Гелендвагенмен болған жол апаты: Таксиші жігіттің туыстары 12 млн теңге талап етті
Алматыда Гелендваген жүргізушісі өліміне себепкер болған Бақытнұр Құнапияұлының бауырлары осындай соманы талап етіп отыр.
Қытайдан Қазақстанға ұшып келген Қалиқазы мен Аманғазы Құнапияұлдары бүгін қылмыстық іспен танысу үшін адвокатқа жолықты. Олардың пікірінше, күдікті Ильяс Кардың отбасы марқұмның қос ағасынан кешірім сұраған.
Алайда зардап шегушілер өз талабын айтқан соң хабарсыз кетіпті. Кенже бауырынан айырылған ағайындылардың ендігі жоспары қандай?
Қылмыстық іспен енді танысып жатыр. Себебі, Қытайдан Қазақстанға жеткен беті осы. Жасы 70-тен асқан анасы елге келе алмапты.
Айтуларынша, Гелендваген көлігімен 3 адамды опат қылған күдіктінің туыстары кешірім бер деп алдарынан өткен. Зардап шегушілер інісінің өтеуі ретінде 12 млн теңге сұраған. Осыдан кейін қарсы тарап ұшты-күйлі жоғалды дейді.
Қалиқазы Құнапияұлы, марқұм Бақытнұр Құнапияұлының ағасы:
- «Бізге кешірім берсеңдер» деп жылап-еңіреп келгеннен кейін анасы жігіттің қарсы жақты соққан. Бір отбасыны бағып жатқан кәсібі бар азамат. Соған біз көп талап қылмадық. 12 млн талап қылдық. Талап қылсақ «Жұма күніге дейін жауап береміз» деп бізді айтып қойып, одан кейін артынан атсыз аяқсыз қалдырып қойған. Кеше түнде қарсы жаққан хабарласқанбыз. Хабарлассақ «Сотта бітіреміз» деді.
Жол апатынан қаза тапқан 33 жастағы Бақытнұр Құнапияұлы 2004 жылы атамекенге келген. Марқұмның бауырлары шығын көлемін есептеген. Апатқа ұшыраған Мицубиси несиеге алынған екен. Көлік иесі бос уақытында банктегі қарызын жабу үшін жолаушы тасымалдап, ақша тапқан.
Аманғазы Құнапияұлы, марқұм Бақытнұр Құнапияұлының ағасы:
- Машина да ішінде. Шыққан шығын да ішінде. Адамның жасап осы өмірге келген 32 жасы да ішінде. Біз ең жеңіл талап қойдық. Біз албаттан албат кешірмейміз. Жоғалған ақсақ лақты да Жуңго заңында болса қалған 200 мемлекетте төлем болады.
Бүгін Алмалы аудандық соты қаза тапқан Бақытнұр Құнапияұлының ағаларына адвокат тағайындады. Өтініш негізінде бірер күнде аудармашы бекітілмек. Себебі, жақында басталатын сот процесі орыс тілінде өтеді.
Ержігіт Нұртай, адвокат:
- Ол жерден шын мәнінде қашып кеткен. 1 күн жүріп жаңағы алкогольдің бәрі бойына тарағаннан кейін қайтып келген. Ол туралы тергеуші айтады. Бірақ бізде басқа дәлелдер бар. Тергеушімен мен сөйлестім. Іспен таныстым.
Өткен жылдың 29 желтоқсанында жол талғамайтын Гелендваген Абай мен Сейфуллиннің қиылыстарында Мицубисиді бүйірден соғып, қарсы жолға шығарды. Қайғылы оқиға таңғы 5-тер шамасында болған. Соның салдарынан Мицубисиді тізгіндеген жүргізушімен қоса, белгілі актриса Шолпан Елгезекова мен оның құрбысы Динара Хамитова қаза тапты.
Апаттан аман қалған актриса Айзада Сатыбалдиева өткен аптада ауруханадан шығарылды.
Қазір қылмыстық іске қатысты тергеу аяқталып, құжаттар сотқа жіберілді. Оған Алмалы аудандық сотының судьясы Роман Селицкий төрағалық етеді.