Ер жігітпен қарым-қатынасыңыз тереңдей түсті ме?
Онда оған "бес сұрақты" төтесінен қойып көріңізші, қайтер екен?!
Бес сұрақты қалай қоясыз?
Иә, сымбаты толысып айжамалын ай сүйген құрметті Қыздар!
Сіз асықпаңыз, бір-екі кездесуден кейін беліңізге қол жүгірте бастаған жігітке төтесінен туралатып бес сұрақты қоюға еш арланбаңыз. Білемін, сіз ол сұрақтарды аузыңыздан шығармай жатып-ақ миыңызға айырылып қалсамше деген сигнал саңқ ететінін сеземін. Алайда, қорықпаңыз! Бұл бес сұрақты қоймас бұрын көз жеткізіңіз – ол сізді шын ұнатып жүр ме? Шын ұнатқанын сезінсеңіз, демек, кілт сіздің қолыңызда. Қалай бұрасаңызда ыңғайға көнеді. Сондықтан да, кезіккен көрікті жігіттен айырылып қалам ба деген қорқыныштан құтылыңыз. Қорқыныштан жай ғана баз кешіңіз. Әлемдегі ең дәулетті де іскер адамдар өз қалауына қол жеткізу үшін әлденеден баз кешуі тиіс екенін түйсінеді, ал қорыққан адам алдыға қарыштап қадам тастай алмайды. Дәл осы пәлсәпәні кездесуге шақырған жігітке де қолдануыңыз тиіс: жоғалтып алу қаупі тұрса да өз талабыңызды қоя білсеңіз – қауіптен де арыласыз. Міне, осы қауіптену үнемі сіздің бағытыңызға кедергісін келтіреді – кейбір қыздар ар-намысын таптатып, сенімін пайдалануына жол береді, өйткені, ол мені тастап кетіп қалады да, мен тағы жалғыз қаламын деген қорқынышты ойда болады. Ал, бізше, еркектер? Біз сіздің қорқынышыңызды иіскеп сезіп қоямыз да өте ұтымды сәтте пайдаланып кетеміз. Білесіз бе: бұл өте көнеден келе жатқан ойын және ол ешқашан өзгермейді. Менің де ұлдарым осылай істейді: өйткені, бұған жол беріп қарап отырған әйелдер бар. Алайда, осы ойынның ережелерін біле алатын сізде қабілет бар, сізбен екінші рет ойнауға болмайтынын ескертіп, қатынасыңызды өзгерте аласыз. Ескерту: сауалды қоюдан уақыт жоғалтып қашқақтамаңыз – еркектің ұнатып қалғанын түйсінгенде бұл сауалдарды төтесінен қойыңыз. Оның көңіл күйі түсіп ренжіп қалса, ештеңе емес, сіз ақпарат алуға хақылысыз. Егер жауап беруден бас тартса, демек ол сіз үшін жаратылмаған жан. Ал кеттік, міне бұл сауалдар. Есіңізде болсын: ешқандай қорқыныш-үрейсіз.
1. Алдағы мақсат – жоспарларың қандай?
Ер жігітпен қатынасыңыз тереңдемей жатып оның өмірдегі ұстанымын, «еркектік» табиғатын танып – қандай адам, қандай мамандығы бар және табысы қанша екенін білуіңіз тиіс. Сіз оның қазіргі жоспарлары мен 5-6 жыл ішіндегі ойластырған жоспарлары туралы білуге хақылысыз. Оның жауабы оның өміріндегі «сіздің» орныңызды анықтап береді. Егер, тіптен жоспары жоқ болса, онда абай болуыңыз тиіс. Ал, оның сайлап қойған жоспарлары болса тіптен жақсы. Бұл сауалды сіз әр нәрсеге бас ауыртқыш, әр затқа әсерленгіш айлалы детективтей (негізі сондайсыздар) шынайы білгіңіз келгендей қойыңыз. Еркектер өздері туралы әңгімелегенді сүйеді – өйткені, сізді таңқалдыра отырып қақпанымызға түсіреміз. Сондықтан да, таңданып таңырқауыңыз үшін бізге мүмкіндік беріңіз. Қаншалықты қызығушылық танытып жоспарларының мәнін түсінуге бас қатырсаңыз – ол да соншалықты көсіле сөйлей береді. Мысалы, былай деңіз: «сен сол саланың майталманы боламын деп ойламаған шығарсың?" болмаса «қызық иә, сондай жеңіске қалай жеттің?» деңіз. Сосын зер салып тыңдаңыз. Ол әңгімелеп отырғанда бақылап отырыңыз, шынымен ол мақсат-мұратына жету үшін тырысып жатыр ма, әлде өтірікті судай сіміріп арманшыл жалқаулығын жария етіп отыр ма? Сонымен қатар, қысқа ғұмырлы жоспар ішінен өзіңіздің орныңызды көре алдыңыз ба, сол жоспарларға бейімсіз бе, сол мақсатқа жұмыла кірісуге дайынсыз ба, мүмкін, сізге онда орын жоқ шығар, осының бәрін шешіп алу қажет. Мысалы, егер ол кабельді компанияда техник болып жұмыс жасаймын, ал кешкісін диплом алу үшін колледжде оқимын, солай жоғары қарай өрлей түсемін деп айтса, демек, бұл жігіттің жоспары бар және оны орындау үстінде. Сіз тіптен, оқу үлгерімі үшін көмектесіп, диплом алу рәсіміне қатысып, жұмысында өсіп-өрлеуіне ықпал ете аласыз. Демек, оның жоспарлары бар, демек, ол толыққанды еркек болуға тырысып жүр – ол сіздің ойыңыздағы мейірімді де, сенімді серік болуға лайықты. Алда армандаған ойы бар, бірақ, қалай жүзеге асыруын білмейтін ер жігіттер болады. Мысалы, ол продюсер болғысы келеді, бірақ сол мақсат үшін оқып-ізденіп, жұмыс істеп, тынбай кинокомпанияларда жұмыс қарастырып, сценарий жазып, киноөндіріс саласында таныс арттырып тырыштанбаса – демек, ол тілімен сайрап сандырақтап отырғаны. Демек, оның алда мақсаты жоқ. Қалай болмасын, бұл жағдайда оның жоспарына жазылуға құлқыңыз болмауы тиіс. Өз мақсат жоспарыңыздан айнымауыңыз тиіс. Өз басының әуресін шешіп алмаған адам сізге болашақта та жақсы жар бола алмайды деген сөз.
2. Болашақтағы жоспарларың қандай?
Он жылдан кейін өз орнын қоғамнан екшеп, анықтап алған жігіт болашақтағы мақсат-мүдделерінің орындалуына апаратын бүгінгі жоспарларына қол жеткізуге тырысады. Егер ол жай ғана: «бүгінгі күнмен ғұмыр кешемін» деп жауап қатса - ол жігіттен қашыңыз. Оның болашақтағы мақсаттары бүгінгі жоспарларындай болса – алаңдамай кетіп қалыңыз. Жылдам кетіңіз. Өйткені, бұл жігіт алдағы ғұмырын жоспарлап, алдына мақсат қоймаған, не болмаса жоспарының ішінен сізге орын жоқ, демек, сізге бәрін айтып не керек. Сіз үшін бір ғана жоспар бар, ол - ойын. Сізге керегі сол ма? Алдағы жоспарынан өзіңізді көре алатын ер жігіттің шашауын шығармай ойластырған мақсаттарының жүзеге асуына біраз уақыт керек болады. Өйткені, сеніңізші: еркектің миында міндетті түрде пісіріп жүрген жоспары болады. Сенімді серігіңізден екі сауалдың жауабын анықтап алғасын қандай еркекпен танысқаныңызды ұғынып аласыз. Алдына қойған жоспары жоқ адаммен қол ұстасып табысудың қажеті жоқ, оның ілгері басатын жолы жоқ, демек, ерте ме кеш пе сіз аяғының астында тапталып қаласыз.
3. Біздің қарым- қатынасқа қалай қарайсың?
Бұл сұрақ - көптарапты сұрақ – өзінің туыс-бауырларынан бастап Құдайға деген көқарасына дейінгі ара-қатынасты білдіретін сұрақ. Оның әрбір жауабы жан дүниесін аша түседі: өз міндетін сезіне ме, туып өскен отбасына қарым қатынасы қалай, қандай әке, қандай күйеу болғысы келеді, Құдай туралы не білетіні бар... мұны сіз ер жігітті сүйіп алудан (өбуден) бұрын сұраңыз, тіптен кездесуге бармай жатып-ақ – телефон арқылы сөйлесуге болады. Бұл сұрақтарды қоюдан қысылмаңыз, ашылып сөйлесуден артық бұл еркектен не күтесіз? Егер мұның бәріне жауап беруден бас тартса, сіз де кездесуден бас тартыңыз. Одан аулақ жүріңіз. Әуелі оның отбасылық өмірге қалай қарайтынын біліп алыңыз. Отбасын құрғысы келе ме? Балаларға көзқарасы қалай? Сіздің балаңыз бар болса – оны міндетті түрде мәлімдеңіз, ең бастысы әке болуға дайын ба – соны біліп алыңыз. Егер балалы болуға дайын емеспін деп жауабын нақтылай айтуға батылы жетпесе, бұл қатынасты тоқтатқаныңыз жөн. Әсіресе, балаларды онша ұнатпаса, ал сіздің балаңыз бар бола тұрып, ол баланы ұнатпаймын десе, мұндай байланыстың ақыры не болмақ? Сосын анасымен ара қатынасы туралы сұрастырыңыз. Ана – ұл баланың ғұмырындағы алғашқы әйел, егер, анасына деген сый құрметі ерекше болса, демек, ол еркекпен жақсы қарым қатынас орнату мүмкіндігі бар деген сөз. Мұндай еркек – әйелге деген сезім-құрметін жеткізе біледі, іргесі берік отбасының қажеттіліктерін толық орындап, қорғай біледі. Өмірімде өз анасын сүймейтін бірде бір баланы көргем жоқ. Анашымыздан қорғаштау мен қамтамасыз етуді үйренеміз, әйелге деген сезім мен махаббатты алғаш содан білеміз. Шын мәнінде, егер ер жігіттің анасымен туындыған келіспеушіліктері көп болса, демек, ондай келеңсіздіктер сізбен де болады деген сөз. Егер де оның аузынан: «Анам екеуміз бөлек адамдар сияқтымыз. Біздер мүлдем түсінісе алмаймыз» деген сөз еститін болсаңыз, дереу онымен қош айтысыңыз. Нөмірі мен смс хаттарын алаңсыз өшіріп тастаңыз. Келесі сұрағыңыз әкесі жайында болсын. Әкесімен қарым қатынасы қандай? Егер әкесімен байланысы жақсы болса, демек, ол еркек отбасылық құндылықтарды тіктей алады деген сөз. Қазіргі уақытта әкесіз өскен ұл көп, алайда, бұлай болған жағдайда да, еркектің өмірінде үлгі тұтар бір еркектің болатыны сөзсіз, ал кейбір ер жігіттер әкесіз өскесін баласына өзі көрмей сезінбей өткен мол мейірім шуағын төге алады. Демек, әкесіне деген көзқарасы оның да болашақта қандай әке болғысы келетінін анықтап береді. Сонымен қатар, оның Құдайға деген түсінігі мен танымын да сұрастырған жөн. Тікелей айтайын: егер ол еркектің Құдай туралы таным-түсінігі, қызығушылығы жоқ болса, мешітке барып тәу етуді ойына да алмаған болса, тіпті өмірінде рухани күш алатын сенім түсінігі жоқ болса – демек, ол адамның басына туатын күннің ауыртпашылығы көп деген сөз. Ішкі жан дүниесіндегі тәртіп пен тәрбиенің түбі Құдайға бастамағанда қайда алып барады? Ондай адам сізбен де адал қатынас орната ала ма? Сіз бен балалары алдындағы ар-ұятын сақтауына кім кепіл? Оның толыққанды адамдық қалпын сақтауына не көмектеседі? Мен мүлдем мешіт басып аттамаған адамға жолама демеймін, тек, сізбен көзқарасы сәйкес келмейтін адаммен келешекте бәрібір соқтығысып қаларыңыз сөзсіз демекпін. Ал, келесі сауалдарды ер жігітіңізбен жақындаса түскеніңізде қойғаныңыз абзал. Мүмкіндігінше, төсек қатынасына бармай жатып қойғаныңыз дұрыс. Тіптен, болары болып бояуы сіңсе де, бұл сауалдарды тікелей қоюыңыз керек. Бұл сауалдар жігіттің нәзік жеріне тиюі мүмкін, дегенмен, сізге ақпарат керек.
4. Мен туралы не ойлайсың?
Бұл сауалды біраз уақыт өткесін қойыңыз – ол сіз туралы біршама білуі тиіс. Оның жауабы оның өміріндегі орныңызды белгілеп береді. Сіз мұны білуге хақылысыз. Сеніңізші, ол сізді алғаш көрген күні-ақ сіз туралы бір пікірге бекіген, бұл анық. Оған сіздің қандай да жағымды кейпіңіз ұнаған – көзіңіз, шашыңыз, аяғыңыз, киіміңіз – бір сөзбен ол жай ғана жақындаған жоқ. Бірақ, сізбен ары қарай қандай жоспар құрып жүргенін біліп алуыңыз тиіс. Оны мұқия тыңдаңыз. Ол сізге мынадай жауап беретінініне сенімдімін: «сен өте көріктісің, өте жақсы ана болатыныңа сенемін, сен өте қызықты, мейірімді, өте көріктісің, мені өзіңе баурадың, еңбекқор, ақылды, достыққа жүрегі кең адамсың... Қасымда жүргеніңді қалаймын» деп қайыра салуы мүмкін. Бұл сөздер сізге ұнайтынын білеміз. Бірақ, сізге мұндай көп сөздің қажеті жоқ. Сізге нақты да анық бір сөз керек. «Сен мені жүрегі жұмсақ адам деп ойлайсың ба? Олай ойлауыңа не себеп, не түрткі?» деп төтесінен сұрақ қойыңыз. Ол нақты неге солай ойлайтыны туралы бір мысал келтіргенін күтіңіз. «Есіңде ме, сен менің анамның туылған күнінде қоңырау шалдың да, қандай сыйлық таңдауыма болатынын айттың?» деп мысал келтірсін. Ал, сізді неге жақсы ана болатынын айтса, неге олай ойлайтынын да сұраңыз. Сосын солай сұрай беріңіз. Сізге таққан жақсы құлық-мінездерді шынайы көңілмен айтты ма, әлде, сізге немқұрайдылықпен айтып отыр ма, осыны анықтап алыңыз. Әрбір сұраққа берілген жауабынан болашақтағы отбасы өміріңіздегі өз орныңызды анықтай аласыз.
5. Сен маған қалай қарайсың?
«Ойлау» мен «қарау» - екі бөлек нәрсе. Мұны шатастырмаңыз. Бір айдан кейінгі кездесулерден кейін сізге қалай қарайтынын айта алмаған еркектің - сізге қатысты көзқарасы жоқ деген сөз – сізбен байланысты ешқандай болашақ көріп тұрған жоқ. Егер маған қалай қарайсың деген сауалға күмілжіп ашулана «саған алдында айттым ғой, сен туралы не ойлайтынымды...» деп сөз бастаса, дәл осы жерде оны кесе көлденең тоқтатып «жо-жоқ, маған қалай қарайтыныңды сұрап тұрмын» деп шегелейсіз. Ол отырған орындығын шиқырлатып қозғалып, көмекейін қасып, темекі тартып, әйтеуір, жауаптан бас алып қашу мақсатында әрнәрсені сылтауратып, немесе сіз қанағаттанатын өтірікті сөзді әзірлей бастайды. Бұған аса мән беріп ашуланбаңыз, ол өзі сүймейтін терең дүниеге (сезіміне) сүңгуіне тура келеді. Сезімін түсіндіру еркек үшін үлкен мәселе. Еркек барлық сұраққа жауап табуы мүмкін: Құдай туралы, бала туралы, бірақ, өзінің жан дүниесіне бас сұғу қиын асу болып көрінеді. Өйткені, еркекте сезімін тілмен айтып төгу қасиеті мүлдем жоқ. Бірақ, бұл дегеніміз сіздің сұрағыңыздан бас тарту керек деген емес. Сіз мынадай сияқты сөзді естуіңіз тиіс: «сені көрмей қалсам болды, әлдекім жаныма жетпей тұрғандай болам, сенің немен айналысып жүргенің маған әрдайым қызық, сені көргенімде жаным жай табады, сен менің өмірден іздегенімсің». Басқаша айтқанда, оның жауабы сізге ерекше көңіл күй сыйлауы тиіс. Ол сізді толық сүймеуі де мүмкін, тек ұнатып қалуы да мүмкін, дегенмен, ойында сізге қатысты ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатқысы келетін тілегі бар болуы мүмкін немесе, ғұмырбойы қорғаштап, қамтамасыз ете алатын жұбының рөлінде елестетіп жүруі мүмкін. «Сен өте ғажапсың» деген сияқты жауапқа жол жоқ. Оның сезімдерінің шынайылығын сезінбесеңіз, ой санасы сізден аулақ жүргенін байқасаңыз – қашыңыз. Бұл сауалдарды кейіннен де қоямын деп кешіктірмеңіз, мұны дереу біліп алған жөн. Тіпті, болары болып бояуы сіңгесін «оның мен жайлы көзқарасын да білмеймін» деп өкінгеннен пайда жоқ. Бір жағынан, мұндай сауалдарды тапқырлықпен қойып отырған қызға (әйелге) деген көзқарасымыз да өзгере түседі. Біз де осы сауалдар төңірегінде іштей ойланамыз, бірақ, сіздердей ашық сұрап жатпаймыз.