Екі жылда Кореяға жұмыс іздеп барған 75 қазақстандық қайтыс болған

Рамен, самсунг немесе дорамалар. Оңтүстік Кореяны тұрғылықты жеріне айналдырған қазақстандықтарды жат елде не қызықтырады? Сеулде жүрген отандастарымызбен тілдескен Azattyq Rýhy тілшісі бұл сұраққа нақты жауап алуға тырысты.

 

Сонымен, 2014 жылдан бастап екі ел арасындағы визалық тәртіпке өзгерістер еніп, қазақстандықтарға бұл елге визасыз 1 айлық сапар шегуге рұқсат етілді. Осыджан соң Қазақстан азаматтары жаппай Сеулге бара бастады.

 

РЕСМИ СТАТИСТИКА

 

ҚР СІМ деректері бойынша, 2018 жылы Оңтүстік Кореяға заңсыз жолмен табыс табу мақсатында 12 мыңға жуық қазақстандық кеткен. Ал 2020 жылғы қарашадағы жағдай бойынша 9,8 мың отандасымыз осы елде заңсыз жүр.

 

2019 жылдың қаңтары мен 2020 жылдың қарашасы аралығында Кореяда 75 қазақстандық қайтыс болды. Олардың көбі Оңтүстік Кореяның медициналық мекемелерінде ем алып жатқанда, табиғи себептермен көз жұмған. Ресми мәлімет бойынша, 25 қазақстандық сотталып, осы елде жазасын өтеп жатыр.

 

Бұл елге турист ретінде 1 айға кетіп, бірнеше жылға қалып қоятындар, тіпті, қайтарда неше түрлі ауыр жарақатпен оралатындар бар. Оның басты себебі – жұмыс. Шетел азаматы ретінде тегін медициналық көмекке қол жеткізе алмау да денсаулықты кейінге ысыруға сеп болады.

 

ЖАЛАҚЫ ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ 3-4 ЕСЕ АЗ ТӨЛЕНЕДІ

 

«Мен косметикалық компанияда жұмыс істедім. Зиянды өндірістен денсаулыққа келетін залал көп болғандықтан ол жерден шығып кеттім. Бұл жақта ауыр жарақат алып, амалсыз елге қайтқан жерлестеріміз де болды. Себебі, медициналық қызмет қымбат. Шетелден келгендерге ең қиын және зиянды жұмыстар беріледі. Одан кейін мен құрылыс алаңында жұмыс істей бастадым. Күніне 150 долларға дейін табамын. Қара жұмыстан басқа жақсы жерлерде еңбек етуге қазақстандық диплом жарамайды. Мұнда тек АҚШ, Еуропа немесе Қытайдың дипломы жарамды», - дейді Дунпо қаласында жұмыс істеп жүрген Шыңғыс.

 

Ол ай сайын шамамен 1 млн теңге табады. Ал өзімен бірдей жұмыс істейтін жергілікті тұрғынға 3-4 есе көп төленетінін айтады.

 

«Менің осы елге біржола көшіп, мұнда қалу ойымда жоқ. Алайда, бұл жақтағы өмірге қызығатыным рас. Мұндағы халық 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істейді. Жердің әр сантиметрі пайдаланылады. Барлық жерде дерлік ауылшаруашылық дақылдары отырғызылған. Бұл елде сыбайлас жемқорлық жоқ деуге болады. Қылмыс көрсеткіші де өте төмен», - деді Оңтүстік Кореяның артықшылықтарын тізген Шыңғыс.

 

ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН АТАНУ ҮШІН ТҰРМЫСҚА ШЫҒУ ҚАЖЕТ

 

Оңтүстік Кореяда жүрген отандасымыздың тағы бірі – Айжан Айтмағанбет.

 

 

«Ең алғаш Кореяға виза жасатып, заңды рұқсатпен келдім. Ол кезде 22 жаста едім, қазір 26-дамын», деп Айжан бұл елге 3,5 жыл бұрын қалай келгенін еске алды.

 

«Жұмыс қиын емес, ұнайды. Машинаның детальдарын жасайтын зауытта істеймін. Тек бір батырманы басып тұрамын. Қиын емес. Күніне 8 сағат жұмысқа 1 айда минимум 500 мың теңге, максимум 700 мың теңге табамын. Қыздармен бірге пәтер жалдап тұрамын. Айына 300 мың вон төлейміз, яғни, теңгемен – 100 мың. Оны қыздармен бөліп төлейміз. Бірақ әрі-бері жүріп-тұрғаны бар, азық-түлік бар – 1 айдағы барлық шығын 100 мың теңге деуге болады. Тапқан ақшамды ауылдағы әке-шешеме саламын», - дейді ол.

 

Айжан 3,5 жылда корей тілін жақсы меңгеріп алған. «Бізбен салыстырғанда Корея дамыған ел» дейді ол.

 

«Мұнда қазақстандықтар көп, олардың басым бөлігі Шымкенттен келген. Елдің әлеуметтік жағдайы, өмір сапасы жоғары. Технология дамыған, көп нәрсе ыңғайлы. Жұмыс, мүмкіндіктер көп. Мұны көрген қыздар, мәселен менің таныстарымның арасында корей азаматтарына тұрмысқа шыққандары көп. Олар заңды түрде некелерін қияды. Сол себепті, Кореяда тұруға рұқсат беріледі. Бала туса жергілікті тұрғын атануға мүмкіндік жоғары», - дейді Айжан.

 

Қарағандыдағы Медициналық университетті бітірген Айжан «өз елімде дәрігер болып істесем, осы қаражатты таба алмас едім» дейді. Алайда, ол жат елдің азаматына тұрмысқа шығатын ойының жоқ екенін, жуырда елге қайтатынын айтты.

 

КОРЕЯДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ БАСТЫ ПРОБЛЕМАСЫ – ВИЗА

 

«Бұл жақтағы біздің қауымдастық отандастарымызға қол ұшын созу мақсатында құрылған. Медициналық ақы қымбат қой, ақша жинап беру қажет болса, жұмыс орындары болып жатса, сим-карта алу, орналасу, пәтер табу, тағы басқа сұрақтар бойынша қазақстандықтарға көмек беруге тырысамыз. Маусым уақытында 1 млн теңгеге дейін ақша табуға болады. Сол себепті 30 мыңнан астам қазақстандық осында жүр, оның шамамен 9 мыңы заңсыз. Олардың ең басты мәселесі – виза. Біздің ел мен Корея арасында «жұмыс визасы» ашылса жақсы болар еді. Визаның болмауынан медициналық сақтандыру жасай алмайды, ақшаны Қазақстанға дұрыс жібере алмайды. Кореяда өз құқықтарын қорғай алмайды. Тағы басқа да мәселелер бар», - дейді Кореядағы қазақ қауымдастығының өкілі Бекасыл.

 

Бекасылдың айтуынша, екі ел арасындағы виза тәртібі бойынша, корей ұлтының азаматы болмаса, яғни, этникалық корей болмаса, қазақстандықтарға тек турист ретінде келуге рұқсат етілген. Жұмыс істеуге заңды түрде рұқсат жоқ.

 

Айта кетерлігі, Корея Республикасынан Қазақстанға ақша аударымдарының көлемі 2020 жылы қысқарды. Ranking.kz мәліметтері бойынша, 2020 жылы мигранттар елімізге 38,2 миллиард теңге, ал 2019 жылы 49,1 миллиард теңге жіберген.

 

Сеул коронавирусқа байланысты 13 сәуірден бастап Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимді тоқтатты. Виза мерзімі өтіп кеткен азаматтар елге оралғанымен, Кореяға қайта бару құқығынан айырылады.

 

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

 

 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста