Келлер киллерді қолға түсірді
Жуырда Тараз қаласы Пошта көшесінде орналасқан «Жұлдыз» кафесінің маңында суық қарумен қаруланған екі қылмыскер қолға түсті. Полиция майоры Юрий Келлер түнгі қызметке келе жатып, көшеде төбелесіп жатқандарды байқап қалып көмекке ұмтылады. Көздеген нысаналарының бағалы заттарын тартып алмақ болған екі жігіт пышақпен қаруланыпты. Олар жәбірленушінің оң қолынан пышақ ұрып, ұялы телефонын тартып алған.
Полицейді көре сала екі қылмыскер қашып құтылмақ болғанымен оларынан ештеңе шықпады. 19 жасар еш жерде жұмыс істемейтін қылмыскерді қолын қайырып ұстап, наряд пен жедел жәрдем шақырған. Оның серіктесі кейінірек қолға түсті. Өз қызметін шебер атқарған полиция қызметкері назардан тыс қалған жоқ. ІІД бастығы полиция генерал-майоры М.Жаманбаев Ю.Келлерді қызметтік міндетін орындауда батылдық танытқаны үшін марапаттауға ұсынды. Бір бұл емес, Келлер мұның алдында да қарулы қарақшыларды қолға түсірген екен. Өткен жылы Шу ауданында іссапарда болған ол, «Дельта-долина» ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлерімен қарулы қарсылық танытқан есірткімен айналысатын қылмыскерлерді ұстауға көмектескен. Полицейлерді көрген қылмыскерлер «Уаз-469» көлігімен құмды аймаққа бұрылып, қашып кетпек болған. Қылмыскерлер патрульдік көлікке бірнеше рет оқ атқан. Тәртіп сақшылары ескерту оғын атқаннан кейін көліктің дөңгелегіне тигізіп, қолға түсірген. Ұсталғандардың көлігінен салмағы 26 келі марихуана және 1,5 келі гашиш табылған-ды.