Ержан ҚАЗЫХАНОВ, ҚР сыртқы істер министрі:
– Ержан Хозеұлы, ЕҚЫҰ СІМ кеңесі аяқталды. Біз үшін қандай қорытындылар жасауға болады?
– ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлер кеңесінің 18-отырысы өз мәресіне жетті. Біз де ЕҚЫҰ бойынша «Үштіктің» жұмысын аяқтадық. Бұл отырыста сөз алғандардың Астана саммиті мен Астана декларациясын тілге тиек етпегені болмады. Оны өздеріңіз де естідіңіздер. Еліміздің ұйымға төрағалық етуі көпшілігінің есінде тек жақсы жағынан қалыпты. Оны екіжақты кездесулерден байқадым.
Жалпы, біздің тарапымыздан ЕҚЫҰ аясында көп шаралар атқарылды. Тұтас Еуропа мен ұйым Қазақстан жайында көп нәрсе біліп қалды. Еліміздің тәжірибесінен де түртіп алатын дүниелері көп болды. Бұл жағынан Венадағы елшілігіміздің үлесі зор. Біз де литвалықтарға төрағалықтарын атқарысуға көп көмек қолын создық. Енді, міне, ирландықтармен де кездесу өткізіп, бірігіп жұмыс істеуге келістік. Өйткені олар да біздің қолдауымызды қалайды және бізден ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеуді сұрап отыр. Ал алдымызда ұйымның үш өлшемі бойынша қыруар жұмыстар күтіп тұр. Біз осы жұмыстарға да баса көңіл бөлетін боламыз.
– Бұл сапардың басқа да тиімді жақтары болды ма?
– Мен үшін екіжақты кездесулер маңызды болды. Себебі мұндай көлемдегі конференциялар шетелдік әріптестеріңмен кездесіп қалуға мүмкіндік береді. Әйтпесе әрқайсысымен кездесу үшін маған олардың елдеріне бару қажет болушы еді. Ал бұл кездесулердің арқасында мен шамамен он сапарымды қысқарттым. Былайша айтқанда, «бір оқпен екі қоян аттым».
– Расымен де, бұл отырыс аясында бір емес, қатарынан бірнеше кездесулер өтті. Сол екіжақты кездесулердің маңыздылығына қарай қысқаша баяндай кетсеңіз.
– Кездесу барысында көп нәрсе талқыланып, біраз дүние келісілді. Оның ішінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен болған кездесуді айрықша атап өткім келеді. Бұл менің сыртқы істер министрі ретінде Хиллари Клинтонмен бірінші рет кездесуім болатын. Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысымен бірнеше рет кездесу ұйымдастыруға оқталып едік, бірақ әртүрлі жағдайға байланысты мүмкін болмай жүрді. Негізінен, әңгіме күн тәртібінде тұрған саяси, экономикалық және гуманитарлық мәселелер төңірегінде өрбіді. Ең бастысы, біз Қазақстан-АҚШ бірлескен комиссиясының деңгейін сыртқы істер министрлерінің деңгейіне дейін көтеруді келістік. Бұл ұсынысты Хиллари ханым қолдады. Алдағы уақытта болатын сапарымызда комиссияның деңгейін көтеру келісіміне қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бұл Вашингтонда болуы мүмкін.
Бұдан басқа, виза мәселесі де шешілуде. Қазақстан мен АҚШ арасында бесжылдық визаны ашайын деп отырмыз. Сонымен қатар визалық тарифті де реттемекпіз. Бізде Ауғанстан бойынша күн тәртібінде үлкен мәселелер бар. Бүгінде транзит мәселесімен айналысып жатырмыз. Алда ядролық қауіпсіздік бойынша Сеул саммитіне дайындық жұмысы тұр. Күн тәртібінде тұрған шаралардың ауқымы өте кең. Бұл саммитке Мемлекет басшысының қатысуы да жоспарланғандықтан, дайындық жұмыстарын қазірден бастап кеттік. Америкалықтармен ядролық қарусыздану және таратпау шеңберінде кең ауқымды бағдарлама дайындап жатырмыз.
Алдағы уақытта өтетін сайлауға дайындық жұмыстарын да сөз еттік. Осы жерде айтып өтейін, жиын барысында ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары жөніндегі демократиялық институт бюросының жетекшісі Янеш Ленарчич мырзамен де кездесіп, сайлауға дайындық барысын талқыладық. Олар бізге өздерінің миссияларын жібермек. Біз техникалық құқықтар жөнінде де сөйлестік. Мен оны сайлауалды дайындықтан хабардар еттім. Сондай-ақ сайлауға сегіз партия қатысатынын, сайлауға қатысты съездерін өткізіп, кандидаттарын ұсынып жатқанын жеткіздім. Жалпы, сайлауды барынша әділ өткізуге күш салатынымызды, сонымен қатар көппартиялы Парламентке қадам басып бара жатқанымызды да айттым. Бұл жаңалықтарымның барлығын ол өте жақсы жаңалық деп қабылдады. Парламенттік Ассамблея да, Адам құқықтары жөніндегі демократиялық институт бюросы да өз миссияларының жетекшілерін белгіледі.
– ЕҚЫҰ төрағалығынан бері бір жыл уақыт өтті. Содан бері еліміздің беделі қаншалықты деңгейге көтерілді?
– Жалпы, еуропалық бағыт бойынша жақсы имидж қалыптастырдық деп ойлаймын. Бізбен санасып, мойындайтын болды. ЕҚЫҰ СІМ Кеңесі отырысы барысындағы кездесу ұсыныстарының барлығы менің емес, шетелдік әріптестерімнің тарапынан жасалды. Осыдан-ақ олардың елімізге деген қызығушылығын, сондай-ақ аймақтық және еуропалық проблематикалар бойынша, жалпы жаһандық мәселелер бойынша бізбен бірігіп, тығыз жұмыс істегісі келетіндерін аңғаруға болады.
Осы жерде ерекше атап өтетін дүние ИЫҰ Сыртқы істер министрлері конференциясының төрағасы болғандықтан, еуропалық әріптестерімді Ислам ынтымақтастық ұйымы шеңберінде болып жатқан үдерістерден хабардар еттім. Сонымен қатар, әрине, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы келе жатқанын да атап өттім. Әріптестерім де еліміздің 20 жылда жеткен жетістігі мен Елбасының рөлін айтып, құттықтаулар жолдады.
– Жылдың соңын немен қорытындылаймыз? Алдағы уақыттың жоспарынан хабардар етсеңіз.
– Алдағы шараның бірі – ТМД-ның мерейтойлық саммиті болмақ. Бұл осы жылдың қорытынды шарасы десек те болады. Өздеріңіз білесіздер, 1991 жылы желтоқсанның 21-і Алматыда Алматы декларациясына қол қойылған болатын. Мәскеуде ТМД-ның саммиті өтеді. Сол жерде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі мен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммиті болады. Ал желтоқсанның 19-20-сы күндері Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалықты қабылдайды. Бұл өте маңызды кезең болғалы тұр. Сөйтіп, келесі жылдан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық қызметін атқарамыз. Бұған қоса, келесі жылдың маусым айына дейін жалғасатын Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық қызметіміз бар.
– Литваның төрағалығына қандай баға бересіз?
– Менің ойымша, негізінен, ЕҚЫҰ-ға төрағалық тым амбициялы болмау керек. Оны литвалықтар да біледі. Литва төрағалық ету барысында өздеріне жоғары мақсаттар қойған жоқ. Десек те, қауіпсіздік, Днестр маңы аймағындағы шиеленістерді реттеу, Таулы Қарабақ мәселесі бойынша жеткен азғантай жетістіктеріне қарап, литвалықтар ұйымдағы балансты сақтай білді деп баға беруге болады. ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қаптаған проблемаларға қарасаң, ұйымның абыройын сақтап қалудың өзі – жетістік. Меніңше, осы жағынан Литва төрағалығын абыройлы атқарды. Литваның үлкен ресурстары жоқ, бірақ төрағалығы барысында Литва келешек Еуропалық одақтың мүшесі болатындықтан, одақ елдері тарапынан үлкен қолдау тапты. Біз де «Үштіктің» мүшесі ретінде оларға белсенді түрде көмек көрсеттік. Сондықтан да ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы оң шешіммен қорытындыланады деген үміттемін.
– Бонн қаласында өткен Ауғанстан мәселесіне арналған конференция бойынша Қазақстанның ұстанымы қандай болмақ?
– Ауғанстан мәселесі жөнінде өткен Бонн конференциясы бойынша Қазақстанның ұстанымы айқын. Бұл мәселеге байланысты барлық бастамаларға прагматикалық тұрғыдан келеміз. Ең бастысы, бастамалардың барлығы адамдардың жағдайын жақсартуға бағытталса болды. Өздеріңіз білесіздер, америкалықтар «Жібек жолы» бастамасы аясында әртүрлі экономикалық жобалар ұсынып отыр. Егер бұл жобалар жүзеге асып жатса, Қазақстан үшін де, аймақ үшін де тек қана пайдалы болмақ.
Ауғанстанның келешегі үшін әркім көрпесіне қарай көсіліп, қолдан келген көмекті жасауда. Бұл жағынан Қазақстанның қамқорлық шаралары ашық әрі айқын. Жалпы, Ауғанстан проблемасы бойынша атқарылар жұмыстар әлі көп. Бұған «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» жұмылмасақ, аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылық болмайды.