Есепте бар, еңбекте жоқ орманшы әкім болып шықты
Шетел аң-құстарын қорғап әлек, біз құртып әлекпіз. Турист деп ел шетіне ендірген шетел азаматтары аң-құсымызды аяусыз атып жатса да селк етпейміз. Шын мәнінде олардың өз еліндегі аң-құсқа тиіспей, қазақтың даласындағы жан-жануарға неге шүйлігіп жүргенінің байыбына бармай жүрген секілдіміз. Шетелде заң қатал. Аң-құсты біздегідей жосықсыз атқызбайды. Аумағы атшаптырым саябақтарына жат жұртты аттап бастырмайды. Бастырғанның өзінде атаңның құнын сұрайды. Лимит алу үшін қомақты ақша талап етеді. Өкінішке қарай, бізде бәрі керісінше болып тұр. Шетелдіктерге ғана еркіндікті берген жоқпыз, өзіміз де қолымызға мылтық алып, онсыз да «Қызыл кітапқа» енген аң-құстарымызды аяусыз қырып жатырмыз. Ең өкініштісі сол – қолына мылтық алып жүргендердің дені табиғатты қорғаушылардың өздері. «Ет бұзылса тұз себер, тұз бұзылса не себеді?» деген қазақтың мақалы осындайда еріксіз ойға оралады.
Екі жылда жануарлар саны екі есеге азайған
Сорақысы сол – аң-құстарымыздың азаюына адам факторы үлкен әсер етіп отыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір деректерге көз жүгіртіп көрелік.
2012-2013 жылдар аралығында Шығыс Қазақстанның аң аулау аумақтарында суырдың саны 157 мыңнан 125 мыңға, тиін 21 мыңнан 14,5 мыңға, бөдене 58 мыңнан 48 мыңға, кекілік 6 мыңнан 3 мыңға дейін кеміген. Яғни екі есе азайған. Өткен жылмен салыстырғанда, сібір елігінің саны 16 200-ден 14 000-ға, маралдардың саны 3900–дан 3700-ге, дала қояны 76 мыңнан 69 мыңға, түлкі 17 мыңнан 15 мыңға, күзен 14 мыңнан 12 мыңға, борсық 13 мыңнан 11 мыңға, жанаттың саны 3 мыңнан 1,5 мыңға дейін азайған.
Бұл – Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінің ұсынған деректері. Прокуратура мамандары 2012-2013 жылдар аралығында жануарлар әлемін молықтыру, қорғау және пайдалану мәселелері бойынша арнайы тексеру жүргізген көрінеді. Тексеру барысында анықталған деректердің бір парасы осы.
Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі:
– 2011 жылы облыстың құқық қорғау органдары 108 құқық бұзушылықты анықтаған, 2012 жылы – 78, ал 2013 жылдың 9 айының ішінде 64 істі анықтаған.
Баспасөз қызметінің ұсынған деректеріне сүйенсек, орманшы қызметі бекітілген учаскеде фенологиялық байқау журналдары мен тексеру күнделіктері мүлде жүргізілмейді екен. Орманшыларда учаскелердің карта-схемалары атымен жоқ көрінеді, тіпті жануарлар дүниесін тұрақты пайдалану және қорғау идеялары да насихатталмайды екен. Сонымен қатар аумақтағы аң шаруашылығында орналасқан аншлагтар мен баннерлер стандарттарға сәйкес келмейді екен. Олардың көбі қолдан немесе қолда бар материалдардан жасалған, зақымдалып, бүлінген көрінеді.
Әсіресе жануарлар әлемін лайықты есепке алу және оны өткізу кезінде мерзімдердің сақталмауы алаңдатады. Мысалы, аюдың санын есепке алу шаралары 1 ақпаннан 31 наурызға дейін өткізілуі тиіс. Алайда осы жылы Глубокое ауданының жауапты орындары аталған есепті сәуірдің 5-7 аралығында жүргізген, яғни бекітілген мерзімнен кешіккен. Ал Тарбағатай ауданының аң аулау аумақтарында жануарлар әлемін есепке алу 2011 жылдан бері мүлдем жүргізілмеген. Бірлестіктің бұрынғы төрағасы осы жылдың мамыр айында жұмыстан босатылыпты, ол тиісті есепті жүргізбегенін растап отыр. Бұрынғы төраға есептік құжаттарды құрастырған кезде Семей ауданаралық аң аулау қоғамы бірлестігінің жануарлар саны туралы оңды мәліметтерді көрсете салған. Осы тектес фактілер облыстың басқа да аумақтарында кездеседі.
ДЕРЕК
Соңғы деректер бойынша елімізде сүтқоректінің – 180, құстың – 500, бауырымен жорғалаушылардың – 52, қосмекенділердің – 12, балықтың 104-ке жуық түрі бар көрінеді.
731 орманшының орнына 91 орманшы жұмыс істеп жүр
Бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігіне 19 аң шаруашылығы бекітілген екен. Оның аумағы 21 миллион гектарды құрайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған аумақтарда 731 орманшы жұмыс істеуі тиіс екен. Алайда қоғамдық бірлестіктерде тек қана 191 орманшы тіркеліпті. Оның өзінде олардың 143 орманшысы штаттан тыс қызмет атқарады екен, шындығын айтатын болсақ, олар басқа мемлекеттік ұйымдар мен коммерциялық кәсіпорындарда жұмыс істейді. Мысалы, Күршім аудандық аңшылар мен балықшылардың қоғамдық бірлестігінің аңшысы Қалғұтты ауыл округінің әкімі болып қызмет атқарса, ал тағы бір орманшы мен аңшы әскери бөлімде жұмыс істейді екен. Сол сияқты Семей қалалық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігінің орманшысы Семей қалалық наркологиялық диспансері басшысы лауазымында болса, тағы біреуі 200 шақырым қашықтықта, Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде қызмет атқарады екен. Яғни есепте бар, еңбекте жоқ орманшылар. Бұл да –облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің ұсынған деректері.
Бір қызығы, қызығы емес, сорақысы –заңбұзушылықтың алдын алуға тиіс Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясының өзінде заңбұзушылықтар көп орын алатын көрінеді. Аталмыш қызметтің негізгі міндеті – аң аулау ережелерін сақтау, жануарлар және өсімдіктер әлемін қорғау, осы бағыттағы әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды алдын алу, анықтау және жолын кесу болып табылады. Алайда бұл мекеме уәкілетті органдар анықтаған заңбұзушылықтарды тіркеумен және олар бойынша процессуалдық әрекеттерді жүргізумен ғана шектелген. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл салада заңсыз аң аулаған азаматтарды қылмыстық жауапкершіліктен босату фактілері жиі кездеседі екен. Мысалы, 2012 жылдың 24 сәуірінде Бесқарағай аудандық ішкі істер бөлімінің екі қызметкері Ерназар ауылының үш тұрғынын ұстап, олардың автокөлігінен маралдың тұтас етін табады. Бірақ әлгі браконьерлерге қылмыстық іс қозғалмаған (келтірілген залалдың мөлшері 300 АЕК көлемінен аспауы себебінен), тек аңсыз аң аулау фактісі бойынша хаттама ғана толтырылған.
Еліктер неге қырылып жатыр?
Соңғы жылдары өңірдегі еліктер саны да азайып бара жатқан көрінеді. Тағы да сол адам факторының әсерінен. Бір мысал келтірейік, жыл сайын Көкпекті ауданы, Самар ауылы – Добролюбовка – Маяк – Белое – Шұғылбай – Бөкен өзенінің оң жағалауы – Сарықамыс шығанағына дейінгі жерлерде еліктің қоныс аударуына байланысты 15 қазаннан бастап аң аулауға тыйым салынатыны белгілі. Алайда бұл шектеуге құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Көкпекті ауданы, Қойтас ауылының тұрғыны Ғабдуллин Әжібектің айтуынша, еліктің еті мен мүйізіне құныққандар өз істеріне түн ауған шақта кіреседі екен. Олар еліктің етінен фарш жасап, сататын көрінеді. Түн ауғанда көшетін қалың елікке оқ жаудырғандар құлағанын алып, жараланғанын қуаламайтыны белгілі. Қансыраған жануарлар бірнеше шақырымға дейін сүйретіліп барып өледі екен.
– Біз таң сыз бере тебіндегі жылқыны байқауға барамыз. Белес-белесте браконьерлердің қолынан өліп немесе қансырап жатқан еліктерді көргенде жүрегіміз ауырады, – дейді ауыл тұрғыны Рүстем Қантаев.
Облыстық орман және аң шаруашылығы басқармасы жедел қызмет отрядының басшысы Василий Ткаченко заңсыз аң аулағандарға қатысты айыппұл мөлшеріне өзгеріс енгенін айтады. Енді браконьерлер заңсыз аң аулағаны үшін 300 айлық есептік көрсеткіш, яғни 520 мың теңге және еліктің өзі үшін қосымша 173 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді екен.