Кел, көрісейік!
Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі шетсіз, шексіз сайын даланы мекендеген Қазақ халқы ертеде Наурыз мейрамын ерекше тойлаған деседі. Қаһарлы қыстан аман шыққанына тәубе айтысып, бір-бірімен көрісіп, мал-жанның амандығын сұрасып, арқа-жарқа болатын көктем мезгілін ерекше күтетін болған.
Еліміздің Батыс өңіріндегі облыстарда Наурыз мейрамы бүгіннен, яғни, 14 наурыздан басталады. Бұл күні кәрі-жас түгел бір-бірімен көрісіп, төс қағыстырып, жақсы тілектер айтады, үйді-үйге кіріп, дастарқаннан дәм аузы тиеді. Көрісуге «Алаш айнасының» тілшілері де дайындалуда.
Көрісу ғұрпы Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында, сонымен қатар көршілес Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор облыстарында, Қарақалпақстан және Түркменстан қазақтар көп қоныстанған жерлерінде сақталған.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің кафедра меңгерушісі Алтай Тайжанұлы көрісу жоралғысы туралы былай дейді:
– Наурыз айы мерекеленіп, осы айдың 14-нен, «Көрісу салты» басталады. Бұны ертеде «АМАЛ» деп атаған.
Наурыз мерекесіне байланысты «Амал кірді», «Амал келді» деген сөз тіркестері айтылып жатады. Шығыс елдеріндегі Күн (Шәмси) күнтізбесі бойынша Наурыздың басталуы Хамал (Амал) айының 1-ші жұлдызы болып есептелінеді. «Наурыз» сөзі парсының «Жаңа күн» дегенінен шыққан. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14-наурызға cәйкес келеді. Кейбір деректерде, оны, мысалы Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша, көрісу (яғни, қауышу) күні деп те атайды. Маңғыстау өңірінде қаймағы бұзылмай қаз-қалпында сақталған бұл мерекенің түп-төркінін тарихшылар Адай тайпасының пайда болуынан іздейді. Тарихшы-археолог Андрей Астафьев жергілікті тұрғындардың жыл басын 14 наурыздан бастауы Шығыста жатыр деген тұжырымға тоқталады. Өйткені наурызды 14-інде тойлау тек Монғолдар мен Тува халықтарында ғана сақталған, - дейді ол.
Алтай Тайжанұлының айтуынша, «Амал» таңын қарсы алған әрбір үй ертемен есіктерін ашып қойып, жақсы тілектер тілейтін болған. Таң шапағымен бірге оянған жастар үлкендерге сәлем бере барса, аналар мен жеңгелер елең-алаңда есіктерін айқара ашып, қазандарын қыстан қалған сүр етке толтыратын болған. Көрісу күні ағайын арасындағы араздықтың барлығы кешіріліп, өкпе-реніштің орнын жақсы тілектер басатын болған.
Көрісу жоралғысының еліміздің батыс өңірлерінде ұмытылмай сақталып қалуының мәнісі бар.
– Еліміздің Батыс өңірлері ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін таза көшпелі мал шаруашылығы тінін сақтап келді. Ол сонымен қатар үш мың жылдай тарихы бар көшпелі ғұмыр салтын соңғы болып аяқтаған өлке болып табылады. Шығысы мен Батысында Торғай-Ырғыз өңірінен Каспий теңізінің шығыс жағалауына дейін, Оңтүстігі мен Солтүстігінде Сырдың төменгі ағысынан бастап, Маңғыстау түбегіне дейінгі аралықта қыстап, Еділ-Жайық бойын жайлаған Кіші жүз рулары өздерінің көш жолында мың шақырымнан аса жерлерді басып өтіп, белсенді көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Олар қаһарлы қыс бойы бір бірін көрмегендіктен, көктем келіп, жер аяғы кеңігесін, бір бірімен қауышып, көрісетін болған.
Бұл көрісу дәстүрі тек Қазақстанның Батысында ғана емес, бұрындары еліміздің көп жерлерінде болған. Ұзақ өмір сүрген, бізбен бірге жасасқан, бұдан біраз жыл бұрын дүниеден өткен, Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында бұндай деректер кездеседі. Бертін келе халық ұмытып кеткен, отаршыл саясат ұмыттыруға мәжбүрлеген. Бірақ, еліміздің ер мінезді Батыс аймақтарында көбірек қалып қойған, — дейді Алтай Тайжанұлы.
«Қыздың жолы жіңішке» дейді қазақ. Көрісу күнінде де қыздардың жолы үлкен болған. Тіпті, қыздарға әкесі, ағалары барып көрісіп қайтатын болыпты. Оның себебі сол замандарда қыздар ұзатылып кеткеннен кейін төркіндеп көп келе бермейтін, айлап, жылдап, әке-шешесін, туыстарын көрмейтін болған деседі. Сонымен қатар үлкендер де көрісіп келетін адамдарды күтіп отыратын болған. Бұл жоралғы бір-екі айға, тіпті кейде жыл бойы жалғасқан. Үлкендер көріспеген адамды есте сақтап: «Сен өткен жолы көріскен жоқсың», — деп ескерту айтатын болыпты. Бұл көрісу жоралғысының қаншалықты маңызды екендігін байқатады.
Алтай Тайжанұлының айтуынша, көрісу жай ғана жоралғы емес, оның тәрбиелік мәні зор:
– Көрісудің түрлеріне ой жүгіртіп көрсек, біздің халқымыз оны сағыныш көрісуі, жұбаныш көрісуі, амандасу көрісуі деп бөледі. Алайда, бұл көрісулердің бәрінің арғы жағында адамдарды бір біріне жақындастыратын достық рай жатқанын аңғаруға болады. Ұлыстың ұлы күнінен елдің күтері көп: қол ұстасып көріскесін, құшағын жазып төс түйістергесін, наурыз көже ішкесін, қырық үйден дәм татқасын, қырық қартқа сәлем бергесін, көңіл кірін кетіргесін, «көрісетін кісілер бар еді» деп сапарға шығып қайтқасын, «бетіңді қайтып көрмеспін» деп араздасқандардың бір-бірімен табысқасын жұртшылық арасында татулық, бірлік орнайды. Міне, осындай халықтық тәрбие мектебін түсіне білген жан өз ұлтының да қадір-қасиетіне жетері анық. Көрісудің де қызығы, ажары, берекесі, салтанаты, ең бастысы – тәлім-тағылымдық тұсы аз емес, — дейді ол.