Елімізде қарасораны кәдеге жарату ісі әлі күнге жолға қойылмай отыр. Мамандар Шу алқабындағы жабайы қарасорадан дәрі жасап, қатерлі ісік ауруларын, семіздік пен қан қысымын емдеуге болатынын жиі айтып жүр. Тіпті 2004 жылдары Қазақстан-Германия біріккен кәсіпорны құрылып, Шу алқабындағы қарасорадан мата, автомобиль өндірісіне қажетті материалдар шығаруды қолға алған да екен. Бірақ басталған іс соңына дейін жетпей тоқтаған. Күні кеше ғана Парламент Мәжілісінің Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов елімізде есірткінің шикізат базасы болып табылатын қарасораның проблемасын шешу қажеттігін көтерген кезде депутат Дариға Назарбаева бұл мәселені Шу өңірінедәрі-дәрмек шығаратын зауыт салу арқылы шешуді ұсынды.
Халық қалаулысы Д.Назарбаева Шу өңіріндегі 140 мың гектарға тарта қарасора алқабынан жыл сайын 5 мың тоннаға жуық марихуана (есірткі затын) әзірлеу ықтималдылығын алға тартты. «Сондықтан оны криминалдық мақсаттарға емес, халыққа пайдалы істерге қолдануымыз керек».- дейді ол.
Дариға НАЗАРБАЕВА, Мәжіліс депутаты:
–Мен біздің қарасораға қатысты көзқарасымызды тұтастай өзгертуді ұсынамын. Қарасора – бұл криминалдық мақсаттарда пайдаланылатын есірткі заты ғана емес, бұл сонымен қатар ауыл шаруашылығының түрлі бағыттағы пайдалы дақылы. Қарасорадан жасалатын препараттар бүгінде әлемде ракпен, ЖИТС дертімен сырқаттанғандарға пайдаланылады. Мәселен, бұлар Израильде, Чехия мен Канадада, Голландияда қолданылып жүр. Онымен қоса, қарасора есте сақтау қабілетіне қатысты ауруларда, альцгеймер науқастарына қолданылады. Сондықтан да әлемнің бірқатар елдерінде қарасораны арнайы өсіру қолға алынған. Тіпті қарасорадан әлемде 25 мыңға тарта өнімдер шығарылады. Біздің құқық қорғау органдарымыз қаншама жылдар бойы Шу алқабындағы жабайы қарасорамен күресіп келеді? Осы күреске бюджеттен қыруар қаражат жұмсалды. Бұл тиімді ме? Жыл сайын сол баяғы сауалдар қайталанып жатыр. Ендеше, бүгінгі күні жабайы қарасораны пайдалы мақсаттарға, соның ішінде медицина, халық шаруашылығы салаларында пайдаланатын уақыт жетті. Сондықтан Шу алқабындағы жабайы қарасора қаптаған жерлерді ірі фармацевтикалық компанияларға беруіміз қажет. Мұндай компаниялар осы алқапта зауыт салып, пайдалы өнімдер шығаратын еді.
Шынында да қарасораның пайдалы жағын ескеруіміз қажет-ақ секілді. Егер осы іске инвестиция тартып, дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салатын болсақ, бұл бюджеттің бүйірін толтырып, сол аймақтағы тұрғындарды жұмыспен қамтыр еді. Қалай десек те, осы аймақты күзету үшін бөлінетін қыруар қаржыны үнемдеп, оның орнына өндіріске қаражат жұмсасақ, мұның пайдасы мол болатыны сөзсіз.
Кеңес ҮШБАЕВ, фармацевтика ғылымының докторы, профессор:
–Кеңес үкіметі кезінде Шу алқабынан жинап алынған қара сора шөбінен кендір жіп пен өте сапалы кендір майын дайындайтын ірі зауыттар болған. Бірақ оның барлығы жабылып тынды. Негізінен бұдан ауруды тыныштандыратын дәрі жасап шығаруға болады. Сонымен бірге қарасорада ағзаға күш беретін протеиннің негізі бар. Егер одан дәрі жасаса, ол ағзаны тазартып, иммунитетті көтереді. Мысалы, қарасора құрамының 60-70 пайызы адам психологиясына әсер ететін заттарға жатпайды. Керісінше, оның құрамындағы марихуана экстрактілерін қатерлі ісік, эпилепсия мен шизофрения, семіздік пен қан қысымын емдеуде пайдалануға болады. Тіпті шетелдік компаниялар марихуанадан крем шығарып отыр. Сонымен бірге қарасорадан тері ауруларының барлығын дерлік емдеуге болатын дәрі жасап шығаруға болады. Сондықтан есірткі шөптерін өңдеп, дәрі шығаратын зауыт салсақ, бұл еліміздің медицинасына, экономикасына орасан зор пайда әкелер еді.
Медицина ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері Ерасыл Әбілқасымовтың айтуынша, қарасораның қалдығынан балықтарға, құстарға күнжара жасап беруге де болады екен. Тіпті сабын, сусабындарға қарасора майы қосылатын көрінеді. Міне, көрдіңіз бе, адам өміріне қаншама зиян келтіретін есірткінің өзін жарата білсек, пайдасы көл-көсір болатынын осыдан-ақ аңғаруға болады. «Негізі Шу алқабындағы есірткіні жоямыз деу – бекершілік. Оны қанша өртегенмен, жоя алмайтынымызға көзіміз жетті. Сондықтан оны пайдалы істерге қолдануымыз қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы шетелден инвестор тартып, дәрі-дәрмек шығару ісін қолға алатын уақыт әлдеқашан жетті. Бізде есірткілік дәрілер өте көп. Барлығы шикізат күйінде жатыр. Бірақ өзіміз дәрінің бәрін шетелден сатып алып отырмыз. Егер осы есірткілік дәрілерді өзімізде өңдеп шығаратын болсақ, онда еліміздегі фармацевтика саласы да, экономикамыз да қарқынды дамитын болады»,- дейді Ерасыл Әбілқасымов.
Қалай десек те, қоғамға қанша зиянын тигізіп отырған есірткіні пайдалы іске жаратуымыз керек. Шу алқабындағы жабайы түрде өсіп жатқан есірткі шөптерді пайдалансақ, одан мол табыс табуға болатынын мамандар да айтып отыр. Бірақ өкінішке орай, бізде кәсіпкерліктің дамуына кедергі жасайтын бюрократиялық кедергілер өте көп. Әйтпесе дамыған елдердің көбі мұндай өсімдіктерді өздері арнайы өсіріп, пайдаға батып отыр. Қай жағынан да пайдалы шаруадан бас тартпағанымыз абзал секілді.
Есірткі дәрісі қандай болар екен...
Последние статьи автора