамның қалтасында қара темір тұлпарына тағатын, қаңылтыр бетіндегі үш санға берер 3 мың доллар қайда? Нөмір болса болды емес пе дейтін ағалар ойының әр жағында арман неге болмасын. Әдемі, есте сақтауға ыңғайлы, мақтанып көрсетуге лайық шығар. Тек көлденең жолда қанаты бардай айдайтын көлік иелерінің өзгеге зардабы тимесе болды. Бағдаршамның қызыл түсін аяқасты көзі көрмей қалатындардың қалтасында қызыл «корочка» бар. Ал жаяу жүргіншіге жол бермейтін жүргізушінің көкесі бар. Қазіргі тілмен айтқанда, «Бір қоңырау мәселені демде шешеді». Қалған жүргізушілерде ше? «Ағалап», «бауырлап», айыппұлдың парағын пара беріп жазғызбайтынын айтудың еш ұяттығы жоқ. Бәрінің басынан өткен, айтыла-айтыла жауыр болған әңгіме. Сонда «крутой» нөмірдің кімге қандай пайдасы бар? Көлігінің нөмірі «крутойлардың» өздері де крутой болғаны ма? Ақыры дүниенің бәрі айналып келіп ақшаға тірелген екен, есептеп көрейік.
Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін төленетін кейбір айыппұлдардың мөлшері:
– көлік құралын басқару кезінде белдігін тақпағандығы үшін – 8 090 теңге;
– белгіленген жылдамдықты шамадан тыс асырғаны үшін – 8 090 – 24 270 теңге;
– жол ортасындағы қос жолақты қиып өту – 8 090 – 24 270 теңге;
– жолдың қарсы бағытына шығып кету – 24 270 теңге;
– тұрақ және орналастырып қою тәртібін бұзу – 8 090 – 24 270 теңге;
– көлік құралын басқарып келе жатып ұялы телефондарын пайдаланғаны үшін 8 090 – 11 326 теңге айыппұл салынады. Егер көлік жүргізуші екі айда бір рет ереже бұзып, айыппұл төлесе, жылына 120 мың теңгеден асады. Мұндай ақшаға, мысалы, 111 немес 222 деген көлік нөмірін сатып алуға болады. Есесіне, бірнеше жыл жол полициясы тоқтатпайды, көлікке көрік беріп тұрады. Бұл – көпшіліктің пікірі. Қорыта келгенде, кірістің басым бөлігі көлік иесінің пайдасына шешіледі. Бірақ қарсы да пікір жоқ емес. Яғни қымбат көлік пен көз қызықтырар қымбат нөмірлі темір тұлпарларды таңдап тұрып тоқтататын тәртіп сақшылары бар. Ар жағы айтпаса да түсінікті. Сонда бұл қымбатшылықтың астарында не жатыр?
Такси тоқтаттым. Қымбат көліктің рулінде 50 жас шамасындағы ер адам отыр. Мәшинеге міне сала, қауіпсіздік белдігіне жармастым. «Тақпай-ақ қой» деді жүргізуші қолындағы қызыл ала таяғын көрсетіп. МАИ қызметкері екен. «Аға, заң бәріне бірдей емес пе?» деген сұрағыма, «Кім айтты саған? Заң бәріне бірдей деп ойлайтындар – нағыз ақымақтар» деген жауап алдым. Әрине, бұл – мүлдем басқа тақырып. Десек те, ҚР заң талаптарына тәртіп сақшыларының өздері атүсті қарайтын болса, басқаға не сорым?!.
– Аға, өзіңіз МАИ қызметкері екенсіз, айтыңызшы, көліктердің қымбат нөмірлері сіз үшін дәрежеге бөліне ме, жоқ, әлде бәріне бірдей қарайсыз ба? Мысалы, жол ережесін бұзғанын көріп тұрып, көзжұма қараған сәттеріңіз болды ма?
– Әрине, бөлінеді. Аса қымбат нөмірлерді кімдер алады, көкесі барлар алады. Болмаса, ақшасы барлар алады. Ал тоқтатуға болмайтындарды тоқтатпаймыз. Әрқайсысын артынан қуып жүрмеймін ғой, хабарлай саламын. Күнделікті бір көшенің бойында тұрған соң, танып аламын да.
– Сонда сіздер жоғарыда отырған көкесі бар адамдарды танисыздар ғой? Барлығының нөмірін есте сақтау мүмкін бе? Егер байқаусызда тоқтатып қалсаңыз не болады?
– Байқаусызда деген болмайды. Бұл – біздің жеп отырған нанымыз. Егер тоқтатсақ, жұмыстан шығып қалуымыз ғажап емес.
– Ал көкесі жоқ, ақшасы барларды ше? Оларды қайтесіз?
– О-о-о, ақшасы барлар жақсы ғой.
Сұрағаныңды береді, – деп күлді ағайымыз. Оның айтуынша, көліктердің қымбат нөмірлеріне қатысты жаңа заң дайындалып жатыр екен. Енді нөмірлер аукцион арқылы сатылатын болады. Әрине, ең қымбаттары ғана. Бағасы 1 000 АҚШ долларынан басталады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап күшіне енетін заңға сәйкес, нөмір көлік иесінің жеке мүлкі ретінде тіркелетін болады. Қазіргідей құжат толтырып жүрмейді. Сатуға, мұраға қалдыруға, сыйлауға қожайынның өзі шешім қабылдайды, өз еркі. «Ал көршілес елдердегі ережелерді енгізуге қалай қарайсыз?» деген сауалыма: «Егер Ресейдегідей крутой нөмірлер белгілі қызметкерлерге ғана берілетін болса, жемқорлық көбейеді. Ал Корей еліндегідей тақ сан мен жұп санды нөмірлер белгілі күндері ғана жүреді десек, көліктің саны көбейеді. Себебі бір адамның басында кем дегенде екі темір тұлпар болады. Біреуінің нөмірі – жұп, екіншісі тақ дегендей», – деп жауап берді. Ал темір тұлпарының маңдайына 777-ні жапсырған жас жігіттің пікірі мүлдем бөлек.
Данияр Оспанов, жеке кәсіпкер:
– Нөмірімді 5 600 АҚШ долларына сатып алдым. Қымбат көлігіме қымбат нөмір ғана жарасатын сияқты. Бірақ сериясы онша емес. Оны да ақшамен жасатуға болады. Қазір тудың немесе Елтаңбаның белгісін де жапсырып алу сәнге айналды. Кейбіреулер «менің жоғарыда отырған танысым бар» дегеннің белгісі дейді. Болмаса руын жазып, жапсырып алады. Келісуге көмектеседі дейді. Жеке басым әдемілік үшін ғана сатып алдым. Бірақ көп жағдайда көмегі тиетін сияқты. Ережені бұзбай жүруге тырысамын, бұзатын кездер де болады. Сондай мезеттерде МАИ қызметкерлері байқамаған сыңай танытады. Кейде, керісінше, нөміріңнің өзі қалтаңда ақша барын көрсетіп қояды.
Осылайша, мәселенің бәрі түрлі тәсілдермен шешіліп жүр. Руыңды айт, қоңырау шал, куәлік көрсет, ақша бер тағысын-тағы. Бірақ адамның тағдырын қайта орнына келтіретін кері жол жоқ. Кінәсіз жанның қанын мойнына жүктеп, рақымшылыққа ілігетін «крутойлардың» көлігінен сақтасын!