Тау асып, теңіз басып әкелінген трансгенді өнімдер туралы даудың көрігі қызып кетпесе де қоғамда екіұдай пікір қалыптастырып отыр. Тағамтану саласының кей мамандары оны қоштаса, оқығаны мен тоқығаны көп болмаса да бір білері бар ауылдағы ағайын мұның астарында қандай да бір құпия барын біледі. Табиғи емес өнімдер расында ірімейді, шірімейді, сөреде айлап емес, жылдап тұра береді. Сырты жылтырап өзі ірімесе де, асқазаныңызды шірітіп жатпағанына кім кепіл?
Аштан емес, астан өлмейтініңе де кепілдік жоқ. Қолдан өсірген емес, қолдан өлтірген тағамдардың кесірінен құбыжық сәбилердің, түрлі аурулардың көбейіп кетуінің бір ұштығы осында жатқан жоқ па екен? Алайда ол туралы ресми статистикалық дерек мүлдем жоқ. Батыс ғалымдары мутацияға ұшырау – генетика ғылымының қарқынды дамуы себебінен деп есептейді. Ал гендік инженерияның Отаны саналатын Америкада гені модификацияланған өнімге кең жол ашылған. Әлемде мыңнан астам гені модификацияланған «өнер туындылары» бар. Бірақ оның тек 100-іне ғана шығаруға рұқсат берілген. Кәрі құрлықта өнімнің қорабында ГМО туралы ескерту белгі жапсырылады. Ал біздің елімізде мұндай мәдениет қалыптаспаған. Тіпті сол шетелден келген импорт өнімдерге ескерту жазылсын деп те міндеттей алмай отырмыз. Азық-түлік пен көкөністің көбісі Қытайдан келетіндіктен, онда иероглифтен басқа ештеңе жоқ. Еліміздегі №1 тағамтанушы Төрегелді Шарманов болса, осы өнімдерге шаң жуытқысы жоқ. «АҚШ ғалымдары трансгенді өнімдердің адам денсаулығына қатері жоқ екенін баяғыда-ақ дәлелдеген. Ресей ғалымдарының атүсті тексеру жасап, гені модификацияланған өнімдер адамның генін өзгертіп, күрделі ақауларға ұшыратады деп жүргені дұрыс емес» дейді. Хош, сонымен ресейлік ғалымдар бүгінде ГМО-ның артынан шам алып түсіп, түрлі тәжірибелер жасап, өз тұжырымдарын дәлелдеп бағуда. Алайда алпауыт елдің ғылыми тұжырымдамасы олардың айқайына қиқу қосуға кедергі болып тұр. Оған себеп көп... Елімізде ауылшаруашылығына көп көңіл бөлініп, жылыжай кешендері іске қосылып, көкөніс өндіру артқанымен, импорт өнімді сөреден түре қуып шығуға қауқар жетер емес. Ішкі нарық жұтап қалмас үшін Қытай, Қырғызстан, Өзбекстаннан өкіртіп тасып жатырмыз. Әсіресе қытайлық жемістер жасанды сияқты көрінетіні рас. Ұзақ сақталады. Алмасына мүлде құрт түспейді.
Ал алмұрт деген атауы бар қолдан жасалған жемісті жесеңіз қағаз шайнағандай боласыз. Бақшаңызға өзіңіз өсірген қызанақпен салыстырып көріңізші. Өзіңіздікі дәмі тіл үйірерліктей болғанымен екі-үш күннен артыққа шыдамайды. Босап кетеді. Ал қытайлық қызанағыңыз тастай қатып жата береді. Жарамдылық мерзімі жарап тұр. Осыдан кейін ойға қаласың, расында, Қытай өнімдерді гендік модификацияны қолданып өсірген бе деп. Бірақ олар дәл осыны қатаң құпияда ұстайды. Ешқандай мәлімет ала алмайсыз... Ресми емес деректерге сенсек, қызанақтың қатты болып, ұзаққа шыдауы үшін акуланың азу тісінің гендері пайдаланылады екен.
Елімізде шеттен келген өнімдерді қатаң тексеруден өткізіп, бақылауда ұстайтын қатаң тетік ендіретін кез жеткен секілді. Базарлардағы зертханалар тек зиянды заттарды, нейтраттарды тексере алады. Ал енді трансгенді өнімдерді тексеруге ешқандай мүмкіндік жоқ. Ол үшін мүмкіндігі мол, арнайы құрал-жабдықпен жабдықталған зертханалар керек. Ал біздің мұндай жетістікке қол жеткізе алмай жүргеніміз рас. Шетелдерде мұндай өнімді өндірушілерді оның тез пісетіндігі мен төзімділігі қызықтырады. Әрине тиыннан теңге сауғандар қаражатты үнемдеу үшін ештеңеден де тайынбайтыны түсінікті. Олар үшін адамның денсаулығы емес, қалтасының қалыңдығы маңызды. Ал елімізде мұндай өнімдерге шектеу қойылмағандығы мен тексеретін зертханалардың жоқтығы олардың кәсібіне даңғыл жол ашып отыр. Әрине ғылымның соңғы жетістігі дегенімізбен де әртүрлі қоспалар арқылы өсірілген өнімдердің адам денсаулығына кері әсері болмауы мүмкін емес, әрине. Кезінде осыған зерттеу жүргізген еліміздің ғалымдары қызанақтан, шұжықтан трансгеннің көп мөлшерін анықтаған болатын. Негізі, талап бойынша, мұндай қосынды 0,9 пайыздан аспау керек екен. Сонда тексеруге түскен 117 өнімнің 20-сында гені модификацияланған болып шыққан. Яғни, шекті мөлшерден, 0,9 пайыздан асып кеткен. 2007 жылы ҚР «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» заң қабылданған болатын. Кейінірек 2011 жылы біраз өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Осы заңның 34-ші бабында «Өтпелі кезеңде генетикалық түрлендірілген объектілері бар тамақ өнімдерін әзірлеу (жасау) өндіру, айналымы, кәдеге жарату және жою процестерінің (сатыларының) ерекшеліктері» деген бөлімінде «Тамақ өнімдеріндегі генетикалық түрлендірілген объектілер қауіпсіздігінің ғылыми негізделген расталуы белгіленгенге дейін олардың Еуропалық Одақ мемлекеттерінде белгіленгеннен аспайтын тамақ өнімдері құрамындағы деңгейі қабылданады» делінген. Осы заң талаптары 2008 жылы қолданысқа енгізілді. Алайда заң бар болғанымен, оның талаптарын тап-тұйнақтай етіп орындап отырмыз деп айтуға әлі ертерек. Онда трансгенді өнім нарыққа енгізілмесін деген тыйым жоқ. Кезінде Тағамтану академиясы санэпидстансымен бірлесе отырып тексеру жұмыстарын бастаған болатын. Ғалымдар тобы Үкіметке үлкен зертханалар ашып, трансгенді өнімдерді тексеру қажет деп ұсыныс жасаған болатын. Кеңестік заманда шетелден келетін өнімдердің құрамын анықтайтын санэпидстансылар кеденде орналасатын. Бұл жүйе өте тиімді-тін. Егер қандай да бір қауіптің барын анықтаса кедендегі кермеден бері өткізбей қайтарып жіберетін. Содан ел де аман, жұрт та тыныш болатын. Бүгінде ел арасында атын адам естімеген нешетүрлі аурулардың тарап жатқаны осыдан шығар? Бір ғана мысал, үлкеннің де, кішінің де сусынын қандырып жүрген атақты COCA-COLA-ны тексеріп, онда зиянды фермент, қосындылар бар екеніне көз жеткізген ғалымдар осы сусындардың сатылымына шектеу қою керек деп дабыл қаққанымен тыңдар құлақ табылар емес. Оның зияндылығын тексеру үшін үлкен зертхананың қажеті де жоқ. Қойдың ішек қарнын тазалау үшін әсіресе қарынның бүрін құрту үшін бүйенге толтырып «коланы» құйып, жарты сағаттан кейін төксеңіз қарын тап-таза болып, иісінен де арылып шыға келеді. Зияндылығын осыдан-ақ білуге болар. Ал «коланы» күніге ішетін қандастарымыздың асқазанында қандай «революция» болып жатқанын кім білсін? Ғалымдарымыз трансгенді өнімдердің құрамында зиянды заттар бар екенін анықтаса да, қайтарып жіберуге қауқары жоқ. Еліміз биологиялық қауіпсіздік бойынша Картахендік протоколға қол қойғаны белгілі. Оның талабы бойынша оған қосылған елдерге трансгенді өнім әкелуге тыйым салынбайды. Демек, мұндай өнімдерден әл-әзірге құтылмаймыз деген сөз.
Рахила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ, зейнеткер:
–Кім білген, мұндай өнімдер ақырын әсер ететін вирус сияқты шығар. Ондай өнімдерге тыйым салмаса, онда сыртына ГМО деген белгі жапсырылсын. Сонда сатып алмайтын болады. Ешкім сатып алмаса, нарықта пайда таппаса онда өздері-ақ жоғалады ғой. Немерем әлгі қытайдың кеспесін өте жиі жейді. Қанша ұрыссақ та қоймайды. Соңғы кездері шаштары сыпырылып түсе бастады. Біз сол кеспенің кесірі деп ойлаймыз. Қолдан өсірілген өнімдердің зиянды екені дәлелдеуді қажет етпейтін шығар...
Әсем ӘСІЛБЕК, биолог:
– Расында, ғалымдарымыз осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған жоғары жақтан қолдау қажет-ақ. Тек тексеріп қана қоймай содан нәтиже шығару керек қой. Кезінде ресейлік ғалымдар Қытайдың түрлі ыдыс-аяқтарынан әртүрлі зиянды қоспалар тауып еді, дереу дау шығарып қайтарып жіберді. Бізде неге солай істемейді? Бәлкім, ел арасында айтылатын қытайлықтардың әлемді «соғыссыз-ақ жаулап аламыз» дегені осы ма екен?
Ірімейтін тағам асқазанымызды шірітіп жүрмей ме?
Последние статьи автора