Игорь Северский: Жаһандық жылыну, айтып жүргендей онша қорқынышты емес
Владимир Радионов. Жаһандық жылыну мен оның халық, экономика және қоршаған орта үшін ықтимал салдары тек ғалымдардың ғана назарында емес, сонымен қатар саясаткерлердің, оның ішінде әлемнің белді мемлекеттерінің үкіметтерінің де назарында. Болжамдық бағалаулар бойынша алдағы уақыттары климаттың жылуы қарқынмен жалғасады, Арктика мұздығының ауданы тез қысқарады, Гренландия мен Антарктида мен Арктика мұздықтарының еруі салдарынан Әлемдік мұхит деңгейі қазіргімен салыстырғанда 4-6 метрге көтерілетіні – соңғы онжылдықтағы БАҚ беттеріндегі ғылыми жарияланымдардың басым тағырыбы осы болып отыр.
Сонымен қатар климаттың өзгеруі проблемасына қатысты сол дерек көздерінің өзінде соншама айтарлықтай сыни емес пікірлер де айтылып жатады. Климатқа не болып жатыр, алдағы уақытта одан не күтуге болады? Осы салдарды біз ҚР ҰҒА академигі, География институтының ғылыми қызметкері Игорь Северскиге қойдық.
- Игорь Васильевич, алда бізді не күтіп тұр – жылыну ма әлде мұз басу кезеңдері күтіп отыр ма?
- Климаттың өзгерісін бағалауда ғалымдар әлемі ертеден-ақ екіге бөлінген. Бір жағында алармистер (үрейшілер), олар әзірге көп, екінші жағында – сенбеушілер, біріншілердің берген бағаларына сыни көзбен қараушылар. Осы проблемаға қатысты пікір алшақтығына себеп толып жатыр.
Біріншіден, климатты бақылаудағы ұзақтық аздаған метеорологиялық стансаларда 100 жылдан асады. Осы аралықта жинақталған бақылау материалдары климаттың сипатын статистикалық негізделген түрде болжам айтуға жеткіліксіз.
Мәселе климаттық өзгерістердің ең басты заңдылығы оның циклмен қайталануында. Ұзақтығы әр түрлі табиғи циклдар көп, ал олардың өзара әсерлесу жиынтығы климаттық өзгерістердің циклдығын айқындайды.
Мысалы, исландиялық ғалымардың жақсы негізделген бағалауы бойынша, бір жарым мың жылда жерде кіші мұздық дәуірі өтіп тұрады. Ол кезеңдері климат суытып, мұздықтардың көлемі ұлғайып, мысалы, Альпада мұздықтар орманды алқаптарды да басып қалатын болған. Соңғы рет ұзақтығы 400 жылға созылған кіші мұздық кезеңі XIX ғасыр ортасында аяқталды. Әр 100 жылда Жерде жаппай мұздану кезеңі болып тұрады. Ол кезеңдерде мұздық Еуразия мен Солтүстік Американың жартысындай аумағын мұз басып тұрады.
Ол алдағы уақытта кезекті кіші мұз қату кезеңі, ал алыс келешекте – жаппай мұз қату кезеңі міндетті түрде болады деп болжам жасауға негіз береді.
Күн белсенділігінің ұзақтығы 3-11 жылдықтан бастап, 200-210 жылдық циклы мен ритмдері жақсы зерттелген. Ол атмосфералық ағымдардың циклына да әсер етері сөзсіз.
Осылардың барлығы жиынтық түрде климаттық жағдайлардың циклдық тербелісін айқындайды, ал оларды өткен ондаған жылдарғы климатты бақылау мәліметтері арқылы анықтау өте қиын мәселе. Оның үстіне атмосферадағы парниктік газдардың артуына антропогендік ықпал да бар. Бірақ сенбейтіндердің пікірінше, олардың ықпалы аталған табиғи факторлардың әсеріне қарағанда мүлдем аз. Атап айтқанда, климаттың өзгерісіне әр түрлі болжам айтуға себеп толып жатыр.
- Ал бүкіл жер шарында атмосфералық ауа температурасының көтеріліп жатқанын қалай түсіндірсе болады?
- Қате бағалаудағы тағы бір өте маңызды себеп бар – урбанизацияланған аумақтар мен ландшафтарды антропогендік өзгерістер ықпалынан ауа температурасының табиғи ағысындағы өзгерістердегі қателіктер. КСРО аумағында, айталық, климатты бақылайтын көптеген стансалар өткен ғасырдың 30-шы жылдары құрылған. Климатологияда қабылданған ереже бойынша, ол стансалардың барлығы тұрғын үйлер массивтерінен алыста салынған, бірақ одан бергі өткен 7-8 ондаған жылдар аралығында олардың көбі тұрғын үйлердің аумағында қалып, ол стансалардың мәліметтеріне урбанизацияланған аумақтың отын жағы әсерлері ықпал етуінен ол мәліметтер бұрыс жазылады.
Адамдар тұратын массивтер біртіндеп ұлғаюы себепті жоғарыда айтылған бұрыс мәліметтер де жинақтала берген және олар климат ақырын жылып келе жатқан сияқты әсер тудырған.
- Ол бұрмалаушылық әдейі болып отыр ма?
- Жоқ, олар әдейі жасалып отырған жоқ, бірақ олардың астарында антропогендік ықпал жатыр. Климатологтар бұрыннан байқаған бір құбылыс, адамдар тұратын массивтегі ауа температурасы шалғай даладағыдан едәуір жоғары болып келеді екен. Ғарыш стансаларынан жылу диапозонында түнгі мерзімдерде түсірілген суреттерде ірі елді мекендер «жылу аралдары» іспеттес болып қоршаған аумақтардағы төмен темперпатураға қарағанда бөлініп тұрады.
Біздің бағалауымызша Қазақстанда қала ортасы мен қоршаған дала аумағындағы температура айырмашылығы 8-9 градусқа дейін жетеді, ал әдеби дереккөздерінше 12 градусқа дейін жетеді. Әрине, осындай тұрғын үйлер массивтерінде қалып қойған метеостансалардың өлшеу мәліметтерін алатын болсақ, олар ауа температурасының күрт жылып бара жатқанын көрсетеді, және де Орталық Азия елдерінің ұлттық есептерінде климаттың өзгерісіне қатысты осы мәліметтер беріледі.
Қазақстан бойынша осындай соңғы есеп бойынша орташа жылдық ауа температурасының оң трендпен өзгерісі 0,036°С/жыл болды, ал қысқы ауа температурасының өзгерісі 0,046°С/жыл болыпты. Климаттың алдағы өзгерістеріне жасалған болжамдар осы мәліметтерге негізделген, және де халық пен шаруашылықты климат осылай өзгеруі ықтимал деп дайындауда.
- Ал шын мәнісінде бәрі де ондай емес пе?
- Ол мәселеге жауап беру үшін біз Орталық Азиядағы 170 метеостансаның бірдей уақыт аралықтарындағы ауа температурасы туралы мәліметтеріне талдау жасадық және «ылди-тау» геожұбындағы ауа температурасының трендінің өзгерісін зерттедік. Және де аталған стансаларды биіктік интервалы бойынша бөліп қарадық.
Сонда орташа жылдық әсіресе қысқы ауа температурасында ең жоғарғы тренд теңіз деңгейінен 500 м мен 1 мың метр биіктік аралығында екенін көрсетті. Ол аралық халық ең тығыз орналасқан және өмір сүруге ыңғайлы аралық.
500 метрден төмен орналасқан аумақ өмір сүруге онша ыңғайлы емес климаты бар, аридтік ландшафтары даладан бастап шөлейтке дейін баратын климаттық аумақ. Бұл аралықтағы халық тығыздығы өте аз. Демек бұл аралықта ауа температурасының халықтың пеш жағуынан туындайтын табиғи ауытқулары өте аз байқалады және орташа жылдық және қысқы ауа температурасының тренді бұл аралықта 500-1 мың метр аралықтағыдан өте аз байқалады.
Мың метрден жоғары тауларда орташа жылдық әсіресе қысқы ауа температурасының тренді биіктік артқан сайын 3 мың метрден жоғары жерлердегі метеостансаларда тез қысқарады. Ол метеостансалар тұрғын үй массивтерінен тыс жерде орналасқан және климаттық сипаттамалардың өзгерісін табиғи түрде тіркейді (тұрғын үй массивтерінде сияқты бұрыс түрде емес). Ол жердегі қысқы ауа температурасының орташа тренді 500-1 мың метр аралықтағыдан 9 есе төмен.
Бұл зерттеулердің негізгі қорытындысы Орталық Азиядағы климаттың нақты жылу қарқыны осы өңір елдерінің ұлттық есептерінде көрсетілгеннен есеге төмен. Урбандалған аумақтардың жылыту ықпалы әсіресе қысқы кезеңдерге тән, ол біз анықтаған суық маусымдағы ауа температурасының трендінің мәні отын жағу кезеңімен өте тығыз үйлесімділік көрсетуімен расталып отыр.
Орталық Азия жағдайында биік орналасқан таулардағы стансалар әдетте тұрғын үйлер массивінен алыста орналасқандықтан олар климаттың табиғи өзгерістерін тіркейді және дәл сол стансалардың мәліметтері алдағы ауа температурасының өзгеру ықтималдығын болжау үшін және климаттың өзгерістеріне бейімделу стратегиясын дайындау үшін қолданылуы тиісті.
Жоғарыда аталған климаттың циклдық өзгерістерін ескере отырып қазіргі ауа жылуы міндетті түрде тұрақты түрде суытуға алмасып, ал таулардағы мұздықтардың еруі кезекті мұздықтардың өсуімен алмасып отырады деп сенімді түрде айтуға болады.
ХХ ғасырда парниктік газдардың атмосферада үнемі өсу фонында – алармистердің айтуынша, климаттың жылуының ең басты себебі – екі рет суық келу байқалды: ғасыр басында және 60-70-ші жылдары. Сол кезеңдерде Еуразияның көптеген тауларында мұздықтар аумағы артты. Оған қоса айтарым, ҚазҰМУ профессоры В.С.Чередниченконың басқа да авторлармен бірге 1990 жылдары жүргізген зерттеулері Қазақстанның барлық аумақтарындағы орташа жылдық ауа температурасы тұрақты түрде теріс мәнге – суытуға алмасты. Ол Іле Алатауындағы мұздықтардың температурасына жүргізген мониторингі мәліметтерімен расталып отыр. Бұл құбылыс қаншалықты ұзаққа созылатынын әзірге болжау мүмкін емес.
- Яғни, көктемде қырғын су тасқыны мен жазғы жаппай қуаңшылық қаупі жоқ па?
- Алапат қуаңшылық пен су тасқындары бұрындары да байқалған, биыл Сахарада қар жауды. Жаһандық жылу теориясын жақтаушылар, одан кейін БАҚ-тар жаһандық жылу тудыратын алдағы апат туралы үрейлі хабар таратуда. Менің пікірімше, олай деп айтуға ешқандай негіз жоқ.
Табиғи апаттардың едәуір артуы мен одан келетін экономикалық шығындарға адамдардың өздері кінәлі.
Адам көп нәрсені тез ұмыта салады, және пайдақорлықпен өте қауіпті аумақтарды игереді – цунамиге осал теңіз жағалауларын, немесе көшкін басу қаупі бар тау бөктерлерін, өзен жағалауларындағы жайылмаларды игереді.
Табиғи апаттардың соңғы ондаған жыл ішінде көп кездесетіндігі интернеттің пайда болуымен де түсіндіріледі. Интернетпен қоса табиғи апаттар туралы ақпараттар легі де арта түсті. Және де ондай апаттар бұрын-соңды болмағандай айтылады, ал шындап келгенде табиғатта ондай құбылыстар бұрын да болып отырған. Мысалы, Сахарада қар осыдан 40 жыл бұрын да жауған. Ал Рейн өзеніндегі осы ғасырымыздың басындағы алапат су тасқыны жалғыз емес, Рим империясының кезінде су одан да жоғары тасыған екендігі анықталды.
- Ал биылғы көктемнің салқындығы, сәуірдің басында Алматыда қар жаууы соны растап тұрған жоқ па?
- Биылғы көктемнің ауа райында ешқандай өзгешелік жоқ. Мен Қазақстанда туылдым, ал менің ғылыми тақырыптарым жарты ғасырдан бері қарға, қауіпті стихиялық құбылыстарға, таудағы мұздықтарға, мәңгі тоң және осы өңірлік су ресурстарына арналған. Аталған құбылыстардың жекелеген шектен тыс мәндері мен сипаттары осы аралықта мөлшерден асып кеткен жоқ (айталық 1966 жылғы көшкін көлемі).
Бірақ ол бұрындары ондай оқиғалар болмағанын аңғартпайды. Аға буын адамдар, мысалы, Қазақстанда соңғы 20-25 жылмен салыстырғанда өткен ғасырдың 60-70 жылдары қыс қатты және қарлы болғанын біледі. Ал 1986 жылы мамырдың ортасында Алматыда, Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстан аумағында ауа температурасы суытып, молынан қар жауған болатын.
- Бұл ретте суыту – ұзақ мерзімдік тренд, ал су ресурстарының жетіспеуі – бүгінгі күннің құбылысы. Ол проблеманы сіздер мойындайсыздар ма?
- Әрине, бұл проблемада мен екі қырын атаған болар едім. Біріншісі мұз қату динамикасымен байланысты. Мұздықтардың қысқаруы соңғы 50-60 жылдағы үрдіс. Осы аралықта Қазақстан мұздықтары жылына ауданы жағынан 0,8% жылдамдықпен және көлемі жағынан жылына 1% қысқарып отырды. Егер осы үрдістер сақталатын болса, Іле мен Ертіс өзендеріне су беріп тұратын мұздықтар осы ғасырдың 80-ші жылдары толығымен еріп кетуі керек.
Ол осы аймақтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қалай әсер ететінін елестету қиын емес. Біздің бағалауымызша бассейннің мұздықтары сол өзендердегі жылдық ағатын суларының 10-20% береді. Бірақ вегетациялық кезеңнің 50% суы солардың үлесінде. Мұздықтар Орталық Азиядағы суармалы жер шаруашылығын тудырып отыр. Осы тұрғыдан мұздықтардың еріп кетуі осы аймақта үлкен проблемалар тудырады.
Екінші қыры - таулардағы қарларға байланысты. Орталық Азиядағы өзендердің суларының 60-65% үлесі осы еріген қарларға тиесілі. Осындай жағдайда қар ресурстарының қазіргі жағдайы мен оны болжау – тек су секторын тиімді жоспарлаудың ғана емес сонымен қатар өңірдегі елдердің орнықты дамуының қажет шарты.
Осы проблемалардың барлығы – ҚР үкіметі мен ЮНЕСКО-ның арасындағы келісімге сай География институты құрып отырған ЮНЕСКО-ның басшылығындағы Орта Азиялық өңірлік гляциологиялық орталықтың басым міндеттері қатарында.
- Сұхбатыңызға рақмет!