Ел назарында егіздер байқауы
Жуырда Тараз қаласындағы Мәдениет үйінде ерекше байқау болып өтті. Егіздер шеруінің елді елең еткізгені рас. Бірінен-бірі аумайтын егіздердің арасында өткізілген байқау, шынында да, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Аталмыш байқауға 4-16 жас аралығындағы егіздер іріктеп алынды.
Байқауда бағын сынауға 50 егіз тілек білдіріпті. Оған облыстың түкпір- түкпірінен келген үміткерлер қатысты. Ерекше егіздер арасында өткен байқау өте тартысты өтті. Олар ән айтып, би билеп, өлең оқып, музыкалық аспапта ойнап, өздерін барлық қырынан көрсетуге тырысты. Бірінен-бірі өткен дарынды балалардың байқауын тамашалауға келгендерде есеп болмады. Өткен жылы Жамбыл облысында 420 егіз және тоғыз үшем дүниеге келіпті. Олардың барлығы да бүгінде дені сау, аман-есен өсіп келеді. Бұл байқау Жамбыл облыстық әкімдігі жанындағы әйелдер және демографиялық саясат комиссиясының ұйытқы болуымен өтті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта егіздер арасындағы ерекше байқауды жыл сайын өткізбек ниетте.