Егіс алқабынан балбалтастар табылды
Түркі әлеміне ортақ дүние – балбалтастар тарихтың үнсіз куәгері екені рас. Бірақ әлі күнге олардың тиісті органдармен қорғауға алынбауы алаңдатады. Олай етпесе егіс даласында ескерусіз қала ма?
Бұлай деуге себеп бар. Өйткені күні кеше Зеренді ауданының Ормандыбұлақ ауылының диқандары егіс даласынан кәдімгі балбал тастарды тапты. Тарихи жәдігер қыпшақ дәуірінен қалған мұра болып шығыпты. Егістің ортасынан соқаның тісіне ілінген тасты қопарған диқаншылар таң-тамаша қалған. Қанша дәуір өтсе де сол қалпын сақтаған балбал тастың тұрқы да ерекше көрінеді.
Қуаныш ШАҚШАҚОВ, Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының қызметкері:
– Балбал тастың сол қолында кесе ал оң қолында айбалта бейнеленген. Бұл егер сен бізге бейбіт мақсатта келсең, біз сені қарсы аламыз. Жау ретінде келсең, онда біз саған қарсылық танытамыз дегенді білдіреді.
Жалпы Ақмола облысында күні бүгінге дейін 9 балбал тас анықталыпты. Оның алтауы Ерейментау даласында болса, екеуі Көкшетау қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайында сақталған.
Бибігүл СӘДУАҚАС, Ақмола облыстық өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері:
– Балбалтас тарихи жәдігерлері қазақ даласында ХІ ғасырдан бастап таралған. Көбінесе Ақмола облысында Түрік қағанаты мен Қыпшақ өркениеті кезіндегі тастар кездеседі. Ал ислам діні таралғаннан бастап қазақ жерінде балбалтастар жасау жойылған болатын.
Бір қызығы, балбалтастардың барлығы жан-жағын айналдыра тастармен қоршалып қойылған. Бұл сол әулетте қанша адам бар екендігін білдіреді, — дейді тарихшылар.