Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда, Мәншүкке Батыр атағы берілмес еді...

Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда, Мәншүкке Батыр атағы берілмес еді...

Қаршадай болып, ер қолынан келмейтін іске барған, Шығыстың шолпан жұлдызына, халқымыздың мақтанышына айналған Мәншүк Мәметова бүгінде көзі тірі болғанда сексеннің сеңгірінен асар еді...

Қайсарлықтың, ерліктің үлгісін паш еткен Мәншүк қазақ халқының жадында мәңгі жас күйінде қалды. Оның басынан бақайшағына дейін қаруланған көп жауға жалғыз өзі қарсы тұрып, алға жылжытпай, жер бауырлатып, соғысты бірнеше минутқа тоқтатуы, көзсіз батырлық еді.

Мәншүк басынан жараланса да, «Сендер бара беріңдер, өлсем мен өлейін», – деп жалғыз өзі жолдастарынан қалып,  көпе-көрінеу ажалмен бетпе-бет келіп, жанын құрбандыққа шалуы, ерліктің ерлігі еді...

Аққан жұлдыздай қысқа ғана ғұмырында халқының, елінің атын даңққа бөлеген батыр қыз, қазақтың аяулы аруы Мәншүк Мәметова жайында айтылып та, жазылып та жүр. Көркем фильм де бар. Әйтсе де төмендегі мақаланың жөні бөлек. Өйткені бұл – Мәншүкпен қан майданда қатар жүріп, қара нанды бөліп жеген, соғыс тауқыметін бірге тартқан қарулас достарының, үзеңгілес жолдастарының естеліктері.

Сан ерліктің басын құраған Мәншүкке Батыр атағы жаны шейіт болғаннан соң алты ай кешігіп берілген. Ал Әлия өлгеннен соң Батыр атағын 17 күннен кейін алған. Бұдан «Бұл қалай?» деген сұрақ тууы заңды да. Осы жағдайға байланысты біз Мәншүкті оққа ұшар алдынан бірнеше минут бұрын көріп, соңғы рет тілдескен, ерлігіне жалғыз куәгер, әрі сүйегін жинаған, сол кездегі қазақтың 100-ұлттық атқыштар бригадасының кіші лейтенанты, бүгінде дүниеден озған Ахметқазы Ахметжанұлының естелігінен біраз жағдайларға қанығып, көз жеткізуімізге болады.

«Онда мен «Прощай Родинада», танкіге қарсы тұратын дивизионның ерікті комсоргі болатынмын. Біздер жауға алғаш соққы беруіміз, тіпті болмаса, жарылғыш бөтелкені белге байлап, танкінің астында қалып, бірге жарылуымыз керек. «Прощай Родина» деген сол...

1943 жылғы қазанның 11-і күні біздің дивизионның біраз жауынгерлерін Изочи стансысын алу үшін құралымызбен жаяу әскерге – командалық батареяға бөліп жіберді. Осылайша біз Мәншүктердің батальонына қосылдық. Стансыны алған жағдайда 100-қазақ бригадасына Изочи аты берілетін болды. Ұрысқа кіру үшін біздер Үлкен Иван мен Кіші Иван көлінің арасынан өттік. Мәншүктер жаудың көп келетін жерін пулеметпен қарсы алу үшін биіктеу жотаға орналасты да, жауынгерлік орнын белгіледі. Таңғы алтылар шамасында ұрыс басталып кетті. Бар күшімізбен Изочиді (шығындалсақ та) басып алдық. Майданның заңы – басып алған жеріне дереу бекіну керек. Сөйтіп, окоп қазып, әркім өз тіршілігін жасауға кіріскенде, бізден екі-үш есе күші көп жау қайта шабуылға шықты. Орнығуға шама бермеді. Біразымызды қырып жіберді. Қалған тірілеріміз позицияны өзгерту үшін артқа шегіндік. Қайтар жолымызда Мәншүктер тұрған төбешікті басып өтуге тура келді. Оның үстіне окоп кеңдеу болатын. Төбешікке келсек, Мәншүктен басқа тірі жан жоқ. Басынан жараланыпты. Бұрынғы ұрыс орнында емес, өз қаруының оғы таусылған соң, окопқа жақын жолдасының пулеметін іске қосайын деп жатыр екен. Арамыз небәрі 4-5 метрдей ғана. Мәншүктің жалғыз екеніне көзіміз жеткен соң, бізбен жүруін өтіндік. Ол: «Бара беріңдер, мен кетсем сендерді кім қорғайды?» – деді. Сосын біздер: «Мәншүк қызықсың, Гитлердің бар әскерін жалғыз сен қырып тауыспақпысың, кеттік», – дедік. Көнбеді. «Сендерді мен қорғамасам, жете алмайсыңдар», – деп пулеметті іске қосып жіберді. Біз кете бардық. Артымыздан дүмпулер естіліп жатты. Біраздан соң дала да тыншыды. Біздер бір-бірімізге қарап «все» дедік. Егер сол жолы Мәншүк дәл осындай батырлық көрсетпегенде, 100-атқыштар бригадасының тірі қалған жауынгерлері мүмкін бұлай отырмас та едік. Менің қара  жерді басып жүргенім, сол қара қыздың арқасы.

Содан қалған бірнеше жігіттер штабқа жеттік. Бригада комиссары сақтаған Бәйішевке Мәншүктің артта қалғанын, жаудың көп күші екпіндеп келе жатқанын жедел түрде баяндадым да, өзімнің дивизионыма кеттім. С.Бәйішев дереу дөңгелене қорғаныс жасауға кірісті. Немістер Изочиді алғанмен, күші әлсіреп қалған болуы керек, қайтадан шабуылға шықпады.

Қараша айының аяғында 100-мен 31-бригадаларды қосып 1-атқыштар дивизиясы құрылды. Жау Изочиді көпке дейін ұстап, ешкімді жолатпады. Мәншүктің ерлігін өзіміздің жауынгерлік газетімізде алдымен Асқар Закарин, сонан соң «Қазақ қызы» деп Жекен Жұмаханов жазды. Батыр атағын Мәншүк алты айдан кейін алды. Оның себебін мен соғыс біткеннен кейін бригада комиссары С.Бәйішевтің хатшысы, кейіннен 120 миллиметрлік дивизионның бастауыш партия ұйымының хатшысы болған жерлесім, туған ағатайымдай сыйласып өткен Байуақ Ахметовтен естідім. Ол бертінде, 1974 жылы қайтыс болды. Семейде біраз жыл ол кісінің қарамағында қызмет істедім. Байуақ: «Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда, Мәншүкке Батыр атағы берілмес еді», – деп отыратын.

Мәншүктің ерлікпен қаза тапқаны туралы жазылған газеттер Мәскеуде Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасының орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітші болып істейтін Мәліктің қолына тиеді. Оның үстіне Мәлік Мәншүкті штабта, 1943 жылы маусым айында келгенде көргенімен қатар, анасы Әминамен хат алысып тұрған. Мүмкін Әмина «қызыма бас-көз бол» деп те тапсырған шығар. Мәншүктің қазасын ести салысымен, ол дереу Невель қаласына келеді. Ол кезде 100-бригада тарап, 1-атқыштар дивизиясы құрылып жатады, ал Байуақ сол уақытта Невель қаласындағы 6-гвардиялық армияның резервінде тұрады. Мәлік келе-сала: «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – дейді. Олар екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік жатып кеп ашуланады. Сосын тұрып: «Айтыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» – дейді. Біреуі «4800» десе, біреуі «5000 шақырым» деп жатады.
«Мейлі, 4 мың-ақ болсын. Басқаны қойып, қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша жерден Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі сендерге ерлік емес пе? Осыдан артық немене керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барам. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем» деп, қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді. Содан алты ай дегенде Мәншүкке 1944 жылы 5 наурызда Батыр атағы беріледі. Көп жерлерде Мәншүкті батырлыққа ұсынған Қазақстан үкіметі еді дейді, мүмкін Мәлік оларға хабарласып, «қатынас қағаз жазыңдар» деп сұраған шығар. Әйтпесе майдан даласы қайда, Қазақстанның үкіметі қайда еді?

Аға сержант М.Ж.Маметоваға Советтер Одағының Батыры атағын беру туралы
КСРО Жоғарғы Советі резидумының Указы
Неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында Командованиенің жауынгерлік тапсырмасын үлгілі орындап, мұнымен бірге қаһармандық және батырлық көрсеткені үшін Маметова Мәншүк Жиенғалиевнаға Советтер Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі қоса тапсырылсын.

КСРО Жоғарғы Советі
Президиумының Председателі
М.Калинин
КСРО Жоғарғы Советі
Президиумының Секретары
А.Горкин. Москва. Кремль. 1944 ж. 5 наурыз

Мәншүк екі рет жерленді
Енді Мәншүктің сүйегі жайында. Қызы Батыр атағын алғаннан кейін Әмина Мәлікке Мәншүктің басына баратынын айтады. Ал Мәншүктің беті болса, осы уақытқа дейін әлі жабылған жоқ болатын. Содан «сүйегін тапқанша» деп Невель қаласында оны шартты түрде жерлейді. Осы кездесуде Мәлік Мәншүктің ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін анасына тапсырады. Оған Байуақ та қатысады. Пионерлер мен жиналғандар алдында Әмина Мәметова, Әбілхайыр Баймолдин сөйлейді.

Менің бұл кезде осы оқиғалардан хабарым болған жоқ. Изочидегі ұрыстан кейін мені артиллериядан алып, жаяу әскерге жіберді. Онда ешкімді танымаймын, жаңа бастықтар.

Бір күні мені 1-атқыштар дивизиясының саяси  бөлім бастығы полковник А.Г.Тутыхин шақырады деді. Барсам, есік алдында бұрынғы 100-ұлттық атқыштар бригадасынан танитын капитан Тұраш Әбуов тұр екен. Қуанып кеттім. Полковник: «Сіз Изочидегі ұрысқа қатыстыңыз ба? – деді. «Иә»  дедім. «Онда Мәншүк Мәметованың жауынгерлік орнының қайда орналасқанын білесіз бе?» – деді. «Иә» дедім. Олай болса, капитан Әбуов екеуіңіз барып, Мәншүктің сүйегін тауып, Невель қаласына апарып, жерлейсіздер»,  – деді де, жанымызға екі жауынгерді қосып берді. Содан жолға шықтық. Ол жердің жадымда сақталғаны сонша, қазір де тауып берген болар едім. Мәншүкке снаряд тікелей тигендіктен, сүйегі шашылып кетіпті. Әйтеуір қыз бала, сүйегі нәзік, кішкене болған соң, оңай жинастырып, плащ-палаткаға салып, сол кездегі Невель қалалық партия комитетінің хатшысына кіріп, мән-жайды айттық. Сүйек партия комитеті алдындағы алаңға полковник Әбілхайыр Баймульдин мен старшина, құралайды көзге атқан сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтың ортасына қойылды».

100-ұлттық атқыштар бригадасының ардагері Мұхаметбек Нуртазиннің естелігінен:
«Мені 1943 жылы шілде айында 120-минометшілер дивизионында жүргенімде, жауынгер газеттерінде мақалаларым жарық көріп, жазу-сызуға ыңғайымды байқаған соң болуы керек, С.Бәйішев өзіне хатшылыққа шақырды. Мәншүкті сол кезден бастап жақынырақ білдім. Оның майданға алынғанда, тіпті әскери билеті де болмаған, бес рет рапорт жазып, ақыры қоймай, пулеметшілер батальонына барады. Ал 1943 жылы қазанның 14-інен 15-іне қараған түні оған партбилет тапсырылды. Оған өзім қатыстым. Ол билетті алғаннан кейін, бес-алты сағаттан кейін ұрысқа кіріп, сол жолы ерлікпен қаза тапты. Мәншүк өлгеннен кейін, Отан соғысының ІІ дәрежелі орденіне ұсынылды. Осы екі арада 100-бригаданы таратып, 1-атқыштар дивизиясы құрылды. Мен сол дивизияның саяси бөлімінің бастығы полковник А.Г.Тутыхиннің хатшысы болып қала бердім.

Бір күні ол кісі мені түнгі сағат он екіде оятып: «Алматыға барғың келе ме?» – дегені. Әрине барғым келетінін айттым.  «Олай болса, қазір Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасының бастығы А.С.Щербаковтан жеделхат келді, онда Совет Одағының Батыры М.Мәметованың денесін Алматыға жеткізуге арнайы самолет жіберетінін айтыпты. Онда «сүйекті сен апарып кел, қайда жерленгенін білесің бе?» – деді. Мен аңтарылып қалдым. Басым салбырап, Мәншүк соғысқан төбешік көпке дейін жаудың қолында болғанын, әлі денесінің табылмағанын айттым. Содан кері жеделхат жолданды. Ал Тутыхин болса, дереу Мәншүктің денесін табуға әрекет жасап, онымен ұрыста болған, көрген жауынгерлерге іздеу салды. Ақыры Ахметқазыны тауып, Тұраш екеуіне Мәншүктің сүйегін Невель қаласына жерлеуге тапсырма берілді.

Ахметқазыны мен өте жақсы білемін, жаны таза, өте тәртіпті адам. 1943 жылы қазан айында екеумізді С.Бәйішев қатардағы жауынгерден кіші лейтенант шеніне бірге ұсынды». («Егемен Қазақстан», 1993, 2 қыркүйек).

Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында «Жалын» баспасы Отан соғысының ардагерлері Ақынтай Күйікұлы және Александра Игнатьевна Халимолдиндердің «Мәншүктің жұлдызды сәті» атты кітабын орыс тілінде жарыққа шығарды. Бұл деректі шығарма Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен оның қарулас жолдастары – 100-ұлттық атқыштар бригадасының жауынгерлері туралы сыр шертеді.

Ардагерлер «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісіне берген сұхбатында Мәншүк туралы көп сырлар айтқан еді.

Ақынтай Күйікұлы: «Осыдан он шақты жыл бұрын «Қазақфильм» киностудиясы Мәншүк туралы көркем фильм түсірді. Бұл фильм маған да, Александра Игнатьевнаға да ұнаған жоқ. Себебі Алматыда 100-ұлттық бригада жасақталып, майданға аттанғаннан бастап біз Мәншүкті білетінбіз. Ал фильмдегі Мәншүк біз білетін Мәншүкке ұқсамайды. Осы киношығарма туралы отбасымызбен әңгімелесе отырып, «Мәншүк туралы, қарулас достарымыз туралы біз неге жазбаймыз? Қан майданда ерлікпен қаза тапқан есіл ерлер жөнінде кейінгі ұрпаққа әңгімелеп беру, тірілердің қасиетті парызы емес пе?» деген ой туды. Сөйтіп, біз Мәншүк туралы білетінімізді жазып шығуға бекіндік. Бірақ көз алдымызда, жүрегімізде сайрап тұрған Мәншүк пен достарымыздың жарқын бейнесін қағазға түсіру оңайға соқпады. Өйткені біз бұрын-соңды жазу-сызумен айналысып көрген жоқ едік. Сонымен  бірге, біз білетін кейбір фактілерге документті түрде дәлел керек болды. Біз біраз жылдар бойы архивтерден материалдар жинадық.

Александра Игнатьевна: «Біз жақында ғана Ұлы Жеңістің 40 жылдығын тойлап өттік. Ал Ұлы Жеңісті біздің көптеген ержүрек азаматтарымыз көре алмай арманда кетті. Соның бірі Мәншүк еді. Мен оның (көзіне жас алып) есімін әлі күнге дейін жайбарақат айта алмаймын. Есіме алған сайын өзегімді өкініш өртейді. Жаңа Ақаң жақсы айтып кетті. Соғыста қыршын кеткендердің ерлігін, азаматтық қасиеттерін кейінгі ұрпаққа біз айтпағанда кім айтады. Мәншүк ерекше жаратылған қыз болатын. Оның адамды түсінуін, сезімталдығын, бауырмалдығын айтып тауысу мүмкін емес. Біздің 100-бригадада Жолдас Алпысбаев деген аспаз болды. Жасы сол кезде қырықтардан асып кеткен егделеу кісі болатын. Әңгімелесе қалған адамға ауылдағы балалары туралы айта жөнелетін. Жолдас Мәншүкті өзінің туған қызындай қадірлеп жүретін. Бір ғажабы, біздің Мәншүк те оның барлық балаларының атын жатқа білетін. Кездесе қалса, әрқайсысын жеке-жеке сұрай бастайтын. Жолдас хат танымайтын кісі еді, сондықтан ауылға сәлемін Мәншүкке жаздырып алатын. Ал үйден хат алған кезінде ешкімге оқытпай, Мәншүктің келуін күтіп жүретін. Бірде мен Жолдастың Мәншүкке хат оқытып отырған сәтінің үстінен шығып қалдым. Егде жауынгер елінің, отбасының «аман-есенбіз» деген сәлемін тыңдап, көзіне жас іркіліп отыр екен. Жалғыз Жолдас емес, Мәншүкке хат жаздырып, ауылдан келген хатты оқытып алып жүретін қазақ жауынгерлері көп еді. Тағы бір мысал айта кетейін. Мәншүктің пулеметшілер взводына Попов деген жауынгер қосылды. Ол өзі деревняның жігіті екен. Қақ-соқпен ісі жоқ, біртоға сезімтал жан еді. Сырнайды жақсы тартатын. Әсем даусымен ән салатын. Бірақ күзетке тұруға кезегі келген кезде, өңі қашып, сұрланып кететін. «Апырмай, тірі адамға қалай оқ атамын» – дейтін ол абыржып, сосын сәл ойланып алып «жарайды, оқ атпай-ақ мылтықтың дүмімен ұрсам болмай ма» деп өзін-өзі жұбатып қоятын. Осы Поповты Мәншүк өз қамқорлығына алды. Пулемет атудың қыр-сырын жалықпай үйретті. Бір күні оқ атып үйрену алаңына барсам, Мәншүктер пулеметпен нысана көздеп жатыр екен. Кезек Поповқа келді. Ол бірінен соң бірі жылжып бара жатқан нысананың алғашқысын атып түсірді де орнынан қарғып тұрып:

– Жоқ, келістіре алатын емеспін, – деді мұңайып. Оның сөзін жымия тыңдаған Мәншүк:

– Сені түсінуге болады, нысананың бәрін көз алдыңа адам деп елестетіп тұрсың ғой. Ал сен бір сәтке соларды фашист деп ойланып көрші, егер сен қазір оларға оқ жаудырмасаң, өзің оққа ұшасың. Жауыңа қатал болмасаң, отаныңды қорғай алмайсың, қане, қайтадан ат, – деді Мәншүк дауысын қатайтып. Содан кейін Попов нысананың бірінен соң бірін атып түсіре бастады. Біз өзіміздің шығармамызда Мәншүктің бейнесін ешбір қоспасыз жазып шығуға тырыстық. Оның ержүрек бейнесі ешбір бояусыз-ақ жарқырап тұрарына сенемін. Жалпы Мәншүктің замандастары – Қазан революциясының тәрбиелеп шығарған алғашқы түлектері. Ақаң екеуміз де сол ұрпаққа жатамыз. Ұлы Отан соғысында ерлік жасап, Отанын жаудан қорғағандар осы ұрпақтың өкілдері. Біздің 100-бригаданың дені қазақ жауынгерлері болды. Олар батыр қыздары Мәншүктің атына кір келтірген жоқ, жаумен нағыз ерлерше айқасты. Біздің шығармамызда Мәншүктің есімімен қатар талай-талай қазақтың батыр қыздары мен ұлдарының аттары аталады. Мен ең алдымен 100-бригаданың комиссары Сақтаған Бәйішев пен саяси бөлім бастығы Әбдірахман Досановтардың есімдерін бөліп айтар едім. Біздің бригада жауынгерлерінің рухани мықты болуына, қазақ халқының ұлы деген атқа кір келтірмеуіне осы адамдардың ықпалы мол болды десем, артық айтқандық емес. Жалпы, осы кітаптың ішіндегі кез келген кейіпкерлер туралы жеке-жеке кітап жазуға болады. Жасыратыны жоқ, қазақ әдебиетінде Ұлы Отан соғысы тақырыбы әлі күнге қанағаттанарлықтай дәрежеде жазылмай келеді.

Мен Мәншүкпен бірге соғысқан қазақтың тағы да екі ардагер қызын еске алып отырмын. Оның біріншісі – әскери дәрігер Мәриям Сырлыбаева, екіншісі – әскери-фельдшер Сара Жолдасбаева. Мәриям соғыстан кейін Алматы медициналық институтында доцент болып жұмыс істеді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын науқастанып дүние салды. Ал Сараның өмірінен хабарсызбыз. Осы екі қыз туралы да жазу біздің борышымыз деп ойлаймыз. Сонымен бірге бізді соңғы кездері мерген Ыбырайым Сүлейменовтің жарқын бейнесі көп мазалап жүр. Оның ұрпақтары Жамбыл облысында тұрады деп естиміз».

Ақынтай Күйікұлы: «Өзіміз туралы не айтамыз. Мен 100-бригада құрылғанға дейін 843-атқыштар полкінің құрамында Мәскеуді қорғауға қатыстым. 1942 жылы Алматыда 100-бригада жасақталып жатқан кезде мені әскери-инженер ретінде осы бригаданың құрамына шақыртып алды. 100-бригаданың құрамында Ржев, Великие Луки, Невель қалаларының түбінде шайқастық. Соғыстан кейін партия, совет орындарында қызметтерде болдым».

Александра Игнатьевна: «Мен Қырғызстанда туып-өскенмін. Соғысқа дейін Қырғызстан педагогикалық институтында оқыдым. 100-бригаданың құрамында штаб байланысшысы болдым». («Қазақ әдебиеті», 1985, 24 мамыр)

100-ұлттық атқыштар бригадасының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың, А.Фадеев атындағы мемлекетаралық сыйлықтың иегері Әзілхан Нұршайықов былай деп сыр шертеді:

– Мен 100-бригаданың артиллерия дивизионында зеңбірекшілер командирімін, Мәншүкті майданда төрт рет көруге жазыпты.
1943 жылдың көктемінде бригада қанды ұрыстардан шығып, қорғанысқа көшті. Молодой Туд, Великие Луки шайқастарында зор шығынға ұшырап, қатты қаңсыраған құрама екінші шепке жайғасып, өзін жауынгерлік қалыпқа қайта келтіруге кірісті.

Осындай күндердің бірінде 5 мамырда, бригада газетінің тілшілері мен әскери бөлімдерде шығарылатын «Жауынгерлік листоктардың» редакторлары бригада штабы тұрған селоға шақырылды. Баспасөз күніне арналған жиналыс өтті. Осы жиналыста мен Мәншүкті екінші рет көрдім. Бұл кезде Мәншүк штабтағы хатшылық қызметін тастап, пулеметшілікке ауысқан еді. Ол да пулемет батальонының өз ротасында шығатын «Жауынгерлік листоктың» редакторы екен.

Жиналыста ең белсенді әскери тілшілерге, үздік редакторларға құрама командирінің арнаулы бұйрығымен алғыс жарияланды. Алғыс алғандардың ішінде сержант Мәншүк Мәметова, артиллерия дивизионынан мен болдым Жиналыс соңынан бірнеше жауынгер Мәншүкті ортамызға алып, оны батальонына дейін шығарып салдық.

Мәншүк өзінің сүйкімді қылығы, өжет мінезі, өткір сөздерімен бәрімізді лезде баурап алды. Біздің бригаданың атақты мергені Ыбырайым Сүлейменовті «Мерген аға» деп атады. Бригада көркемөнерпаздары ансамблінің бастығы композитор Ысмағұл Көшекбаевты «лейтенант аға» деп қастерледі. Артдивизион комсомол ұйымының хатшысы Тұраш Әбуовты «қисық көз құрбым» десе, мені «шүйкедей сержант» деп әзілдеді.

Осы арада бағана, жиналыс кезінде подполковник С.Бәйішевтің Мәншүкке арнап айтқан сөзі еріксіз есіме түсті:

– Қазақ халқының бұрынғы тарихында жауға садақ көздеген батыр қыздардың болғаны рас. Ал пулемет тұтқасын бірінші ұстаған мерген қыз Мәншүк Мәметова қарындастарың, міне, қастарыңда отыр. Осындай ерлігі, өжеттігі үшін Мәншүкке мың рақмет!!

Подполковник осылай деген еді
Ән шырқап, әзіл айтысып келіп, біз Мәншүк батальонының тұсындағы төбешіктің басына кеп тоқтадық. Мәншүк осы арада өз батальонында қалмақ. Бірақ біздің Мәншүкті қиып кеткіміз келмеді. Оны-мұны сұрақтар қойып, оның қасында біраз аялдағымыз келді.

– Алматыны, әкетайымды, мамамды сағындым, – деді Мәншүк. – Шіркін-ай, жауды жеңіп, елге барып, Алматының шетінен жертөле қазып алып, сонда тұрсам да, арманым болмас еді. Соғыс бітсе екен!

Біз ажырасар алдында Мәншүктің тағы  бір ән айтуын өтіндік. Ол алғашқы ән айтқанындай, қуақы күйге көшпей, сәл мұңлы, ойлы қалыпта қалқыды. Арқасындағы автоматын домбыра етіп, кеудесіне қарай ысырған жоқ. Қара көздері қалың орман жаққа мөлдірей қадалып, бір сәт үнсіз тұрды. Содан кейін оймақ еріннің қызғылт жиегі дірілдей көтеріліп, оның әр жағынан жарқ етіп, маржандай аппақ тістері көрінді.

Осы кездесуде Мәншүк: «Мен қазанда туыппын, алдағы күзде 21-ге толамын ғой», – деген еді. Бірақ ол 21-ге толуына сегіз күн қалғанда, 1943 жылғы 15 қазандағы фашистермен қанды шайқас кезінде қаза тапты. «Мәншүк опат болды» деген суық хабарды естігенде тірі қалған қазақ жігіттері қатты қайғырды. Өйткені «Мәншүк біздің ортамызда жалғыз гүліміз еді. Ортамыздағы жалғыз қызды қалай сақтай алмадық. Неге ол өлгенше, өзгеміз тегіс қырылмадық» деп қамықтық. Әрқайсымыз Мәншүкпен кездескен сәттерімізді егіліп есімізге түсірдік.

«Мәншүк өлді, өлген жоқ» деген екі ой менің басымда ұзақ тайталасты. Ақыры, дөң басында тербелген қызғалдақ қыз лау етіп жанып, өшпес жалын, өлмес отқа айналып кеткен іспеттенді. Көп толғанып, тебіреніп жүріп, ақыры Мәншүкке арнап 1943 жылы Калинин майданында «Жан құрбы» деген өлең шығардым.

Қара көз қазақ қызы Мәншүк батыр,
Орнатқан дұшпанына заман ақыр.
Сұлатқан сан фашисті баудай турап,
Өнегең отаншылдық сайрап жатыр.

Қара көз қазақ қызы, қарындасым!
Қиғаш қас, оймақ ауыз, қолаң шашым.
Елімнің азаттығын ту ғып ұстап,
Ер болып еркін өскен замандасым.

Абырой-атағыңа намысың сай,
Жаулардың төбесінен түсіріп жай.
Керемет кешегі еткен ерлігіңді,
Ешқашан ұмытпаспыз, жан қалқатай!

Ие боп  бір төбеге жалғыз қалдың,
Жалындап жасқанбастан ұрыс салдың.
«Максимді» үсті-үстіне зіркілдетіп,
Қаптаған қалың жаудың жанын алдың.

Күн батты жас тәніңді қанға малып,
Дауыстар «Уралаған!» жетті талып.
Әппақ ет, жанардай бет, шалғандай өрт,
Қара шаш жерді жапты толқынданып...

Сынған жоқ өлсең-дағы сенің сағың,
Өшкен жоқ, өрлей түсті жастық бағың.
Еске алып, мәңгі саған бас иеміз,
Жан құрбым, торқа болсын топырағың!
Әрине бұл өлең мықты да емес шығар.

Бірақ бұл Мәншүк туралы шығарылған ең бірінші өлең. Мұны мен Мәншүк Совет Одағының Батыры атағына ұсынылмай, атақ берілмей тұрып жаздым. Бұл өлең ІІ Балтық майдандық «Суворовшы» газетінің 1945 жылғы 8 сәуір нөмірінде басылды. Одан бұрын бригадалық газет «Отан үшінде» және «Социалистік Қазақстанда» жарияланды.
Бұл өлеңді Мәншүктің туғанына 70 жыл толған күні қайталап оқып шықтым. Майданда Мәншүк жырлаған әндерді және осы өлеңнің сөзімен 1945 жылғы Жеңіс күні Берлин іргесіндегі Висмар қаласында 100-бригададан тірі қалған Мәншүктің құрдастары шырқаған «Зәуреш» әнін есіме түсіре отырып: «Сен өзің де соғыста шырқалған ән іспетті  болдың, Мәншүк. Қазақ халқының ерлігінің, елдігінің әні болдың. Атың мәңгі өшпесін, аруағыңнан айналайын, асыл құрбым!» – дедім күбірлеп. («Қазақстан сарбазы» – «Воин Казахстана», 1993, 31 желтоқсан).

 

Қазақ қашанда жауынгер халық, батыр халық. Оның батырлығы, ерлігі ұрпақтан ұрпаққа үлгі, ата дәстүр болып табылады. Бұл дәстүрлер айтқанда, қайталағанда ғана өміршең болмақ. Мәншүк пен Әлия да осындай рухтың жалғасы. «Ер есімі – ел есінде» демекші, Ұлы Жеңіс жолында қан төгіп, құрбан болғандар – халқының мәңгілік махаббатына айналғандар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста