Әлеуметтік желіде жезөкшеліктің жаңа түрі пайда болды. Жеңіл жүрісті қыздар енді көшеде емес, инстаграмда интим қызметін ұсынатын болған. Түрлі жазбаларға комментарий жазып, клиент іздеген бұрымдылардың өз ойлағандары бар екен. Олардың бірімен Еуразия бірінші арнасының тілшісі тілдеспек болды, деп хабарлайды kaz.zakon.kz.
Жезөкшеліктің жаңа түрі пайда болғанын инстаграмда жеңіл жүрісті қыздардың жарнамасынан мезі болған қолданушылар айтып, дабыл қағуда. Әркімнің жазбасының астына пікір қалдырып, иитим-қызмет ұсынатын қыздардың саны көбейіп кеткен. Ал, мәтіндерінің сыйқы мынадай.
"Мен махаббат жасау үшін байыпты еркек дос іздеймін валентин түнін ұнататындар үшін менің инстаграмымды қараңыз".
Осы сарынды жазбалардан инстаграмда көз сүрінеді. Бір қызығы, барлық жарнама қазақ тілінде сауатты жазылған. Мұндай бойжеткендерді сөзге тарту мақсатында аккаунтына тіркеліп көрген едік, тілдесу мүмкін болмады. Көрсетілген сілтемелер арқылы өттік, құдды бір "әйелдер аралына" тап болғандаймыз. Сөйтсек, кәдімгі танысу сайты. Әр кірген адамды түрлі кейіптегі қыздардың суреттерімен азғыра түседі. Олармен сөйлесу тегін емес, әрине. Ақша төлеу қажет. Жәй картаны тіркеу мүмкін емес, тек интернеті бар банктік картаны қабылдайды. Осы тұста көңілге күдік ұялады. Яғни, алаяқтар болуы ғажап емес.
Нұрдәулет Есболғанов, актер:
"Маған "Сәлеметсіз бе, мен осындай осындай" деп бастайды. "Мен Алматы қаласынанмын", "Привет" деп бастайды. Кейін, "менің бағам 200 доллар бір күн болу" дейді. Біреуі 200 доллар ұсынады, біреуі 300 доллар ұсынады. Қаншалықты қыз әдемі болған сайын, өздерін қымбатқа қойып, сатады".
Парақшасында 226 мың оқырманы бар Нұрдәулетті мұндай қыздар жиі мазалайды екен. Жас актердің айтуынша, осындай жолмен ақша тапқысы келетін қыздар карантин уақытында тіптен көбейіп кеткен. Аудиториясы 18-24 жас аралығында болғандықтан, мұндай қыздардың әрекетінен мезі болған вайнер жас балалар үшін алаңдаулы.
Нұрдәулет Есболғанов, актер:
"Жеңіл жүрісті қыздардың былай жасағаны дұрыс емес. Өйткені ол жас балалардың ойын құртады. Сондықтан одан қорқу керек. Ал ол қыздар өздерінің денесін сатады. Ал ол қыздар өздерінің денесін сатып ақша табады. Күніне 10 немен жатса мысалы 200 доллар. Ақшаның қызығушылығына батып кеткен. Жеңіл жүрісті қыздар карантин уақытысында көбейді десем де болады. Өйткені көбісі маған дайректке карантин уақытысында жаза бастады. Инстаграм желісінде бәрі оңай ғой, үйде отырып жаза береді".
Қоғам белсендісі жеңіл жүрісті қыздардың пайда болуын трагедияға балады. "Арым жанымның садағасы" деген қазақ едік, қыздарымыз ардан аттап азғындықтың жолына түсіп жатса, бұған бәріміз жауаптымыз, дейді.
Қарлығаш Бекпатша, қоғам белсендісі:
"Қазақ халқы бұл нәрсеге жат болды ғой, қырық үйден тыю деді. Қазір қызға қырық үйден тыю түгілі, бауырының баласын бауыры тыя алмайтын хәлге жетті. Оның бәрі біздің қыз келіншектердің тәрбиесінен болып тұр. Ол менің балам ісің болмасын дегеннен кейін, бір бірімен ісі болмай кетті. Жеңіл жолмен ақша тапқан адам, бір үйреніп алғаннан кейін ол маңдайын терлетіп жұмыс істемейді. Сондықтан әр ұл қызы өсіп келе жатқан ата-ана, баласына ие болуы керек".
Инстаграм ешкім бақыламағандықтан осындай бассыздықтар көбейген. Бұл туралы СММ маман бүй дейді.
Жанасыл Болатбек, SMM маманы:
"Интернетте кездескендердің бәрін өзін жарнамалаушы қыздар деп түсінуге болмайды. Солар арқылы өздерінің пабликтерін көтеру, қосымша адам тарту ретінде пайдаланады көбінесе. Яғни, интим суреттер мен басқа да көрерменге қызықты дүниелер арқылы жарнама жасаушы адамдар өздерінің дүниелерін жарнамалайды".
Жеңіл жүрісті қыздардың нәпақа табу үшін енді әлеуметтік желіге шығуы алаңдаушылық білдіретін жәйт. Бүгінде еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін инстаграмда отырғандықтан балаларымыздың болашағы үшін алаңдап, оларды барынша қадағалауымыз қажет, дейді мамандар.