Қазақтың әдет-ғұрыптарының бәрі, ұлтымыздың рухани болмысын сақтап қалу үшін, адамды адамгершіліктен айырмау үшін жүз ойланып, мың толғанып, көппен келісе отырып ереже ретінде дүниеге әкелінген мәдени үрдістер.
Жаңа түскен келіннің жүзін беташарға дейін ешкімнің көруге қақысы болмаған. Себебі қазақтар келіннің беті көпшіліктің алдында ғана ашылған күнде ғана болашағы бақытты болады деп сенген. Қай кезде де келіндердің бетін ер адамдар, ақындар ашқан. Егер ақын болмаса, бұл өлең-сөзге жақын талабы бар ауылдың адамына жүктелген. Себебі беташардың тәрбиелік мәні өте зор. Ақындар келіннің бетін ашу барысында сол ауылдың, әулеттің жақсылығын айтып, кемшілігі болса өлеңмен әзіл-шынын араластырып меңзеп, сол міндердің түзелуіне әсер етіп отырған.
Қазақтың ең атақты батыры Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» атты өмірбаянды кітабында, әпкесі Үбианның келін боп түскен жерінде болған беташар туралы әдемі жазған:
«Жұрт беташар мен некеқияр қызығын күтіп, тағатсыз торуылдайды.
…Айтқандай-ақ жұрт:
– Өтеп келді, Өтеп келді, – деп шу ете қалды.
Ішке орта бойлы, тығыншықтай келбетті қара кісі кірді. Жұрт жабыла қолтықтап, ортадан орын ұсынып, жатыр. Ол өзгелерден ерекше, биіктеу көпшікке келіп жайғасты. Өтептің қақпақтай келген жауырыны мені көлегейлей берген соң, мен әжемнің иығына сүйеніп тұрып, қызыққа көз салдым.
Бір әйел қызыл шоқ салынған таба әкеліп, Өтептің алдына қойды. Өтеп болса жеңін түрініп, шоққа алақанын қыздырды да қолын созды. Сол кезде оның оң қолына оқтау ұстатты. Оқтаудың басына шеті түйілген орамал байлатты.
Өтеп иек қағып еді, үлкен үйдің есігі ашылды. Ішке екі келіншек қолтықтаған Үбиан әпкем кіріп келеді екен. Басына төгілтіп орамал бүркепті. Әлгі екі келіншек босағадан аттай бере, иіліп сәлем берді. Әпкем соны қайталады.
– Қадамың құтты болсын қарағым! Үлкен босағадан, киелі босағаданаттадың. Атаңа құрмет көрсет, – деді отқа жақын отырған бір кемпір.
Әпкем иіліп сәлем салды. Сонан соң екі қадам жасады да, Өтептің алдына келіп тұрды. Бүркеншектің шашағы жер сызып, әпкемнің аяғына дейін көміп тұр.
Кенет Өтеп даусын бір кенеп алды да, әндете жөнелді.
– Е-е-е-ей! – дегенде үйдің іші қыбыр етпей тына қалды. Өтеп
тақпақтай жөнелді.
Келін-келін келіп тұр,
Келін үйге еніп тұр.
Қайын жұрты алдында
Иіліп сәлем беріп тұр.
Келін-келін келіңіз,
Елімізді көріңіз.
Ала-құла демеңіз,
Атын айтып беріңіз.
Ақ тілеулі ағайын,
Көрімдігін беріңіз, –
Дегенде жұрт шу ете түсті!
– Береміз! Береміз! – айналайын.
– Көрімдігі даяр.
– Ертерек бетін ашып көрсетсеңші!
Осылайша ынтыға ентелеп, ел Өтепке қайта құлақ тосты.
Байтақ елдің гүлі бұл,
Бар ауылдың нұры бұл,
Өскен жердің жердің қызы бұл,
Өнегенің ізі бұл,
Көрсетпеймін келінді,
Саусағыма жүзік іл –
дегенде әжем орнынан емірене тұрып, Өтептің маңдайынан иіскеді де, қолына алтын жүзік салды. Ел тамсанып гулеп жатыр.
…Бұлақтары жосылған,
Ұрандары қосылған.
Үміт күткен досыңнан
Біздің ауыл осы маң.
Үбиан иіліп тағзым етті. Өтеп енді термелеп, әпкеме ұзақ өсиет айта бастады:
Өнегенің үлкені
Тұрақ болсын, келіншек,
Жақсылығың таусылмас
Бұлақ болсын, келіншек.
Бала-шағаң басыңа
Шырақ болсын, келіншек.
Ұсақ болмай мінезің,
Ірі-ақ болсын келіншек.
Бұл ауылға қашанда
Үлгілі бол келіншек.
Ізет-құрмет дегеннің
Білгірі бол келіншек.
Сыйласуға келгенде
Дүлділі бол келіншек.
Тірлігіңде өмрден
Кемдік көрме келіншек.
Жамандыққа ешқашан
Теңдік берме келіншек.
Ел ұйып тыңдап, ауыздарын ашып қалыпты. Әжеме қарасам, көзін сүртіп отыр екен. Өтептің сөздеріне риза болып, тебіреніп кетсе керек.
Бұл екі арада Өтеп ел жақсыларын, ауылдың абыройлы адамдарын таныстыруға көшкен еді. Ең алдымен Үбианның атасы, ауылдың ең қадірменді қарты, жасы да үлкен, орны да бөлек – қуаныш иесі Майлыбайға сәлем салдырды.
Сексенің де жеңілген,
Көргені көп өмірден.
Майлыбайдай атаңа
Сәлем салшы көңілмен.
Үбиан ерекше құрмет көрсетіп иілді.
– Көп жаса шырағым! Өркенің өссін, – деді Майлыбай дауысы тағы да
қаңылтырша қалтырап.
Өтеп енді ауылдағы өз құрдастарын, Үбианның абысындары мен қайнағаларын таныстырып, кемшіліктері мен жетістіктерін жырға қосты. Ел қыран-топан күлкіге батып қалыпты. Бір абысынын Өтеп былай таныстырды:
Ызбайланып сызылған,
Бойы келген ұзыннан.
Ұрыс десе құлшынып,
Түрі лезде бұзылған.
Отырғандар ду күлісті. Әлгі келіншек қызарақтап Өтепке тиісе берді.
– Сені ме, осыдан сазайыңды бермесем бе, сен заржақтың.
Өтеп бұл кезде өзгелерді өлеңге қосып жатқан. …Жұрт риза болып, қол соғып жатыр. Өтеп енді екі жастың татулығын айтып, өмірде сыйласып өтіңдер деген өсиетті айтып кетті. Әрі ағалық ақылым, әрі ауылдың артқан міндеті осы деп айтты.
Ер атағын ескермей,
Еріңе сен дес бермей,
Әрбір сөзін өш көрмей,
Ерте кетіп, кеш келмей,
Ынтымақта бол дейін,
Ата жолы сол дейін,
Өсиетті ұмытсаң,
Жарың сенің қор дейін.
Өтеп осы тұста әпкемнің басындағы төгіліп тұрған сәлкеш орамалды қолындағы оқтаудың ұшымен іліп алып, көтеріп тастады. Жұрт жамырап бата бере бастады».
Қазақ ақындарының арасында қыздарының бұрынғы кездері еріксіз ерге шығатынын, малы көп байлардың шектен шығып, бірнеше әйелдің үстіне тағы да әйел алуы кедейлердің қыздарына жасалған қиянат, әділетсіздік екеніндігін меңзеп, қолынан келгенше көпшілікке өлеңімен ой салуға тырысқандары да болған.
Бүгіндері термелері бүкіл Қазақстан мен Қытай және басқа да шет мемлекетте тұратын қандас бауырларымыз көптеп орындап жүрген Майлықожа Сұлтанқожаұлы да өз заманында жаңа түскен келіндердің бетін ашқан. Ғалым Әсілхан Оспанұлы ауыл-ауылды аралап жүріп, көнекөз қариялардың азуынан жинап, құрастырып 1972 жылы «Жазушы» баспасынан шығарған «Нақыл» атты жинақта мынадай бір оқиға келтірілген: «Төлеу руының бір байы төртінші әйелінің үстіне Құлшығаш руының Жортпас деген атасынан тоқалдыққа қыз әкеліп, оның бетін ашуды Майлықожа ақыннан өтініпті. Сонымен, ауыл адамдарының барлығына сәлем салып болған соң «енді кімге» дегенде ел кісілері тұрып; «Майлы-еке, өзіңізге салдырыңыз» депті. Сонда Майлықожа ақын былай деген екен:
Келін келді Жортпастан,
Үсті-басын шоқ басқан.
Төрт қатынның үстіне
Бесінші боп, қарағым,
Қайтып келдің қорықпастан?
Ақын осылайша той иелеріне бұлары нағыз сорақылық екенін өлеңмен білдірген.
Кейбірде келіннің бетін қайнысы ашатын болған. Бұндай оқиға жерлесіміз жазушы Дулат Исабекұлының «Гауһартас» атты шығармасында әдемі суреттелген. Келіннің бетін сирек те болса өз қайын атасы да ашқан. Атақты Кенен Әзірбайұлы көп қиыншылықты көрген адам болғанын оның «Базарым-ай, Назарым-ай» деп айтылатын әнінен бәріміз көпшілік жақсы біледі. Ақын атамыз жасы келіп отырған шағында ұлы Көркемжан келіншек әкеліп қуантады. Сол кезде ақын өз келінінің бетін өзі ашқан.
Бұл туралы ақынның қызы Төрткен әпкеміздің «Кенен ата» кітабында жазылған: «Ел-жұртты шақырып, үлкен той жасады. Келіннің бетін ашар ырымын біреуге бергізіп, екі баласын қатар тұрғызып қойып, келіннің бетін өзі ашты. Ақылын, өсиетін айтты, осы күнді ұзақ күткендерін есіне алды.
Сондағы:
Құтты болсын келінім аяғыңнан,
Осы еді ғой күткенім баяғыдан.
Мал-мүлкіңе ие бол арнап жиған,
Өсекшілдің сақ болғын саяғынан.
Келін келді дегенде қуанғаным,
Қуанғаннан орнымнан тұра алмадым.
Дүйім елді шақырып той жасадым,
Қуаныш қып бастарың құралғанын.
Тау-текедей тау-тасқа аттап кетпе,
Кір жастықты басыма жастап кетпе.
Колхозыңда театр, кино жоқ деп
Баламды ертіп қалаға бастап кетпе.
Қуанышым, қайрат күшім, Көркемжан!
Қуанышым, жігер күшім, келінжен! –
деген ұзақ толғауын тебірене отырып айтқаны бүгінгідей есімде. Көзіне жас алмаған жан жоқ».
Беташар қанша уақытқа созылатыны ақынға, оның өнерілілігіне байланысты болған. Кейбірде тез, ұзаққа бармай қайырылса, кейбірде біршама ұзаққа созылатын. Сырдың сүлей ақыны Нартай Бекежанұлы келін түсіргенде беташар рәсімі бірнеше сағатқа созылыпты. Бұл туралы ақынның шәкірті Айдар Достиярұлы өзінің «Өздерің білер Нартаймын» естелік кітабында былайша баяндайды: «Бет ашу рәсімі темір ұстасы, ауылдың жыршы, ақыны, Нарекеңнің сыйлас достарының бірі Берсүгірұлы Палжігітке тапсырылды. Жиналған халық Палекеңнің беташарын екі-үш сағаттай тік тұрып тыңдады».
Осы жерде айта ететін бір мәселе бар. Бүгінгінің көңілге дұрыс келмейтін бір көрінісі көрімдікті салатын үш литрлік кәдімгі шыны банкі. Бұл ыдыс көрімдік салуға арналмаған. Бұны ойлап тапқандар, түссіз шыныдан бәрі көрініп тұрғандықтан, көрімдік берушілер басқалардан ұялып көбірек ақша салсын деген ниетпен істеген. Тағы бір келеңсіздік — үй иелері банкі қоюмен қатар басқаларға осынша ақша беріңдер дегендей өздері, немесе кішкентай балаларға банкіге ақша салғызып жатуы да дұрыс емес. Кімнің қанша көрімдік беруі өзінің еркі, жағдайлары онша еместердің көп бере алмайтынын да ойлаған жөн. Біреулерді ұялтып көбірек көрімдік ақша жинаймын деген пиғыл жақсы емес.Жастардың болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Қазақтың оюлы әдемі қоржынын ортаға қойса әрі жарасымды, әрі әдемі көрінері сөзсіз.
Қазақ қашанда қуанышын көппен бөлісікісі келіп тұратын халық. Беташар осындай жүрекжарды қуаныштың бір көрінісі.
Бердалы ОСПАН,
Мәдениеттанушы