Сириядан оралған қазақ әйелі жат ағымның жетегінде кетіп, өзге елде өткізген азапты күндерін есіне алды. Ол төрт баласын тастап Қазақстаннан кеткендегі мақсатын да айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
 
Әйел адамның сөзінше, 32 жасында намазға жығылған.
 
Төрт баланың жалғыз асыраушысы болған ол жұмыс бабымен намазын бірде оқып, бірде оқымай қалатын болған. Кейін басқа ағымдағы ер адаммен танысып, оған тұрмысқа шыққан.
 
"Ол "намазың дұрыс емес, мынау дұрыс емес" деп мені басқа жолға салғысы келді. Олардың ағымында бұл дінге кіргенде анаңызбен, бауырларыңызбен, туған-туыстарыңызбен араласуға тыйым салады. Бәрін харам деп айтады. Туған анаңыз сіз сияқты намаз оқымаса, ол кісінің де намазы харам. Оларға адам өлтіру, біреулерді ұрып, тонап кету түкке тұрмайды. Өйткені өздерін халал деп ойлайды. Өз дініне кірмейінше бүкіл дүниежүзіндегі адамдардың бәрін харам жолмен жүр деп есептейді. Сөйтіп өздеріне қатты сендіріп қоятын амалдары бар. Көбінесе бұл ағымға жастар кетіп қалады. Көнбеген жағдайда қорқыта бастайды", - дейді ол.
 
Төрт баланың анасы жат ағымға кіріп кетуіне күйеуінің қорқытуы мен қоқан-лоққысы түрткі болғанын айтады.
 
Қоқан-лоққы жасады
 
"Мен басымнан өткен жағдайды айтып отырмын. Олар (жат ағым мүшелері) қорқытып, ұрып-соғып, өздерінің адамдарына телефон соқтырып, "бала-шағаңды өлтіріп кетеді, бізге ол түкке де тұрмайды" деп қоқан-лоққы жасайды. Мен бала-шағам үшін сондай қадамға бардым. Ол кезде біз бірге тұрамыз. Тұрмыстамын. Кейін жаман қылықтар көрсетуді бастады. Әркім телефон шалып, мені қорқытты. Төрт балама кесірім тимесін деп, елден шығып кеттім. Мен одан қайда кетіп бара жатқанымызды сұрадым. "Сирияға кетеміз" - деді. "Егер менің айтқаныма көнбесең бала-шағаңды өлтіріп кетеді, біздің адамдар Қазақстанда өте көп", - деді.
Көп нәрсені айтып қорқытқан соң, артқа жол жоқ, ілесіп жүре бердім. Ресей, Грузия арқылы Стамбұлға бардым. Сол жақтан өздері паспорт жасап қояды екен. Өздерінің үйлері бар. Сөйтіп, ары қарай өздері өткізіп жібереді. Түркия шекарасынан өткізгеннен кейін өзі (күйеуі) жоқ боп кетті. Мен сол айдалада әйелдердің арасында қалдым. Арамызда басқа да шетелдің әйелдері болды", - дейді ол.
 
Әйел адам Сирияда қиналған күндерін есіне алды
 
"Сол жақта қиналған күндерімді еске түсірсем жылаймын. Мені бірінші Идлиб деген жерге апарды. Ары қарай көліктен көлікке секіріп жүріп, түнделетіп Майдин қаласына келдік. Сол жақта бомбаның астында қалдым. Бір өзім ғана аман шықтым, бәрі қырылып қалды. Бір аптадай есімді жоғалтып жүрдім, жаным тірі қалды. Әйтеуір бір шешен әйелдердің, қырғыз қыздың көмегімен аман қалдым", - дейді төрт баланың анасы.
 
Әйел адам Қазақстанда қалған балаларымен арада бір жарым жыл өткен соң хабарласқан.
 
"Қырғыз қыздың көмегімен интернет бар жерге келіп, сол арқылы қыздарымды ғаламтордан таптым. Менің Сирияда жүргенімді ешқайсысы білмейтін. Бұл дін адамды сондай күйге ұшыратады. Ол жаққа (Сирияға) барғанда ешкімнің басын сипамайды. Өлтіреді, соғысқа жібереді. Бұл саяси ойын екенін сол жаққа барғанда-ақ түсіндім. Көп әйел бұл жаққа өткеніне өкінді.
Ол жақта соғыс боп жатыр. Ешкімді аямайды. Ол жерде бүкіл дүниежүзінен келген әйелдер бар. Сол шетелдіктермен тұрдым. Бала-шағасынан айырылып қалғандар қаншама. Кейбірі естерін білмей, аяқ-қолынан ажырап қалған", - деп еске алады сол азапты күндерді Сирияда болған қазақ әйелі.
 
Шөп жеп күн көрдік
 
Қазір көпбалалы ана Сириядағы қорқынышты күндерін түс көргендей есіне алды.
 
"Барлық жер лас болатын. Мен күні бойы қалай елге кетем деген оймен жүрдім. Бір бөлмені тазалап аламын да, сол жерден шықпаймын. Көбінесе әйелдер көшеге тамақ іздеп кетіп қалады. Көшеге шықсақ, снайперлер атып тастайды. Шөп жеп күнімізді көрдік сол кезде. Көбінесе бала-шағалы әйелдер болды ортамызда. Қарасаң балаларының қарны аш жүреді, тұра алмай жылап жататын. Мен снайперлердің сағат 11-12 кезінде демалатынын байқап, сол уақытта тез-тез жүріп, балалар үшін егістіктен басы домалақ шөпті қапшыққа салып алып келетінмін. Соны жинап қарнымызды тойдыратынбыз. Егістікте жүргенде әйелдерді снайперлер атып тастаған кездер болды. Қазақстанға құр сүйегімізді сүйретіп келдік", - дейді ол.
 
Әйел адам Сирияда жүргенде емес, Қазақстаннан кеткенде қатты қорыққанын айтады. Себебі балаларына зияны тимегенін қалаған.
 
"Ол жақта қиналғанға жаның үйреніп қалады. Сабырлық керек болды, ал сабырсыз болғандардың көбісін атып жазалады, зорлады", - дейді ол.
 
 Сирияда әйелдерге бірдей қара киім берілген. Көпбалалы ананың айтуынша, көшеге шыққанда қара кимесе жазалайды, өлтіреді, тірі қалмайсың. Сондықтан әйелдер бетін жауып, көзіне дейін тор киіп алады екен. Отандасымыз елге оралғандағы алғашқы сезімі туралы баяндап, жастарды өз қателігін қайталамауға шақырды.
 
"Айтып жеткізе алмаймын. Ана жақта елге кетуді қатты күтіп жүрдім. Аллаға шүкір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жігіттері бәрімізді аман-есен алып келді. Ал құлшынып Сирияға кетем деп отырған жастарға айтатыным - ол жаққа барғанда ешкім басын сипамайды. Бүгін барса, ертең жоқ болады. Егер олардың тілін алмаса, олар өздері-ақ өлтіріп тастайды.
"Ислам" сөзі бейбітшілік деген мағына береді ғой, ал бұл өте қатыгез ағым. Адам өлтіру, үй тонау, түнде пышақтап өлтіріп кетуді де күтуге болады. Оларға өлтіру түк емес, жауыздықтың бәрі сол жақта. Жастарға айтарым, мұндай қаталдықтан бас тартсын. Қателікті қайталамасын, ол жаққа құлшынбасын. Бұл басқа дін, Құранда мұндай жоқ. Пайғамбарымыз бейбітшілікке шақырған. Ханафи мазхабы нағыз адамгершіліке шақыратын, адал дін", - деп қорытындылады ол сөзін.