Кентау тұрғындары қала іргесіндегі қоқыс полигонын жабуды талап етіп отыр. Себебі: тазалыққа жауапты «Кентаужан» компаниясы тұрмыстық қалдықты тау етегіне үйіп тастаған. Шағын шаһарға тым жақын жиналған қалдықтарды жел ұшырып, көшен басып қалған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі КТК.kz-ке сілтеме жасап.
Экология департаменті де полигонның заңсыз екенін айтады. Бірақ оны жабуға екі жылдан бері ешкімнің шамасы келмей отыр.
Кентаудың іргесіндегі қоқыс полигоны екі жыл бұрын пайда болған. Жел соққан сайын төменде тұрған шағын шаһардың көшесін қалдық басып қалады. Маңындағы жайылым жерлер де ластанып, төрт түлік целлофан жеп арам қатып жатыр дейді тұрғындар.
Әбіласан Жүнісов:
- Иісі деген бүкіл қаланы алып кетеді. Жел үнемі таулы аймақтан қалаға қарай соғады. Біз соны иіскеп отырмыз. Балалар далада ойнайды. Су ластанып жатыр. Мына жердегі жаңбыр, қар суы, таудың суы келіп, осы шұңқырға құйылады. Содан жерге сіңеді де, қалаға барады. Кентау мен Түркістанға, біз сол суды ішіп отырмыз. Қазір үйде кран суын ашсаң, кішкене қоқымдар шығады. Бұрын таптаза су еді. Бәрі осыдан деп ойлаймыз.
Тынысы тарылып, қоқысқа көміліп отырған халық полигонды жабуды талап етуде. Таудың етегін тұрмыстық қалдыққа толтырған "Кентаужан" мекемесінің басшысына да бірнеше мәрте ескерту жасапты. Бірақ ешкім сөзімізді құлаққа ілмеді деп отыр.
Ділназ Сайдалиева:
- "Кентаужан" мекемесінің бастығы Руслан деген мырзаға мен бірнеше рет шыққан болатынмын. Сол кезде бұл менің жекеменшік жерім, ешқандай араласуға болмайды, «сен араласпа» деген сияқты әңгіме айтты. Осындай жауап алғаннан кейін мен үш жерге жаздым, экологияға, СЭС-ке және департаментке. Ол жақта үш айдан асты, нақты шешім келген жоқ.
Тұрғындардың шағымынан кейін экология департаменті тексеріс жүргізіпті. Сөйтіп қаланың қоқысын шығарып, сұрыптап жүрген компанияның біраз заңбұзушылығын анықтаған. Тіпті айыппұл салғанымен, оны да төлемепті. 62 гектар жерді бес жылға жалға алған кәсіпкердің қала әкімінің қаулысынан басқа бірд-бір құжаты жоқ дейді жауаптылар.
Мәди Қожатайұлы; Түркістан облысы экология департаментінің бөлім басшысы:
- Лицензия да, ешнәрсе де жоқ. Бізге берілгені қоқыс тасымалдауға хабарлама. Қоқысты үйіп қоюға рұқсаты, құқы жоқ. Ол тасымалдауға ғана алған. "Кентаужан" ЖШС-не тазалап, орнына қалпына келтіру бойынша нұсқама бергенбіз. Нұсқаманың орындалуына екі айдай уақыт бар, одан бөлек жұмысын тоқтату жөнінде сотқа талап-арыз дайындап жатырмыз.
«Кентаужан» мекемесінің басшысы Руслан Аташев сұхбат беруден бас тартты. Десе де қоқыс сұрыптауға «құқым бар» деп отыр. Сұрыпталған қалдықты апаратын ресми полигонның құжаттары дұрыс болмаған соң, амалсыз өз аумағымда сақтауға мәжбүрмін деп ақталды.
«Кәсібімді жүргізуге экология департаменті аяқтан шалып жатыр» деген ол, құзырлы орындардың бәріне шағым тастағанын айтады. Енді экологтар мен тұрғындар бір жақ, кәсіпкер бір жақ болып сотта кездеспекші.