Голландиялық картопты Қарағандылық өнім ығыстырмақ
Бұйырса, картоптың «королі» – Голландияға қол жаймайтын боламыз. Қарағанды облысы Абай ауданы Көксу ауылындағы «Астро-Агро» ЖШС Қазақстан ғана емес, Орта Азия нарығынан Голландияның картоп тұқымын жеткізушілерді ығыстырмақ. Сөйтіп, импорт алмастырушы отандық өнімдерді сырт елде саудалауды мақсат етіп отыр. «Вируссыз шағын түйнектер негізінде іріктелген картоп өсіру» жобасымен өндірілетін өнімнің басымдығы – картоп тұқымының тазалығы, жоғары өнімділігі, түрлі топырақ-климат жағдайларына бейімдігі мен экологиялық саулығында. Бұл бағытта серіктестік өздері өсіретін 42 сортты картоптан жартылай голландиялық негізде вируссыз түйнек алуға ден қоюда.
«Астро-Агро» ЖШС басшысы Александр Шимпф қазақстандық ғылыми орталықтармен (Алматы қаласындағы қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ, Астана қаласындағы ҚР Ұлттық биотехнология орталығы) және Еуропаның «Агрика», HZPC сияқты белгілі фирмаларымен байланыста. 2006 жылдан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Зерттеулер картоптың вирустық аурулары егістің толық жойылуына соқтыруы мүмкіндігін көрсеткен (мәселен, жыл сайын осыдан келетін әлемдік шығын 90 млн тоннаға дейін жетеді екен).
Екінші бір проблема, Қазақстанның өзі жылына картоптың іріктелген тұқымының 95 пайызын шетелден сатып алады. «АстроАгро» да – осы қатарда. Әр жылы Голландиядан 30-45 млн теңгеге тұқым алумен келеді. Ол тұқымның 1 тоннасы – 1000 евро, одан да қымбат.
Серіктестіктің баға саясатында оның тоннасының құнын 400 евроға дейін түсіру қарастырылған. Осылайша, картоптың аудандастырылған вируссыз тұқым шаруашылығы жүйесін енгізу импортты алмастырмақ. Сол үшін жыл бойы (2006-2008) шаруашылықта тәжірибе жұмыстары жүргізіліп, жоғары сапалы вируссыз шағын түйнектер алынған. Технологиялық кешенді зертхана зерттеуге мол мүмкіндік береді.
Александрдың бұл қадамына Германияға көшіп барып, сонда өзі құрған «Агротех Гмбх» компаниясының бас директоры болған Валентин де қолдау көрсеткен. Ол осыдан жеті жыл бұрын «Астро-Агрода» өткен халықаралық семинарда былай деп ашық айтқан: «Біз «Фонтанэден» бас тартатын боламыз (голландық сорттардың бір түрі). Ол бізді екі рет жерге қаратты: сақталуы нашар. Одан да қазақстандық сорттарға және өз селекциямыздың өнімдеріне басымдық береміз».
Ал «Астро-Агро» ЖШС басшысы Александр: «Картопты голландиялықтардың бізден сатып алғанын қалаймын!» – дейді.
Дерек:
Картоп шаруашылығы Голландияда басқа елдермен салыстырғанда едәуір жақсы дамыған. Голландияда картоптың орташа өнімділігі 400-500 ц/га құрайды. Жыл сайын Голландия картоптың жалпы түсімінің үштен екісінен астамын экспорттайды екен. Голландиялық ғалымдар мен картоп өсіруші фермерлер, зор тәжірибеге ие бола отырып, картоп өсіру технологиясының дамуына зор үлесін қосты.