Жуырда қаладағы бір мектепке жолымыз түсті. Қоңырау соғылып, оқушылар сыртқа шыққан кез екен. Шуылдасқан дауыстан құлақ тұнады. Бірін-бірі қуаласып ойнасқан балалардың дауысы айналаны у-шуға бөлеп тұр. Назарымызды ерекше аударған, дұрысы көңілге көлеңке түсірген бір көрініске тап болдық. 5-6 сыныптың оқушылары-ау шамасы. Екі қыз бір баланы тепкілеп жатыр. Ер баланы бірі басынан мықтап ұстап алыпты, ал екіншісі аяғымен әлгі теуіп жатыр. Мына көрініс жүрегімізді суытты. «Алаш айнасы» интернет-газеті осы мәселеге орай ой қорытқан еді.
Қар күреп жүрген қария кісі әлгілерге «Әй, қыз баласыңдар ғой, мыналарың ұят емес пе, өздеріңді дұрыстап ұстасаңдаршы» дегенін құлаққа ілетін олар жоқ. Алысып-жұлысып ойнағандағы түрі осы болар. Жағамызды ұстадық. Ойпыр-ай, баяғыда әжеміз ұл баланы теппек түгілі тіпті қол көтеруге болмайтынын құлағымызға құйып отыратын. Ер адамның киімі жерде жатса, оны аттап өтпек түгілі аяқпен бастырмайтын. «Іліп қойыңдар, жерде аяққа басылып жатпасын» деп тіпті сырт киіміне де отырғызбайтын. Ер адамның өзі түгілі киіміне де құрмет көрсетуді бала жасымыздан үйретті. Сол тәрбие, ұрпақтар жалғастығы қайда кетті бүгінде? Ерін силамайтын, беттен алып, төске шабатын, қол көтермек түгілі тебетін әйелдер қайда шықты бүгінде? Осы мәселенің салдарына емес, себебіне үңіліп көрелікші...
Қамшы да кетті, билік те кетті...
Бұрын десеңіз, өткенді көксеген боласыз. Бірақ кешегісіз бүгін жоқ екені тағы ақиқат. Еркектің айтқаны айтқан, дегені деген заман келмеске кеткені рас. Бүгінгілер ақылдасып, бір шешімге келеміз деп жақауратқанымен, бұрынғылардың айбыны күштірек болғаны рас қой. Қатыны «құтырып» бастаса ақылымен үйіріп, болмай бара жатса қамшының көмегіне жүгінетін аталарымыз қандай мықты болған десеңші. Дегеніне көнбеген қатынды сабап-сабап сабасына түсіріп отырған. Одан бала да азған жоқ, заман да тозған жоқ. Ол кезде тіптен ажырасқан деген атымен болмаған. Бұл енді ауаны бөлек әңгіме. (Ал бүгінгілер айтқанға да көнбейді, қолы тисе, тіптен өршиді). Отағасылары есігіне берік, еліне беделді болған. Әкенің сесін, қаһарын, айбынын көріп өскен бала соған сай болып, ары қарай алып кетті. Ал бүгінде жалғызбасты ана тәрбиелеген, балабақшада, мектепте, жоғарғы оқу орнында тек нәзікжандылардан тәлім алған ұрпақ тым нәзіктеніп бара жатқандай ма қалай өзі? (Ұрпақ тым ұсақталып барады деп айтуға ауыз барыңқырамайды). Оның үстіне бұрынғыдай ата-әженің тәрбиесінен кеткен ұрпақ үлкеннің айтқанына мойнсұна қоймайды. Ақырзаманның балалары ұрпақтар үндестігін, ұлттық салт дәстүрді, ырым тиымды ескіліктің қалдығы деп түсінеді. Сосынғысын тым қазақбайски болып көрінгісі және жоқ. «Тепсе тепсін, онда тұрған не бар? Соны да әңгіме қылып...» деуі де мүмкін кейбір тым «өркениеттеніп» кеткен замандастарымыз. Сонда үлкенді сыйлайтын, алдын кесіп өтпейтін, ұрпағына үлгілі тәрбие беретін ұл-қыз қайдан шығады? Ұрпағын қақ-соқтан тиып ұстаған ата-әжелеріміз бүгінде өткен шақтағы тұлғаларға айналған сияқты. Әрине оларды өткен шақпен ғана еске алатынымыз өкінішті. Өзгенікіне өлерменденіп, өзінікін күресінге лақтыруға құмар ұрпақ іріп шіріген қоғамға айналдырып жарға жыға ма? (Бетін әрі қылсын). Отбасындағы тәрбие де, үлгі-өнеге де еркекті құрмет тұтудан басталады меніңше...(Ауылдағы әжемнің пәлсапасы). Меніңше дұрысы да осы...
Баланы емес, ата-ананы тәрбиелеу керек-ау...
Бүгінгі орта буын кешегі қып-қызыл кәмөнөс көкелеріміз тәрбиелеген ұрпақ. Солардың балалары. Басынан бақайшағына дейін атеист болған аталарымыз балаларын да солай иді. «Әйел мен еркек тең» деп ұрандатқан ұрпақ еркектің төрдегі басын көрге сүйреді. Бар абыройдан жұрдай етті ... дей алмаспыз, бірақ бұрынғы бедел, биліктен арда болғаны рас енді. Әйел билеген үйде өскен қыз еркекті қалай қадірлесін? Оның үстіне бүгінде ажырасқан әйел көп. Еркекке деген жеккөрініші басым әйел қызын да қарсы қойып тәрбиелемесіне кім кепіл? Толыққанды отбасында тәрбиеленбеген қыздың еркектерді қадірлей қоюы да екіталай-ау... (Көпке топырақ шашпаймыз бірақ бір қарын майдың обалына қалатын құмалақтарды да жоқ дей алмайсыз)... Мұның астарында қазақ қоғамын іштен іріткен, болашағын буынынан үзгелі тұрған зұлмат кең етек жайып бара жатқан соң күйінгеннен айтамыз. «Әкесін хандай күт, балаң патша болады». Бұл пәлсапа бүгінгіге жүрмейді. Күреп табыс таппайтын әкесін үнемі балаларының алдында жер қылып отыратын ана өзін де жерге тығатынын қайдан білсін? Ондай әкеде бедел бола ма? Басын көтеріп сөйлей алмайтын әкені ұл қызы қайдан сыйласын? Беделі болмаған соң билігі де жоқ әкені баласы мен әйелі билеп жатса, ол әйелдің емес, үйелменіне үлгі бола алмаған азаматтың да жамандығынан шығар, кім білген?! Осылайша бүгінгі қоғамда ат тұяғын тай басып, алдыңғы толқынның ізін кейінгісі адаспай қуалаған рухани мүгедек ер адамдардың тізбегімен толықтырылып отырған жоқ па? Мәселе осында. Келеңсіздіктің бәрі осындай елеусіз жәйттерден басталмай ма. Оған кінәлі тасқабақ заман шығар. «Ата-бабаларымыз үйткен, бүйткен...» деп әңгіме бастаңызшы бүгінгі ұрпақ «пин кодқа» түсіп қалуы мүмкін. Тыңдағысы жоқ. Техногенді ұрпақ бұрынғы бұрыс, бүгінгіні дұрыс деуі мүмкін. Ата-бабалары жүрген жолды тезірек «жерлеп» тастап, жаңа заманауи «сал-дәстүрге» сүйенуге құмар. Ұзын сөздің қысқасы: құндылықтары өзгеріңкіреп тұрған құбылмалы уақытта әйел-аналарымыз, қыз-келіншектеріміз өзінің қазақы табиғатын жоғалтып алмаса дейміз. Әлемді әлдилейтін әйелдеріміз ұрпағын ұлттық тәрбие атты уызға қандырып тәрбиелесе дейсің. Кешенің көшіне емес, өркениеттің өзіне бет түзеген шақта ұрпағымыз ұлттық ұстыннан айнымаса екен дейсің...
Дәулет қажы ИСАБЕКОВ, имам:
– Әйел адамның еркекті тебуі әрине, күнә. Мұсылманшылыққа мүлде жат нәрсе. Қыздарымыз осындай қылыққа жол берсе оған анасы кінәлі. Қызының жат қылықтардан бойын аулақ ұстауына анасы бағыт бағдар беріп отыруы тиіс. Егер әйел еркекке қол көтеру былай тұрсын, тебуге дейін барса, ол әйелдің тамыры нәрсіз боп қалуы мүмкін. Әйелдің жәннатқа кіруі қиын. Ол ер-азаматын қадірлеу арқылы, құрметтеу арқылы жәннәтқа кіруі мүмкін. Сол үшін бүгінгі ұрпақты ата-бабаларымыз ұстанған салт-дәстүрлерді бойына сіңіріп өсіруіміз керек.
Еркекті тебуге бола ма?
Последние статьи автора