Қалай айтсақ та, қазіргі таңда жеңіл автокөлік – адамзат өміріндегі қажеттіліктердің ең негізгісі. Әу баста байлық деп бағаланып, мансапқа мақтан қосар түлік ретінде қарастырылған темір тұлпарлар бүгінде қарапайым жүріс көлігі статусына түсті. Бірақ та бұл авкөліктің бәсі мен бағасын түсірген жоқ. Керісінше, қоғам қажеттіліктері арасындағы маңызын арттыра түскені анық. Ендігіде ғалымдар мен конструкторлар осы бензомобильдердің электромобильге айналатын уақыты жетті деп санайды. Ешқандай бензин жақпайтын, газ бен ыс, улы түтін бөлмейтін, көлемі жағынан да шағын, тек аккумулятормен жүретін генераторлы автокөліктер халықтың қызығушылығын арттырып, жаппай өндіріске түсуіне түрткі болды.
Әу баста мұнай магнаттарының ұйқысын қашырып, берекесін кетірген осы өндіріске қырын қараушылар, болашағы бұлыңғыр деп сенбегендер де табылды. Өйткені жер бетінде өндіріліп жатқан қара алтынның 60 пайызын осы бензомобильдер тұтынатын еді. Сондықтан да электромобильдің жаппай өндіріске шығуына мүдделі болмаған магнаттар әуелі ең тиімді көліктің ертеңіне сенімсіздік танытып, халық көңіліне күдік отын маздатқан-тұғын. Алайда сан жылдар бойы автокөлік әлеміне зерттеу жасаған ғалымдар мен конструкторлардың ойлары ортақ, мақсаттары мағыналас болып, бензинсіз де моторды айналдырып, төрт дөңгелекті қозғалтуға болатынына көз жеткізді. Осылайша электр тогымен (аккумулятормен), сутегімен жүретін автокөліктер дүниеге келді.
Рас, қазіргі электромобильдер дизельді және бензинмен жүретін автокөліктерден күш-қуат мүмкіншілігі, техникалық мінездемесі жағынан сәл-пәл артта. Алайда уақыт жылжыған сайын конструкторлар электромобиль адамзат баласының болашақ көлігі екеніне көз жеткізу мақсатында оның дизайндық үлгісіне, электрлі мотор қуатын арттыруға бар күшін салуда. Экономикалық жағынан тиімді, экологиялық таза автокөлікті әлемнің бірқатар елі жаппай өндіріске енгізіп, бензомобильді ығыстыруға жоспар құрып жатыр. Әлем халқы бет бұрып, көңіл қойып жатқан осы автокөлік түрлерін пайдалану бізге де тиімді болары сөзсіз.
Мэлс Елеусізов, эколог:
– Біз осыдан 10 шақты жыл бұрын осы мәселені көтерген болатынбыз. Қоғамдық конструкторлық бюрода велоэлектромобиль жасап шығардық, жүріп көрсеттік. Алматының ауасы қазір шамадан тыс ластанып кетті. Оның бір факторы автомобильдер екені белгілі. Болашақта жаппай электромобильдерге көшуіміз керек. Дүниежүзі қазір осыған көшіп жатыр. Біз баяғы артта жүретін әдетімізге басамыз. Әйтпесе экономикалық жағынан тиімді, ең бастысы, экологиялық таза көліктерге баяғыда-ақ аяқ артуымыз қажет еді. Қазір ауа райы жылынып барады. Бұл адамзат үшін қауіпті. Сондықтан да елімізге электромобиль енгізу ісіне арнайы бағдарлама қабылдап, белгілі бір мөлшерде жеңілдіктер қарастыруымыз керек.
Еліміз «Эллада» мінуі мүмкін
Көрші Ресей билігі де электромобиль өндірісіне түбегейлі бет бұруға ниеттенген секілді. Ресей қазір Renault маркалы электромобильдің Sandero, Fluence, Megane хетчбэк, Latitude және Scenic сынды бес түрін сырттан алдыруда. Олар осы электромобильдерді сырттан алдыра отырып, өздеріндегі дайын өндіріс ошақтарын аталмыш автокөлікті жасауға бейімдеу үстінде. Ресейлік конструкторлар отандық электромобильді 2014 жылы нарыққа шығарамыз деп жоспарлап отыр. Олардың Lada Ellada (Еlectric Lada) электромобильдері қазір техникалық мүмкіндіктері жағынан біршама жетіліп, стандарттарға сәйкестене бастады. Жылдамдығы – 140 шақ/сағ, максималды жылдамдық – 170 шақ/сағ, 100 метр арақашықтықты 12 секундта бағындырады, бұл – электромобильдер үшін үлкен жетістік.
Еліміздегі автосүйерлердің элегиясына айналған электромобиль біздің нарыққа қашан шығады? Украина мен Қазақстанда электромобиль жасау қолға алынбағанымен, жаңалыққа жаны құмар ресейліктер осы өндірісті дөңгелетіп әкетуге барын салуда. Көрші елмен Кедендік одақ аясында ешқандай алым-салықтың жоғын ескерсек, Қазақстан автонарығына әуелі Lada Ellada келетін тәрізді. Және өзге маркадағы электромобильдерге қарағанда әжептәуір арзан бағада болатындығы да қарапайым халықтың қолжетімді көлікке қызығушылығы мен сұранысын арттырары сөзсіз.
Сондай-ақ шығыстағы алпауыт көршіміз Қытай елі де электромобиль өндірісін ел игілігіне айналдыруға ден қойып отыр. Келешекте автонарығымызды ханзу елінің электромобильдері жаулап жатса, таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені Қытай билігі 2015 жылы Бейжіңдегі жеңіл және ауыр автокөліктер қатарына 100 мың электромобильді қосуды жоспарлауда. «Он екінші бес жылдықта автокөлік жасау өндірісіндегі маңызды рөлге ие. Бұл – электромобиль саласы» деп жазады бейжіңдік «Бэйцзин циннянь бао» газеті. Ел үкіметі электромобильді такси, қоқыс тасу және тауар таситын шағын автокөліктер мақсатында пайдаланбақшы. Тіпті олар электромобиль пайдаланушыларды көлік салығынан босатуды да қарастырып жатыр. «Бейжің жолдарындағы көлік тығынын шешудің, қаланы экологиялық тазартудың оңтайлы әрі тиімді жолы – электромобильді пайдалану» деп есептейді жергілікті билік. Аталмыш электромобильдердің құйылмалы-ионды батареялары 400-500 шақырымға еркін жетеді.
Антон Афонин, «Астана моторс» ҚМК бас директорының орынбасары:
– Электромобильдерді болашақтың көлігі дегенге қарсы шығу қисынсыз болар еді. Алайда электромобильдерді жетілдіру үшін тынымсыз еңбек, ұзақ жылдар қажет. Қазірдің өзінде көптеген елде бұған қарамастан, электромобильдердің мыңдаған даналарын сатылымға шығаруды бастап та кетті. Бірақ Қазақстанда электромобиль өндірісі туралы бүгінгі күнде айту әлі ертерек. Біздің нарықта электромобильдер бірнеше себеп бойынша ұсынылмаған. Бірінші кезекте мұндай автомобильдерге сұраныс төмен, екіншіден, Қазақстанда жанармай құю стансыларының, көлік құралдарының шектеулі жүрулері және аккумулятор батареяларын ұзақ уақыт қуаттандыратын мамандандырылған инфрақұрылымның жоқтығымен түсіндіріледі. Ұқсас автомобильдерді жаппай өндіру немесе еліміздің автонарығына сатылымға шығару тек оларды пайдалану үшін жағдай пайда болғанда ғана басталуы мүмкін. Бұл мәселеде ешкім де қандай да бір нақты мерзімді тап басып айта алмайды.
Электромобильді ел игілігіне жаратар кез жақын
Последние статьи автора