Инсульттің емін игеретін кез келді
Қазақстандағы әрбір екінші өлімнің себебі инсульттен болады. Ғалымдардың сөзіне сенсек, оны емдеудің заманауи жолдарын бүгінде дамыған елдер жақсы меңгерген. Сол үшін де 2010 жылдан бастап Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының неврология кафедрасы мен «Смағұл Қайшыбаев атындағы неврология институты» ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын Қазақстан, жақын және алыс шетел ғалымдары мен дәрігерлерін невролог мамандардың басын қосатын «Неврологияның өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференциясында биыл дәл осы инсультті емдеу тақырыбы кеңінен қаралды.
Қазақстанда жыл сайын 50 мыңға жуық инсульт алу жағдайлары орын алып, 15 500 адам көз жұмады екен. Мамандардың айтуынша, мұндай қатерге тап болғандардың 70%-ы өмір бойы мүгедек күйінде қалады. Бүгіннің өзінде елімізде инсульттің салдарынан сал болған 275 мың кемтар азамат бар, демек, инсульт Қазақстанда шешімін табу жолдарын күттірмейтін, ең өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда алып шаһарға өздерінің тәжірибесімен бөлісуге келген шетелдік мамандар инсульттің алдын алу және оны емдеу жолдарымен отандық неврологтерімізді таныстырды.
Бахтияр Гафуров, профессор, Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас неврологі:
– Инсульт әлемде өлім саны жағынан – екінші, ал мүгедектікке жетелеу жағдайлары бойынша – бірінші орында. Жыл сайын дәл осы сырқаттан әлемде 15 миллион адам көз жұмады. Алғашқы инсульттен кейін науқастардың тек 20 пайызы ғана толыққанды өмір сүру кезіне оралады. Көбі дерлік мүгедек болып қалады әрі ұзақ мерзімді емді қажет етеді. Әрбір бесінші науқаста келесі екі жылда инсульт тағы қайталанады. Ал әрбір келесі инсульт жағдайды бұрынғыдан да бетер нашарлата түседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, осыдан бес жыл бұрын әлемде инсульттің құрбаны 5 миллион болса, кейінгі үш жылда 8 млн адамға жеткен, ал бүгінгі жағдай тіпті қорқынышты. Сондықтан барша жер бетіндегі мемлекеттің білікті мамандары жиі бас қосып, инсультті жеңудің жолдарымен бөліскені абзал.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы таратқан тағы бір деректе инсульттің әлем елдері экономикасына да орасан зор шығын әкеліп жатқаны айтылған. Ұлыбританиядан келген дәрігерлердің сөзіне сенсек, АҚШ-тың өзінде жыл сайын инсультке шалдыққандарды емдеуге 55-75 мың АҚШ доллары жұмсалады екен. Сондықтан оның алдын алу тек адам денсаулығы үшін ғана емес, елдің әлеуметтік жағдайына да тікелей байланысы бар маңызға ие болып тұр.
Мамандардан кеңес
Инсульт – бұл күре тамырдың бітеліп қалуы салдарынан бас миына қанның жеткізілуінің тоқтауы (ишемиялық инсульт) немесе қан тамырдың зақымдалған жақтары арқылы қанның төгілуі (гемморрагикалық инсульт) нәтижесінде ми жасушаларының зақымдалуы әлде өлуі кезінде орын алатын жағдай. Инсульттің ең негізгі себебі – бас миына қан алып келетін тамырлардың зақымдануы. Мамандардың айтуынша, ол көп жағдайда қан тамыр жүйесінің атеросклероздық және гипертониялық бұзылыстармен қатар жүреді. Сонымен қатар қан тамырларының тромбоэмболия салдарынан бітеліп қалуы да инфаркт тудырады екен және ол көбінесе жүрек инфарктін алған адамдарда, жыпылықтаушы аритмияда, ревматикалық жүрек ақауларында және туа біткен жүрек кемістігінде байқалады. Дәрігерлердің айтуынша, бас миының инфарктісі көбіне қан қысымы жоғары адамдарда болады. Сондықтан оның алдын алу шараларын білген абзал. Инсульт әйелдерден гөрі ерлерде жиі кездеседі. Есіңізде болсын, инсульттің негізгі қауіпті факторларына: жоғары артериалды қысым, қант диабеті, холестериннің жоғары деңгейі, ішімдікке құмарлық, шылым шегу, гиподинамия, ұзақ мерзімді күйзелісті бастан кешіру, оң көңіл күйдің болмауы, егде жас және жақын туыстарында инсульттің болуы кіреді. Екі немесе бірнеше факторлардың қабысуы инсульттің пайда болу жиілігін арттырады. Егер жоғарыда аталған факторлардың бірі бойыңыздан табылса, уақыт оздырмай, аурудың алдын алғаныңыз дұрыс.
Джон Доног, ливерпульдық профессор:
– Жалпы, инсульттен кейін бір айдан соң науқастардың 35%-ы қайтыс болады, оның 80%-ы миға қан құйылудан, 20%-ы бас миының инфарктінен болады. Инсульт алған науқастардың 50%-ы бір жылға дейін қайтыс болады, ал қайталанған инсульттің болу жиілігі бір жылда – 20%. Аурудың алдын алу үшін қарапайым қағидалар мен сырқаттың негізгі белгілерін білген абзал. Қауіптің негізгі факторларынан хабардар болу қажет. Алдымен жоғары артериалды қысыммен күрескен жөн. Әлбетте, мұны тек дәрігердің көмегімен жүзеге асыруыңыз тиіс. Осыны жасасаңыз, инсульттің болу ықтималдығы екі есеге төмендейді. Эндокринологтің кеңесіне құлақ түріп, қант диабетін әрдайым бақылауда ұстау қажет. Жүрек жұмысын жақсартуға, қандағы холестерин деңгейін төмендетуге көңіл бөлген дұрыс. Дәрігердің белгілеген дәрі-дәрмектерінің көмегімен жүрек ішінде және қан тамырларда қан ұйығының (тромб) түзілуінің алдын алу керек. Шылым шегуден толық бас тартып, ішімдік пайдалануды шектеу дұрыс болады. Гиподинамиямен күрескен де өзінің жемісін береді. Яғни күніне кем дегенде 30 минут динамикалық жүктеме жасау, нақтырақ айтсақ, қарқынды жүріс, жүгіріс, велосипедпен немесе шаңғымен серуендеу, суда жүзу қажет.
Жиын жайлы бірер сөз
Неврологтердің биылғы жиыны есімі институтқа берілген Қайшыбаевқа арналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2012 жылғы конференцияға қатысушылар профессор Смағұл Қайшыбаевтың неврология ғылымын және неврологтер мектебін дамытудағы айтарлықтай еңбегін ескере отырып конференция тақырыбын «Қайшыбаев оқулары: Неврологияның өзекті мәселелері» деп атауды ұсынған. Смағұл Қайшыбайұлы Қайшыбаев еңбек жолын еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтында бастаған, неврология бөлімінің меңгерушісі, клиникалық бөлім бастығы, содан кейін Республикалық кәсіби патологиялар клиникасының бас дәрігері қызметін атқарыпты. 1972 жылдан Қазақ өлкелік патологиялар ғылыми-зерттеу институтында неврология бөлімі меңгерушісі, бөлім бастығы және директордың ғылым жөніндегі орынбасары лауазымында болған. 1976 жылдан бастап 25 жыл бойы Алматы мемлекеттік медицина институтының жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі қызметінде, 1984-1986 жылдары емдеу факультетінің деканы және ғылыми жұмыс бойынша проректор міндетін атқарды. Оның жетекшілігімен 46 кандидаттық және 13 докторлық диссертация қорғалды, бес шәкірті ҚР ЖОО-ның профильді кафедраларын басқарады, қалған бесеуі «Смағұл Қайшыбаев атындағы неврология институты» ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері. 250 ғылыми жұмыстың, соның ішінде жеті монография мен екі оқу-әдістемелік құралдың, бес өнертабыстың, екі бөлімнен тұратын орыс және қазақ тілдеріндегі неврология оқулығының және орыс тіліндегі неврологиялық терминдер сөздік-анықтамасының авторы.
Әке жолын жалғаған
Әке ісін профессор Нұрлан Смағұлұлы Қайшыбаев жалғастырды. Ол ҚР неврологтері ассоциациясының мүшесі, Қазақстан неврологтер лигасының төрағасы, Бүкіләлемдік неврологтер федерациясының (WFN) мүшесі, жоғары санатты дәрігер. Оның күш салуымен әріптес-неврологтермен бірлесіп 2008 жылы «Смағұл Қайшыбаев атындағы неврология институты» ғылыми-тәжірибелік орталығы құрылды. Нұрлан Смағұлұлына 2010 жылы дипломнан кейінгі білім берудің жетекші орталығы – Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының неврология кафедрасын басқару ұсынылды. Ол неврология саласында белсенді ғылыми-зерттеу және кеңес беру қызметін атқарды, кафедра мен Смағұл Қайшыбаев атындағы неврология институтын басқарды. «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі мен ҚазҰМУ-дың Құрмет грамоталарымен марапатталған, 80-нен астам ғылыми еңбектің авторы, талантты тәлімгер-ұстаз Нұрлан Қайшыбаев биыл 17 маусымда қайғылы қазаға ұшырады.