Елімізде қанша қайыршы бар және олардың күндік табысы қанша?
Бұрын-соңды базар мен сауда үйін жағалап, қайыр сұраған сығандар мен күрттерді жиі көрсек, енді бұл көрініске жергілікті тұрғындар жиі ұшырасады. NUR.KZ порталының тілшілері Алматыдағы саябақтар мен орталық көше бойына шығып алақан жайған азаматтармен тілдесіп көрген еді.
Олардың көпшілігі мемлекеттен зейнетақы, жәрдемақы ала тұрып тіленшілік жасаудың негізгі себептерін айтты.
Бұл азаматтың аты-жөні Ибрагим Мырзакеев. Жасы 53-те. Алматы облысы Есік ауданының тұрғыны. 3 ай бұрын өзі еңбек еткен мекемеде қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалған.
Содан бері екі қолға бір күрек таппай, тіпті тамақ алып ішуге ақшасының қалмағанын айтады. Ауылына қайтқанда да пайда жоқ. Себебі, жұмыссыздық ол жақта да басты мәселе. Қазір «28 гвардияшы-панфиловшылар» саябағына шығып, өткен-кеткеннен тиын тебен сұрайды. Күндік тапқан 500-1000 теңгесі тамағына ғана жетеді дейді.
Салихова Салима есімді бұл әжей Алматы қаласындағы Түрксіб ауданының тұрғыны. Зейнатақысы коммуналды қызмет пен дәрі-дәрмекке де жетпейтіндіктен садақа тілеуді 2 ай бұрын бастағанын айтады.
«Күн сайын 1 сағат жол жүріп, Гоголь мен Пушкин көшесінің қилысындағы жедел тамақтану орталығының алдына келіп қайыр сұраймын. Себебі, түскі ас пен кешкі асты дәмхана қызметкерлері тегін береді. Ал тапқан садақаны қажетті дәріге жұмсаймын», - дейді жетпістен асқан кейуана. Оның сөзінше демалыс күндері садақа көлемі 2000 теңгеге жетсе, кейде, тіпті 300 теңгені қанағат қылып үйіне қайтады.
Сауда үйінің маңын торуылдаған Лена Лехачева садақа сұрау үшін 3 қызын да көшеге жетектеп шығады. Кенжесі 1,5 жаста болғандықтан қолды-аяққа тұрмай жүгіре береді. Бір орында тұрып қайыр сұрауына кедергі келтіретіндіктен, келіншек қызын күні бойына арқалаумен өткізеді. Лена Лехачева осыған дейін қаладағы асханалардың бірінде аспаздың көмекшісі болып нәпәқа тапқан. 1 ай бұрын мекеме жабылып, жұмыссыз қалыпты.
«Күйеуім де жұмыссыз. Ол Рысқұлов көшесінің бойында күндік ақшаға жалданады. Кейде жұмыс бар, кейде жоқ. Оның ақшасы пәтер ақысына кетеді. Балаларға тамақ керек. Үлкен қызым Алина мектепте оқиды. Оның оқуына барып-келуімен сабаққа қажет құралдарына күн сайын 400 теңге кетеді. Амал жоқ көшеге шығып қайыр сұраймыз», - дейді ол.
Келіншектің сөзінше зекетті жалғыз сұраса, табысы 500 теңгеден аспайды. Ал балаларымен шыққан күні 2000 теңгеге жуық садақа жинайды.
«Бұл ақшаға ең бірінші нан, сүт секілді кешке жейтін азын-аулақ тамақ сатып аламыз. Бәрі қымбат. Көп зат келмейді. Бәрінен бұрын мына суықта балалар ауырып қала ма деп қорқамын. Кей күндері дала суық болса, аштыққа шыдап үйде отырамыз», - дейді келіншек.
Тегін жасырған Сергей де - жергілікті тұрғын. 3-топтағы мүгедек. Мемлекеттен 17 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Жалғызбасты азамат бұл ақшаның түкке жетпейтінін айтады.
«17 000 теңгеге Алматыда сіз күн көресіз бе? Суды, сабынды үнемдеп 10 күнде бір рет жуынамын. Денім сау болғанда басқаша болар ма еді. Мені қазір ешкім жұмысқа алмақ түгілі, ауласына жақындатпайды. Арақ ішпеймін, темекі шекпеймін. Аптасына 4-5 күн садақа сұрап, ол ақшаға тамақ сатып аламын», - дейді ол.
Күндік табысыңыз қанша деген сауалымызға «жай күндері 500-600 теңге, демалыс күндері 1000 теңгенің көлемінде болады» деп жауап қайтарды.
Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Берік Молдыбаев Жұмаханұлының сөзінше күн сайын Алматыда 5-6 садақа сұраған азаматтар жауапқа тартылады.
Яғни, олар әкімшілік кодекстің 449 бабына сәйкес «қоғамдық орында тұрғындардың мазасын алды» деп айыпталып, 5-10 айлық есептік көрсеткіште айыппұл арқалайды екен.
«Соңғы 1 ай ішінде осы бап бойынша алматылық 264 азаматқа 5 миллион 133 мың теңгенің айыппұлы салынды. Садақа сұрап жүргеннің барлығы өз ісінің заңсыз екенін түсінеді. Кейбірі полицияның жазалауынан кейін, кәсібін қойса, енді бірі жалғастыра береді. Заң бойынша тіленшілік жасағанның жасына да, мүгедектігіне де қарамаймыз. Қайыр сұраған жерде құжаты болса, айыппұл саламыз, егер жеке басын куәландыратын қағазы болмаса 5 тәулікке дейін қамаймыз», - дейді Берік Молдыбаев.
2015 жылы Алматы қаласында 1 мыңнан астам қайыршы жауапқа тартылып, 20 шақты сырттан келген мигрант еліне қайтарылған. Тәртіп сақшыларының сөзінше, көп азаматтар айыппұлдан құтылу үшін қайыр садақа сұрауда да түрлі қулыққа барады.
Яғни, гитарамен өлең айтып, скрипка ойнап ақы сұрағандар жазаланбайды. Демек ол елге өнер көрсетіп, ақысын алып жатыр. Ал өнері жоқтар айыппұл төлейді.
2015 жылдың қаңтар айында қоғамдық орында қайыр садақа сұрауға қатаң тиым салынған заң күшіне енген болатын.
Былтырдың өзінде Ішкі Істер министрлігі елдегі тіленшілердің санын білу үшін «Қайыршы» шарасын ұйымдастырып 2 күнде 1824 азаматқа 14,5 миллион теңге айыппұл салған.
nur.kz