Электрлі самокаттарға қандай шектеу қойылады
Елімізде электрлі самокаттарға қатысты жаңа заң қабылданды. Көлік құралының бұл түріне қандай шектеу қойылады, қандай өзгерістер бар деген сұрақтарға ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова жауап берді, - деп хабарлайдыAlashainasy.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Электрлі самокат – екі немесе үш дөңгелекті, бір адамның қозғалуына арналған орындығы жоқ көлік құралы.
- Электрлі самокатпен қай жерде және қай жастан бастап жүруге болады?
– Қабылданған жаңа заңға сәйкес электрлі самокат веложолда, веложолақтарда, 25 км/сағат жылдамдықпен жүріс бөлігінің оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақ бойымен бір қатарда қозғала алады. Ал тротуар мен жол жиегінде, жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықпен жүруі керек. Сонымен қатар электрлі самокат көлікке арналған жолмен жүруге тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі және жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы керек.
- Электрлі самокат жүргізушілері “шлем” киюге міндетті ме?
– Иә, мопед, электрлі самокат және велосипед жүргізушілері жолдың жүріс бөлігінде жүргенде ғана бекітілген шлемді киюі керек.
- Электрлі самокат жүргізушілеріне бақылау қалай жүргізіледі? Жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін оларға қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Айта кету керек, кикшеринг компаниялары жаяу жүргіншілер мен саябақтардың белгілі бір жерлерінде электрлі самокат жылдамдығын шектейтін болады. Орнатылған GPS-сенсордың арқасында мұндай аймақтарға кіру кезінде жылдамдықты шектеу автоматты түрде қосылады. Жауапкершілікке келсек… Қазір оларды жолаушылар мен жүктерді тасымалдау (ӘҚБтК-нің 593-бабы, 5 АЕК көлемінде айыппұл салу), сондай-ақ жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін (ӘҚБтК-нің 620-бабы, ескерту немесе 3 АЕК көлемінде айыппұл салу) жауапкершілікке тартуға болады.
- Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған электрлі креслолар шағын электрлі көліктерге жатады ма?
– Жоқ. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған креслолар шағын электрлі көліктер санатына кірмейді, себебі адамдардың қозғалуына арналған құрал болып табылады. Сонымен қатар шағын электрлі көліктерді пайдаланушыларға қойылатын жеке талаптарды мүмкіндігі шектеулі адамдар орындай алмайды. Мысалы, жолды кесіп өткенде креслодан түсіп, жетектеп өту деген сияқты талапты орындай алмайды.
- Неліктен “жаяу жүргінші” ұғымына өзгерістер енгізілуде?
– “Жаяу жүргінші” түсінігі электрлі самокат пен шағын электр көліктерін жетектеп жүруге қатысты заң талаптарына сәйкес реттелуде. Осы түзетуге байланысты бұл көліктерден түсіп жетектеген кезде олардың жүргізушілері жаяу жүргіншілерге теңестіріледі.
- Электрлі самокаттар ішкі істер органдарында тіркеле ме?
– Жоқ, тіркеуге жататын автокөлік құралдарының тізбесі Кеден одағының “Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы” техникалық регламентінде белгіленген. Электросамокат бұл тізімге кірмейді.
- Электрлі самокаттардың максималды жылдамдығы 25 км/сағаттан артық болса, ол қай көлік түріне жатады?
– Бұл жағдайда электрлі самокат “мопед” ұғымына түседі. Бұл ретте қазіргі уақытта максималды конструктивті жылдамдығы 50 км/сағаттан асатын электрлі самокаттардың импортын шектеу мүмкіндігі қарастырылуда, себебі мұндай көлік қауіпті, тұрақсыз және одан жарақат алу қаупі жоғары. Мопедтердің, электрлі самокаттардың және велосипедтердің жүргізушілеріне басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуге арналған жарық шағылыстыратын затсыз жүруге тыйым салынады.
- Бұл қандай заттар және талаптарын түсіндіріп кетсеңіз.
– Бұл талапқа сәйкес сізде кез келген жарық қайтарғыш элементі бар зат болуы керек. Ол кез келген киім болуы мүмкін: күртеше, қалпақ, жилет, аяқ киім, рюкзак, сөмке және арнайы жарық қайтарғыш ленталар. Бұл заттардың көрінуін қамтамасыз ету қиын емес. Жүргізушіге жан-жағынан көрінуі үшін оларды киімдердің үстіне кию керек.
- Электрлі самокатты басқарушыларды “жүргізуші” деп атайтынын ескерсек, олар басқа жүргізушілер сияқты мас күйінде көлік тізгіндегені үшін жауапкершілікке тартыла ма?
– Электрлі самокат автокөлік құралы болып табылмайтындықтан және тіркеуге жатпайтындықтан, оларға ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген жауапкершілік қолданылмайды.
Электрлі самокатты мас күйінде жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz