Абылай САНСЫЗБАЙ, ҚР Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ветеринария ғылымының докторы, профессор:
– Абылай Рысбайұлы, әңгімемізді өзіңіз басқаратын Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының тыныс-тіршілігінен бастасақ. Мекемедегі ғылыми жетістіктер мен ізденістер нәтижесі, ғылыми жаңашылдық көрсеткіші қаншалықты деңгейде? Ғылым ордасы бүгінгі талап үдесінен, заманауи сұраныс межесінен шыға алып отыр ма?
– Әлбетте. Жауабымды дерек-дәйектермен нақтылай аламын. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) бүгінде биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, иммунология, вирусология, молекулярлық биология және фитопатология саласында Қазақстандағы алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтардың бірі болып саналады. Институттың зерттеу жүргізуден бастап, өнім жасап шығару мен оны өткізуге дейінгі жұмыстар тізбегін үзбей жүргізуді қамтамасыз ететін ғылыми-техникалық және өндірістік заманауи инфрақұрылымы бар. Оның ерекшелігі де – сонда. Мақсатты бағытта дамып келе жатқан ғылыми-зерттеу орталығының аса маңызды жетістіктері аз емес. БҚПҒЗИ Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін ең қажетті вакцинаның 19 түрімен және 10 диагностикалық тест-жүйесімен қамтамасыз етіп отыр. Салалық зерттеу аясы тұрақты түрде кеңейіп келеді. Тек соңғы 10 жылдың ішінде институттың ғылыми қызметкерлері еліміз үшін маңызы айтарлықтай 30-ға жуық ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асырып, Қазақстанның ішкі нарығы мен шетелдерге жеткізілетін биопрепараттардың 60-тан астам түрін жасап, қолданысқа енгізді...
– Осыдан біраз жыл бұрын сіздердің ұжымның ғалымдары құс тұмауына қарсы вакцина жасап шығарғанын естіп едік. Осы туралы аз-кем тоқтала кетсеңіз...
– Қазақстан дүниежүзі бойынша құс тұмауына қарсы өз вакцинасы бар, сондай-ақ шошқа тұмауына қарсы дес бере алатын дәрі жасап шығарған санаулы мемлекеттердің қатарына кірген. Жоғары патогенді құс тұмауынан еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2006 жылы институтта Қазақстанның құс шаруашылығы саласы үшін H5N1 деген шартты атаумен ветеринарлық вакцинаны дайындау технологиясы жасалды. Ел Тәуелсіздігінің 15 жылдығы құрметіне «Қазақстан – 15» деген атауға ие болған бұл вакцина еліміздің бірқатар құс шаруашылығында сынақтан өтті және қазіргі уақытта ол институтта дайындалады.
Басқа да маңызды әрі нәтижелі ісіміз көп. Айтар болсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің желісі бойынша еліміздің агроөнеркәсіптік кешендерін қой шешегіне, ұсақ күйіс қайырушы жануарлар обасына, қойлардың контагиозды эктимасына және құс тұмауына қарсы вакциналармен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ БҚПҒЗИ соңғы екі жыл бойы мүйізді ірі қара трихофитиясына қарсы вакцинаны Түркияға экспорттап келеді. Ғылыми ізденіс пен жаңашылдыққа талпыныс аясы уақыт өткен сайын өз көкжиегін кеңейте түсуде және еліміздің мүддесі үшін кеңейе де бермек. Оған ғалымдарымыз бен ғылыми қызметкерлеріміздің ізгі қызметтері дәлел.
Ұжым ғалымдары денсаулық сақтау саласы үшін де үздіксіз ізденіс үстінде. Мұны, ең алдымен, ғылыми қызметкерлеріміздің ғылыми әлеуетінің жоғарылығымен байланыстырар едім. Институт ғалымдары республикамыз үшін айтарлықтай инновациялық ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Атап айтар болсақ, Қазақстанда бірінші рет денсаулық сақтау саласы үшін пандемиялық тұмауға қарсы A/H1N1Refluvac және A/H5N1 Kazfluvac вакциналары жасалып, отандық ғылыми институттар мен Ресейдің халықаралық танымалдыққа ие ірі ғылыми орталықтарында клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтті. Клиникалық зерттеулер нәтижесі рефлювак және казфлювак вакциналарының барлық параметрлер бойынша еуропалық және халықаралық талаптар мен вакциналарға қойылатын талаптарға сәйкес келетіндігін анықтады. Сынақ барысын бақылаған Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары қазақстандық вакциналардың жоғары сапасы мен қауіпсіздігін атап көрсетті. Атап айтар жайт – институтымыздың медицина және ветеринария саласында ғылыми қызметтің нақты нәтижелеріне және зияткерлік меншікті енгізу игілігіне қол жеткізуіне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың отандық ғылымды дамытуға мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету жөніндегі ықпалды тапсырмасы, сондай-ақ ҚР «Ғылым туралы» және «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» жаңа Заңдарының қабылдануы өзінің оңды әсерін тигізді. Сонымен қатар ғылымды дамытудың, жүргізілетін ғылыми-зерттеулер деңгейін көтерудің, олардың әлемдік стандарттарға сәйкес болуының маңыздылығына ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мырза да ұдайы көңіл бөліп келеді. Қазақстандық ғылымның бәсекелестігін арттырудың тетігі – білікті мамандарды даярлау. Бұл бағытта ҚР білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов мырзаның бұйрығымен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына мамандарды мақсатты даярлау үшін 2012-2013 оқу жылына магистратурадан биология, биотехнология, экология, ветеринарлық медицина және ветеринарлық санитария мамандықтары бойынша 21 орын бөлінді, биология, биотехнология және ветеринарлық медицина мамандықтары бойынша PhD докторанттарын дайындауға үш орын бөлінді. Бұл ғылымға, ғылымның болашағына деген нақты қамқорлықты көрсетеді.
– Институттың шетелдік жетекші ғылыми орталықтарымен байланысы қандай?
– Өте тығыз байланыста әрекеттенеміз. Институт ғалымдарының ғылыми нәтижелері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO, Швейцария), Дерттерді бақылау орталығы (CDC, АҚШ), Нидерландиялық вакцина институты тағы да басқа дүниежүзілік танымал орталықтар мен беделді халықаралық ұйымдардың лайықты бағасына ие болып отыр. Көптеген жас маманымыз бен ғылыми қызметкерлеріміз шет мемлекеттерде білімін жетілдіріп, тәжірибелерін шыңдап келеді. Бұл үрдіс өз қалпынан ауытқымайды деген сенімдеміз.
– Институттың алдағы жоспарлары төңірегінде де ой бөлісе отырсаңыз...
– Әрине. Ғылым саласының үнемі ізденісті талап ететіні анық. Мемлекет қамқорлығының арқасында біздің институттың базасында ҚР-ның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлемдік стандарттарға сәйкес биопрепараттар шығаратын заманауи, жоғары технологиялық өндірістік кешен құру жоспары бар. Тағы бір атап өтер жайт – заманауи шындықты ескере отырып, біздің институт бүгінгі таңда туберкулезге қарсы қазақстандық вакцина жасаумен үлкен қажырлылық таныта отырып айналысуда. Сондай-ақ басқа да отандық вакциналар мен диагностикумдарды жасау бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізудеміз. Қорыта айтар болсақ, біздің институттың ғалымдары биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарсы эпидемиологиялық және қарсы эпизоотикалық іс-шараларды жүргізу бойынша мақсатты бағыттағы жұмыстар атқаруда. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын шешу – институт қызметінің басты бағыты. Алдағы уақыт еншісіне қойған мақсаттарымыздың бірі – институт ұжымы институтты Қазақстан және Орталық Азиядағы биологиялық қауіпсіздік, биотехнология, молекулярлық биология және эпизоотология проблемалары жөніндегі ірі ғылыми орталыққа айналдыруды жоспарлап отыр.