Инженер болуға неге икеміміз жоқ?
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауындағы жаңа индустрияландыру стратегиясын жүзеге асыру ісінің қолға алынуына байланысты, елімізде заман ағымына сай білікті кадрлар, техникалық интеллигенцияның жаңа буынын дайындау мәселесі барынша өткір сипатқа ие болып отыр. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасының алғашқы онжылдық үшін белгіленген талабы орындалды. Енді Елбасымыз еліміздің 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясын ұсынды. Мұндағы басты міндет шикізат сату ғана емес, оны өңдеу ісіне келіп тіреледі. Демек, экономикалық дамудың ендігі қозғаушы күші дамыған адам ресурсы болып табылады. Бұл ретте заманауи инженер мамандардың алар орны ерекше болмақ.
Қазір Білім және ғылым министрлігі техникалық мамандықтарға көптеп көңіл бөліп, осы салаға мемлекеттік тапсырысты көбейтіп отыр. Өйткені Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін бізге 108 мыңға жуық маман қажет екен. Оның ішінде инженер мамандарына деген сұраныс 12 мыңнан асады. Мұнымен қоса еліміздегі шетелдік компаниялар мен ұлттық холдингтер өздеріне керекті мамандардың көбін шетелден шақыртып отырғанын ескерсек, отандық инженерлерге деген сұраныстың қаншалықты артып тұрғанын аңғаруға болады. Бірақ өкініштісі сол, біздің ЖОО-лардың көбі сапалы инженер мамандарды дайындай алмай отыр.
Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Өкінішке қарай, еліміздегі техникалық университеттердің болашақ инженер мамандарды даярлау деңгейі өте төмен қарқында келе жатыр. ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасы, дәріс беру ісі көп артта қалып қойды. Ол – ол ма, Кеңес үкіметі кезінде бүкіл әлемге танылған Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың материалдық-техникалық базасы ескі. Бүгінгі заман талабына сай емес. Енді мемлекеттік ЖОО-лардың өзі осындай дәрежеде тұрғанда, жекеменшік жоғары оқу орындары туралы не айтуға болады? Бір сөзбен айтқанда, қазіргі университеттердің жағдайымен Елбасының қойып отырған талабына сәйкес ғылыми жұмыс жүргізу мүмкін емес.
Онымен қоса ҰБТ жолға қойылғалы бері, мысалы, журналистика, өнер саласын таңдаған талапкерлердің шығармашылық қабілетін сынап емтихан аламыз да, ал инженерлік мамандықтарға тапсырған үміткерлердің сол салаға бейімі, қызығушылығы бар-жоғын анықтап жатпаймыз.
ҰБТ-дан кездейсоқ жоғары балл алып, грантқа түскен, бірақ техникалық мамандыққа ебі де, құлқы да жоқ үміткерлер топ-тобымен ЖОО-ға түсіп, еш құлшыныссыз, ұмтылусыз-ақ қолына диплом алып шығады. Мүмкін, техникалық, әсіресе инженерлік мамандықтарға тапсырған талапкерлердің сол салаға қызығушылығын, шығармашылық қабілетін анықтау үшін қосымша емтихан алған дұрыс шығар. Сондай-ақ көптеген ЖОО-да, тіпті ұлттық университеттердің өзінде техникалық мамандықтарды оқытатын оқу құралы, толыққанды жазылған оқулықтар жоқ. Көбі – ескі, 70-80-жылдары шыққан оқулықтар. Енді техникалық университеттердің материалдық базасын, оқу құралдарын толықтамай жатып, қалай білікті маман даярламақпыз? Әрине, оқулықтарда физика, математика, химияның заңдылықтары әрқашан сақталады. Бірақ оны іске асыру технологиясы үнемі өзгеріп тұрады емес пе? Қазір техника, технология дегендеріңіз күн сайын өзгеріп отыр. Мәселен, таяуда техникалық университетті бітіруші бір топ жас маман өндірістік тәжірибеден өтуі үшін зауытқа барғанда, ондағы техниканы көріп таңғалған. «Біздің кітаптан оқыған бірде-бір техника мұнда жоқ», – дейді олар. Сондықтан ЖОО-лар көптеген өндіріс орнымен, зауыттармен, ғылыми-зерттеу институттарымен келісімшартқа отырып, студенттердің тек теориялық жағынан емес, тәжірибе жағынан да шыңдалуына көмектескені қажет-ақ болып тұр. Оның үстіне, білікті кадр дайындау үшін білімді ұстаз қажет. Алайда біздегі ЖОО-ларда жаңа техникалық мамандықтарға бейімделген білікті ұстаздар өте аз. Қазақстан ғылымында кадрлардың қартайып бара жатқандығын халықаралық сарапшылар да айтып жүр. Енді 60-70-80 жасқа келген ғалымдардың бірен-сараны болмаса, басым көбінің күнбе-күн өзгеріп жатқан жаңа технологиялардың барлығын сараптамадан өткізіп, елеп жатпайтыны белгілі. Ал ескі техникамен дәріс алған жас маман түрлі зауыттардағы жаңа станоктарға жақындай ала ма? Егер оны қалай қолдануды білмесе, зауыт басшысының да ондай маманды жұмысқа алмайтыны айдан анық.
Міне, осындай себептерге байланысты еліміздің экономикасының дамуы үшін ауадай қажет болып отырған техникалық саланың сапалы мамандарына зәру болып отырмыз. Сондықтан тиісті орындар жоғарыдағы көтерілген мәселелерді ескеріп, мұны шешудің кешенді шараларын қолға алса, дұрыс-ақ болар еді.
Орталық Азия университетінің Машина жасау және көлік институты директоры, техника ғылымының докторы, профессор Жұмажан Жаңбыровтың айтуынша, бұл саланы дамыту үшін БАҚ өкілдері әншілерді қалай жұлдыз қылып көтерсе, инженерлерді де солай ардақтауы қажет. Онсыз болмайды. Қазір екі өлең айтса, кез келген әнші жұлдыз болып шығады, ал бәлен жыл уақытын сарп етіп, жаңалық ашып, ғылымға үлес қосып, жаңа технология ойлап тапқан өнертапқышты ешкім танымайды. Табысы да аз. Сондықтан бұл жерде қоғамдық көзқарас өзгеруі керек. Өнертапқыштардың әрбір ашқан жаңалығын көрсетіп, жарнамалап, ал өндіріске енбей отырған ғылыми жұмыстардың өмірге енуі үшін БАҚ өкілдері, жалпы қоғам барынша атсалысуы қажет. Сонда ғана ғылым дамиды, өндіріс алға басады.