Елірткіш сусын есірткі емес пе?
Энергетикалық және газдалған сусындардың адам ағзасына зиян екендігі айтылудан кенде емес. Оған шектеу қою, немесе сауда орындарынан алып тастау туралы ұсыныстар айтылғаны да көп жылдардың мұғдары. Ұзақ жыл жағымыз талмай айтқан мәселеде былтырғы жылы сең бұзылды. Денсаулық сақтау министрлігі тәтті газдалған және энергетикалық сусындарды орта және жоғары оқу орындарында сатуға тыйым салатын қаулы шығарған болатын. Сонымен бірге, жасы 21-ге жетпегендердің ішуіне ғана шектеді. Денсаулық сақтау министрлігі тәуелділікті арттыратын бұл өнімнің акциздік бағасын да қымбаттатуды ұсынды. Кеден Одағы аясындағы техникалық тауар кіргізу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Құрамында екіден жоғары сергіткіш қоспасы бар сусындар шекарадан өткізілмейтін болған... Ол сусыннан «Алаш айнасының» тілшісі де дәм татып көрді.
Бірақ бұл ол энергетикалық сусынды тұтынуды кемітпеді. Өйткені, ол «ширатқыш» кез келген сауда орында ашықтан-ашық саудаланған қалпынан әлі танған жоқ. Тіпті, бір кездері Мәжіліс депутаттары оны тек дәріханаларда сату керек деген де ұсыныс айтқан-ды. Алайда, ол да айтылған жерінде қалды.
Дания, Норвегия, Фрнаицияда бұларды дәріханаларда ғана сатуға рұқсат берген. Олар біз күнде ішіп жүрген сусынды дәрі-дәрмек қатарына жатқызған. Швецияда осы сусының салдарынан көз жұмған деген дерекпен бірнеше адамның өліміне тергеу жүргізген. Бізде бірақ ондай дерек жоқ. Бар болса да, жоқ. Жоқ болса да, жоқ. Себебі, әзірге энергетикалық сусыннан өлді деген адамның моласын ешкім көрген жоқ. Ол мұндай жағдайдың жоқтығынанан емес, әрине. Тек көп жайтқа көзжұмбайлықпен қарайтындығымыздан. Сондықтан да бұл сусын қазіргі таңда сауда орындарында сіресіп тұр. Өйткені, бізде бұл сусынның залалын дәледеген нақты дерек жоқ-мыс.
Ал күнделікті өмірде сусынды ішіп алып, еліріп, соңынан өзін-өзі ұстай алмай, кей адамның жүйкесінде ауытқулар ұшырап жататыны өтірік емес. Бір мысал. Бір танысым айтады. Бірде қандай да бір шараны атап өткен азғантай қыз-жігіттер тобы шараппен бірге әлгі энергетикалық сусын ішкен екен. Біраздан кейін араларындағы бір адамның мінез құлқында өзгеріс орын алған. Жылап, айғайлап, қолды аяққа тұрмай қойған. Есі дұрыс. Бірақ жылауын тоқтата алмай елірген. Су шашып, бетін шапалақпен ұрса да, ешбір әсер жоқ. Болмаған соң жедел жәрдем шақырыпты. Дәрігерлер «нервный приступ» деп диагноз қойыпты. Энергетикалық сусынның әсері емес деп көріңізші. Қай елде екені есімізде жоқ, сусын ішіп, би алаңында жан тапсырған да бар. Осыдан кейін энегетикалық сусынның пайдасы бар дегенге сенесіз бе?
«Барлық энергетикалық сусындардың құрамында кофеин бар – ол психиканы ынталандырушы зат. Кофеин ұйқышылдықты және шаршағанды жояды, тамыр соғуын шапшаңдатады. Алайда, бұның барлығының әсері уақытша, одан кейін шаршау сезімі арта түседі. Осындай жағдайлардан кейін ағза дем алмай, кофе немесе қара шәй ішкеннен соң ағзадағы кофеиннің мөлшерлі дозасы асып кетуі мүмкін, кофеин ағзадан үш сағат шамасында өте баяу шығады. Кофеинді шамадан тыс пайдалану ашушандыққа және қызбалыққа, ұйқының қашуы мен жүрек соғысы ырғағының бұзылуына әкеледі. Егер де кофеинді көп мөлшерде пайдалануды доғармаған жағдайда іштің ауруы, сіңір тарту, бұлшық еттің зақымдануы, жүйке жүйесінің бұзылуы пайда болады. Нәтижесінде, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін.
Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, энергетикалық сусындардың құрамында теобромин бар, ол да күшті ынталандырушы. Таурин – жүйке жүйесіне, зат алмасу процесіне көмектесетін компонент. Таурин цистеиннен өндіріледі. Ол өте күшті антиоксидантты әсері бар аминоқышқыл, ағзада өзі синтезделеді. Келесі бір құрамдас заттар – L-карнитин және глюконолактон. Олар қарапайым тағамдардың құрамында кездеседі. Норма бойынша тамақтану барысында адам оның ағзаға керекті мөлшерін толығымен алады. Энергетикалық сусындарда осы заттар адам үшін тәуліктік нормасынан он және жүз есе артық кездеседі. Сондай-ақ, натрий бензоаты, натрий цитраты және лимон қышқылы сияқты тағамдық үстемелердің барлығы арнайы нормативтік құжаттармен рұқсат етілген. Бірақ, олардың мөлшері қатаң түрде сақталуы керек және басқа сәйкес келмейтін үстемелермен бірге қосылмауы қажет. Өйткені, ондай қосындылар биохимиялық реакция кезінде кері әсер тудыруы әбден мүмкін» дейді ғаламтордағы деректер. Бұл сусындарға қарапайым біз түгілі әрісі академиктеріміз, берісі қатарадғы дәрігерлердің өзі оған аса зор күмәнмен қарайды. Бұл туралы академик Төрегелді Шарманов басылымдарға берген сұхбатында «Энергетикалық сусынға деген көзқарасым аса күдікті. Оның ағзаға пайдасы бар деген пікірмен келіспеймін. Себебі, адамның орталық жүйесін белсендіріп, жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған бұл сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар бар. Оларды белгілі мөлшерден көп қолданса, адамның энергиясы немесе бұрын байқалмаған қандай да бір ауруы қозады. Қозудың әсерінен адам әлсірейді. Ол бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе тұрақты тұтынушының денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін. Өнім адамға қосымша қуат береді деу – қате пікір. Аты «энергетик» болғанымен, заты оған сай емес. Керісінше, бойдағы бар энергияны артығымен жұмсап, түгелімен шығарады. Былайша айтқанда, адамның энергиясын өзінен «қарызға» алады» депті. Оған қоса, сусынға үйреніп алған адамда есірткіге тәуелділік секілді тәуелділік пайда болады екен. Жалпы пайдасынан зияны көп сусынды саудадан шектесе, бизнесмендеріміз кедейленіп қаламасы анық.Құмырсқаша құжынаған қытайдың өзі бұдан безініп жатқанда, санаулы қазақтың қаперсіз отыруы ақылға сыймайды екен...