Ердің жасы елу ме?...

Ұлттың бүтіндігін құрайтын байлықтың ен басында ер-азаматтардың денсаулығы тұр. Демографияңыз да, елдің әл-ауқаты да ер-азаматтардың күш-қуатына байланған. Десек те, қазіргі ахуал бізді алаңдатпай қоймайды. Елу дейтін жігіттің тепсе темір үзетін дер шағында «жүректен қайтыс болыпты», «инсульт алыпты», «инфаркт болыпты» дейтін жайсыз хабарларды жиі еститін болдық.

Бірнеше жыл бұрын алпысқа да толмаған екі бірдей әкеміздің інісінен тепсе темір үзгендей жасында кенеттен айырылғанда, сансырап қалғандай болып едік. Бүкіл өмірін бейнетпен өткізіп, енді балаларының қызығын көретін жаста кілт үзілген көкелеріміздің қазасы жанға батты. Көп ұзамай отбасылық жолдастарымыз да сол жастағы ағаларынан бірінен кейін бірі көз жазып қалды. Одан кейін таңертең алаңсыз жұмысқа кеткен тағы бір досымыздың кешке мәйітін арыстай қылып көтеріп келген күн... Ер жетіп келе жатқан бала-шаға, етек-жеңін жиып үлгермеген отбасы, орта жаста жесір қалған жеңгелердің зары жүректі шымырлатады.

Қарап отырсақ, қоғамда барлық мәселе маңызды, ана денсаулығы дейміз, бала келешегі дейміз. Алайда, екінші кезекке ысырылып қала беретін ер-азаматтардың денсаулығы керісінше өзекті сипат алып бара жатқанына енді жүрдім-бардым қараудың жөні жоқ.

Мәселен, былтыр қыркүйек айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Лондон империялық колледжі мен Жұқпалы емес аурулармен күрес жөніндегі Альянс (НИЗ) жариялаған мәліметтерге көз жүгіртіп көрелік. Адамның өмірін жалмамай қоймайтын төрт дерттің қатарына: созылмалы қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, респираторлық аурулар мен сусамыр, яғни қант диабеті кіреді. Осы есептік баян­дамада жұқпалы емес кеселден жыл сайын әлемде 41 миллион адам қайтыс болатыны және оның 17 миллионы жасына жетпей (70 жасқа дейінгілер) көз жұматыны тайға таңба басқандай көрсетілген.

Зерттеулерді жүргізу барысында 180 мемлекеттен жиналған мәлімет зерделеніп, жұқпалы емес аурулардан болатын өлім-жітім деңгейі жоғары және төмен елдердің тізімі жасалған.

Елеңдетерлік жағдай, әйелдер мен ер-азаматтар арасындағы көрсеткіште кәдімгідей айырмашылық бар екені байқалады. Зерттеу жүргізіп отырған ұйымдар осы жағдайға сүйене отырып, ер-азаматтар мен әйелдердің жұқпалы емес аурулардан қайтыс болу деңгейі қай елде қандай деңгейде екенін көрсететін келесі тізімді ұсынып отыр.

Мысалы, жұқпалы емес аурулардан азаматтары ең аз көз жұматын елдердің көшін Оңтүстік Корея, Жапония, Испания, Швейцария, Сингапур бастап тұр. Сол сияқты ерлері 30 бен 70 жас аралығында аз қайтыс болатын мемлекеттер қатарын Исландия, Швеция, Норвегия мен Бахрейн жалғастырады.

Байқасаңыз, қазір медицинасы дамыған, әсіресе қатерлі ісікке алдын ала тексерілуге қатысты нақты шаралар қабылдаған Оңтүстік Корея бәрінен озып тұр.

Ал енді табыс деңгейі өте төмен Сьерра-Леоне, Кот-д'Ивуар, Гвинея, Йемен мен Ауғанстан елдерінде жұқпалы емес дерттерден қайтыс болатындар көрсеткіші өте жоғары.

Өкінішке қарай, осы елдердің онды­ғында Қазақстан да бар. Бұл тізім­нен Моңғолия, Фиджи, Қазақстан, Түрік­менстан, Ресей, Белоруссия, Украи­на, Грузия, Кирибати, Солтүстік Кореяны кө­руге болады. Ең өлім-жітімі жоғарысы соң­ғы ел.

Әрине бұл мәселемен мемлекетіміз айналыспай отырған жоқ. Ауқымды мемлекеттік бағдарламалар бар. Бірақ жүрек-қан тамырлары аурулары еліміздің ғана басын ауыртып отырған мәселе емес екенін көріп отырмыз. Дамыған Еуропа елдерінің өзінде жылына 3 миллион адам осы кеселден қайтыс болады. Немесе жер ортасына келгенде инфаркт, инсульттан қаріп болып қалады.

Тағы бір статистиканы алға тартуға болады. Соңғы 10 жылда елде жүрек-қан тамырлары дімкәстігіне ұшырағандардың саны 1,7 есе көбейген. Созылмалы жүрек кінәратынан жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілетіндер саны 20 жыл бұрынғы уақытқа қарағанда 4 есе көп.

Мамандар жүрек-қан тамырларының көбеюі ер-азаматтардың денсаулығына жүрдім-бардым қарауынан, аз қимылдауынан жүйкесінің қажығандығынан және экологиядан дегенді алға тарады. Алайда 2014 жылдан бері жұқпалы емес аурулардың алдын алу мәселелерімен айналысып келе жатқан «Аман-саулық» қоғамдық қоры төмендегідей түйін жасап отыр. – Бұл статистикаларға қарап, ден­сау­лық сақтау жүйесін жазғыра бе­руге болмайды. Жұқпалы емес ауру­лар­дың белең алып бара жатқанына зиянды әдеттер септесіп отыр.

Мәселен, алкогольді ішімдіктер, майлы тамақ, шылым шегуден бастап, саламатты өмір салтын қалыптастыра алмау жағдайды ушықтырып барады. Қоғам белсенділері мұны үнемі айтып жүрміз. Ал ДСҰ бірінші рет аса келеңсіз статистиканы мойындап, ресми жариялап отыр, – дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Түменова.

Оның ойынша, адамдар «мынау зиян», «анау әдет қатерлі» дегеннен темекі шеккенін, ішімдік ішкенін оңайлықпен тыя салмайды. Сондықтан «зияндылықты төмендету тұжырымдамасына» сәйкес, оны барынша алмастыра алатын балама жолдарды ұсыну әлдеқайда тиімді. Әйтпесе, жұқпалы емес кеселдермен күресуді көздейтін мемлекеттік деңгей­де­гі бағдарламалар да бар.

Сол сияқты Қазақстан Респуб­ли­касында денсаулық сақтауды дамы­ту­дың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасында ден­сау­лық сақтаудың ұлттық жүйесін одан әрі дамытудың негізгі қағидаттары, жаһанда белең алған жағдайларға қарсы әрекет ету бойынша жаңа міндеттер белгіленген.

Қоғамдық денсаулық сақтаудың жаңа үлгісі бұл мәселені де айналып өтпейді. Медициналық бюджеттің 95 пайызын оны емдеуге жұмсағанша, жұқпалы емес аурулардың алдын алу қай жағынан болса да аса тиімді екендігі айтылған. Сол сияқты 10 шақты жыл бойы «Ака­де­мик Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ да «Еркектердің денсаулығы» атты ерекше бастамамен айналысты. Осы жобаның нәтижесінде 2014 жылы медициналық емдеу мекемелерінде андрологиялық қызмет енгізілді.

Бұл арада БАҚ-тың рөлі өте үлкен. Еліміздегі жұқпалы емес дерттердің бе­лең алуына жол бермей, саламатты өмір салтын барынша насихаттау нәти­же­лі болмақ. Қазіргі елдегі жағдайды толық түсіну үшін, көтерілген мәселенің барлық қырына үңілген жөн.

Мәселен, биыл Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты да Үкіметтің 2018 жылы бекі­тіл­ген Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыруға қатысты ақпаратты тарата бастады. Аурудың құрылымында бірінші орын­ды – сүт безі қатерлі ісігі (12,6%), екін­­ші орынды – өкпенің қатерлі ісігі (9,9%), үшінші орынды – асқазан қатерлі ісігі (7,4%), 4 орынды – жатыр мойны қатер­лі ісігі мен тоқ ішек қатерлі ісігі 4,7% алып тұр.

Екінші орында тұрған өкпе обыры мен төртінші орында тұрған колоректальды, тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігінің басым бөлігі ер-азаматтардың үлесінде. Алайда, осыған қарамастан, еркектер дәрігердің алдына ауруы асқынғанда ғана барады. Өкінішке қарай, колоректальды рак анықталған жағдайда адам 1 жылдың ішінде көз жұмады. Әйтпесе, қатерлі ісіктің кез келген түріне тегін скрининг жасатуға болады. Мемлекет обырға қарсы күресті кешенді түрде күшейту үшін биыл қосымша 35 миллиард теңге бөліп отыр.

Мәселен, онколог-дәрігер Мұрат­жан Сақтағановтың айтуынша, ер-азаматтарда жиі кездесетін тоқ ішек қатерлі ісігі 50-70 жас аралығындағылар үшін аса қауіпті.

Сондықтан 5 жылдан бері мемлекет осы кеселге қарсы ер-азаматтарды 40 жастан бастап тегін тексереді. – Колоректальды рак қызыл етті көп жегеннен болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Және денедегі қалдар мен меңдерді де тексертіп, дер кезінде құтылғаны дұрыс. Мелонома басталып кеткен жағдайда, адам бір жылға жетпей өліп кетеді, – дейді еліміздің бас онкологі, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.

Жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық дерттер болсын, қызыл етті, майлы тағамдарды көп жегеннен болады деген дәйек бар. Дегенмен, етті стейк, бекон, шұжық, сосиска түрінде бізден әлдеқайда көп тұтынатын Еуропа елдерін қайда қоямыз?

Сондықтан гәп етті қалай және қай уақытта жегенге де байланысты болып тұр ғой. – Мынадай да ғылыми деректер бар, Жапонияда теңіз өнімдері көп қолда­ны­ла­ды. Сондықтан оларда адамдардың өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші – 85 жас. Алайда, бұл елде де жалпы өлімнің негізгі себептерінің бірі осы жүрек-қан тамырларының аурулары.

Скан­динавия елдерін айтар болсақ, мұхит­тың ортасында отырып, күнделікті бал­ық немесе теңіз өнімдерін жесе де, жапондар сияқты ұзақ өмір сүрмейді. Яғни, адам денсаулығының сапалы болуы ішіп-жейтін тамағына ғана тәуелді емес, – дейді Алматы қалалық кардиология орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты кардиохирург-дәрігер Алмат Қодасбаев.

– Бірақ нақты статистика өмір сүру салтымыз бен денсаулықтың арасында тікелей байланыс бар екенін дәлелдеп келеді. Ауылдық жерде тұратындардың өз кеселі мен мегаполисте тұратын адам­дар­дың өздеріне тән дерттері бар. Мәселен, күні бойы үстелде тапжылмай отыратын ер-азаматтарда қан айналымының бұзылуынан урологиялық аурулар жиі байқалады. Көп қозғалмаған адамның қаны ұйып, кіші жамбаста, қуықта түрлі дерттерге шалдыққыш келеді. Ал бұл еркектердің екінші «жүрегі» болып саналады. Уақыт өте келе мұның бәрі кем дегенде созылмалы простатитке, қуық асты безінің қатерлі емес гиперплазиясына алып келеді, – дейді «Академик Б.Жарбосынов атындағы урология ғы­лыми орталығы» АҚ профессоры, жо­ға­ры санаттағы хирург-уролог, «Алтын қандауыр» сыйлығының лауреа­ты Сүният Құсымжанов.

– Табиғи жаратылыс бойынша, әйел мен еркектің өзіндік ерекшеліктері бола­ды. Ал жүрек аурулары көбінесе ер адамдарда кездеседі. Себебі ерлердің арасында денсаулыққа немқұрайлы қарау жағдайы көп және олар тамақтануға бай­ланысты көптеген тәртіпті орындай бермейді. Сонымен қатар ерлер шы­лым шегу, ішімдік ішу және еттен жасалған тағамдарды жеуге әуес келе­ді, аз қозғалады, сондықтан жүрек ауру­лары ерлерде жиі кездеседі. Ал әйелдерде репродуктивті ерекшелік бар, яғни оларда бала көтеру мүмкіншілігі бар. Ол кезеңде адам денесіндегі гормо­нал­дық өзгерістерге байланысты қан-тамырларында болатын майлы немесе атеросклерозды өзгерістер әйелдерде ер­лерге қарағанда аз кездеседі, – дей­ді кардиохирург-дәрігер Алмат Қодасбаев.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры Сәлім Беркінбаев та халық денсаулығындағы кінәраттың көбеюіне қимыл аздығы көп кесірін тигізіп отыр дей келе, талай науқасты кардиолог дәрігер­лер­ге эректильдік қызметтің бұзылуы алып келетінін айтып жүр. Семіздік, қант диабетінің өршуі, қи­мыл­дың аздығы жүрек-қан тамырлары дертінің белең алуына ғана емес, белсіздікке бастап отырғанын атаған болатын.

Сол сияқты ерлердің денсаулығына қатысты реаниматологтардың да айтары бар.

25-65 жас аралығында ер адамдар өлімі əйелдерден екі-үш есе жоғары. Да­мыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш төмендеу, дамушы жəне кедей мемлекеттерде медицина сапасына байланысты жоғары. Əртүрлі оқыс оқиғалардан тыс жол апаты, жарақаттардан, соғыстардан бөлек, ең бірінші қайғылы қазаға жетектеп отырған – жүрек-қан тамырлары аурулары, яғни миокард инфарктісі, яки инсульт. Бүгінгі таңда облыс орталық­та­рында инфаркт жəне инсультті дер кезінде анықтап, коронографиялық зерттеу жүргізіледі. Тек жергілікті емдеуші дəрігер стенокардиясы бар науқасты ертерек анықтап тексерілуге жіберіп отырса екен, – дейді анестезиолог-реаниматолог Ғабит Нұрханұлы.

Қалай десек те, ер-азаматтар әйел­дер­ге қарағанда 10 жыл кем өмір сүреді. Бірақ қоғам ер жігіттің әйеліне де, балаларына да масыл болғанын ешқашан қабылдаған емес. Қазіргідей алашапқын өмірде жүйкеге салмақ түсіретін жайттар жеткілікті. Сондықтан ер-азаматтар елге ғана емес, өздеріне де жауапкершілікпен қарауы қажет.

Айнаш ЕСАЛИ, «Egemen Qazaqstan»


 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста