Кітапханашылар тапшылығы жеті жылда 5 мыңнан асады
2030 жылға қарай кітапхана қызметкерлері бойынша қажеттілік 6 987 адамды құрайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру және оның нәтижелерін пайдалану қағидаларына сәйкес қысқа мерзімді кезеңге (1 жыл), орта мерзімді кезеңге (6 жыл) және ұзақ мерзімді кезеңге (2050 жылға дейін) арналған еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін қалыптастырады», - деп атап өтеді Тамара Дүйсенова жауабында.
Айтуынша, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін орта мерзімді кезеңге арналған еңбек ресурстары қолданылады.
«Осылайша, орта мерзімді болжам нәтижесіне сәйкес, 2030 жылға қарай кітапхана қызметкерлері бойынша қажеттілік 6 987 адамды құрайды. Оның ішінде кітапханашылар – 5 226 адам, кітапхана қызметшілері – 1 696 адам, кітапхана жұмыскерлері – 65 адам», - деді министр.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz