Директордың «дәурені» бітеді

Ауыл-аймақтағы кейбір мектеп директор­лары өз­де­рін шексіз биліктің иесі санап, ойларына не келсе, соны іс­тейтіні жасырын емес. Білім саласындағы осындай бе­реке­сіздік пен жемқорлықты тыю үшін министрлік мектеп директорларын жаппай ауыс­тыру нау­қанын бастады. Ди­ректорлардың ротациясы қоғам тарапынан да қызу пі­кір­талас туғызып жатыр. Ен­деше ротация салаға револю­ция жасай ала ма?

Білім беру саласында 10 мың­нан астам мем­лекеттік ұйым бар. Көптеген басшылар, мерзімсіз ең­бек келісімшарттарын жасасқан. Осыған бай­ланысты бір ұйымда 10-15 жыл және одан да көп жұ­мыс істейтіндер аз емес. Әрине, олар­дың арасында өз жұмысын жақсы білетін басшылар да бар. Де­генмен 10-15 жыл бойы бір орында оты­рып, өздерінің бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғал­татын мектеп директорлары да жоқ емес. Сондықтан да «Мем­ле­кет­тік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидалары» біраз ұйым­ның бас­шылығын сапыры­лыс­тырғалы тұр. Атап айтқанда, қа­ғида барлық облыстың және үш мегаполистің әкімдіктеріне қа­райтын мектепке дейінгі, орта бі­лім беру, техникалық және кә­сіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдары­ның, сондай-ақ жетім балаларға арналған білім беру мекемелерінің бірінші басшы­ларының өзара лауазымдық ауысуы тәртібін ай­қындайды. Мектеп директорлары да бұл ауыс-түйісті жақсы қабылдап отыр.

– Қазір мектептердегі қоз­ғалып жатқан проб­лемалар бір мек­теп жағдайында туындап жат­қан жоқ, барлық мектепке қа­тыс­ты мәселелер. Бұл дегеніміз –ротацияланған басшы мүлдем таныс емес ортаға түспейді. Ке­рісінше, бұған дейін де тә­жіри­бесінде бар жағдаймен кездеседі. Себебі мемлекеттік мектептерге қойылатын талап бірдей, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы №67 гим­назия директоры Гүлжанат Абдраманова.

 Ауыл мектебі шет қалған

Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Биыл директорлардың ротациясы басталады. Алдыңғы жылы заңна­маны қабылдап, бекіттік. Енді биыл нақты мыңнан астам директор ро­тацияға ілінеді» деген еді. Мұндағы мақсат не? Ведом­ствоның түсін­діруінше, біріншіден, ротация білім ұйымдарының жұмысының тиім­ділігін және ол көрсететін білім беру қызметтерінің сапасын арттыруы тиіс. Екіншіден, бірінші басшылар­дың кәсіби әлеуеті мен басқару­шы­лық тәжірибесін тиімді пайдалануға жол ашады. Үшіншіден, директор­ларға кәсіби дамуға және басқару­шылық құзыреттерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Төртіншіден, олар­дың бір жерде ұзақ отырып, кәсіби тұралап қалуының алдын алады. Бесіншіден, осы арқылы жем­қор­лық­пен күрес жүргізіледі. Ережеге сай бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротация­ланады. Білім саласының сарапшысы Ме­йіржан Темірбектің айтуынша, қабылданған заңнаманың шикі тұс­тары көп. Сондықтан да ротация­ның жүзеге асатынына сарапшы се­німді емес. Себебі заңда «4 жыл мектеп ди­ректоры болып, ары қарай рота­ция­мен ауысуды қаламаса, тағы сол орында 3 жыл отыруға болады» де­лінген. Сосын «ротация бір елді ме­кен аумағында жүргізіледі» деп тұр.

– Бір мектебі ғана бар ауылдық жерлерде ротациялау қиынға со­ғады. Бірақ бұл тығырықтан шығу­дың жолы бар. Қазір ауылдарда бос тұрған үйлер көп. Солардың бірін ротациядан өткен директорға қыз­мет бабымен беруге болады. Енді министрлік бір ауылда бір ғана мектеп болса, ротация жүргізілмейді деп жатыр. Мен оған қарсы­мын. Ро­тацияны «бір ауылдың емес, аудан­­ның ішінде» жүргізген дұ­рыс, – дейді Ме­йіржан Темірбек.

Сондай-ақ зейнетке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған басшылар ротацияланудан босатылады. Өзге директорларға да 1 рет бас тартуына рұқсат, екінші рет бас тартса, білім жүйесі онымен қош айтысады. Ал директор сайма-сай өзге лауазымға ауыстырылуы үшін аттестаттаудан және қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалаудан сүрінбей өтуі шарт. Ондай бағалауды облыстың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының Білім басқармасының кадр қызметі жүргізеді. Оның ба­рысында мектептегі әдістемелік кабинеттер, орталықтар жүргізетін оқу-әдістемелік және тәрбие қызметі, оқушылардың білім сапа­сы талданады. Егер онысы нашар болып шықса, директор ротация­ланбайды, орнынан қуылады. Бұл ақыр соңында тәжірибелі басшы­лардың жекеменшік білім ұйым­дарына жаппай кетуіне әкеліп соқ­тыруы мүмкін.

Жемқорлықты шектей ме?


Ендігі мәселе – ротациялаудың жүргізілуінде. Ертең ұзақ уақыт бір жерде отырған директорлар жақсы мектепке барғысы келіп, түрлі ай­лаларды істеуі мүмкін. Мысалы, ротация жүргізілгенде ортаға таныс салатындар да шығады. Осы мәселе­нің алдын алу үшін қалалық әкім­дікке ұсыныс айтып жүрген мұға­лімдердің бірі – Өмір Шыныбекұлы. Педагогтің айтуынша, материалдық базасы мықты, жақсы ұжымы бар мектептерде директор болуға талас басталуы мүмкін. Осылайша рота­ция жасау реформасы сыбайлас жем­қорлықтың тағы бір ұшын шы­ғарады. Ротацияға ілінген директор өзіне жайлы, жақын мектепке бас­шы бо­лып бару үшін лауазымды тұл­ғаларға пара ұсынуы да ғажап емес.

– Әкімдікке Шымкенттегі 147 мектептің басында тұрған отызына тимеуді ұсындым. Бірінші ең артта қалған мектептерді ауыстырып алу керек. Ротация кезінде біз күтпеген тәуекелдер де болуы мүмкін. Сон­дықтан ротацияны бірінші төмен­нен бастап жүргізгеніміз жөн, – дейді Өмір Шыныбекұлы.

Ротациялаудың алғашқы кезеңі 7 жыл жүргізілгенімен, екінші ке­зеңнен бастап директорлар 3 жыл сайын ауысып отыратын болады. Дегенмен басшының ойға алған мін­деттерін орындап, көңіл толар­лық нәтижеге жетуі үшін 3 жыл аздық етеді. Директор осы аз уақыт ішінде әрбір педагогті танып, бүкіл мектепті, оның шаруашылығы мен оқу процесін зерделеп үлгермейді.

– Берілетін 3 жыл аз. Өйткені алғашқы жыл ұжыммен танысуға, келесі жыл жоспар жасауға кетсе, қалған бір жыл директордың ойына алған жаңалығын енгізуге жетпейді. Онсыз нәтижеге жету қиын. Ал жұ­мыс нәтижесі біліктілік категория­сын растау және аттестаттаудан өту үшін қажет. Онсыз не санаты төмен­дейді немесе онымен жұмыс келі­сім­шарты бұзылады. Басшы әр 3 жыл сайын мектептен-мектепке се­кіріп жүрсе, ешқандай қомақты жетістікке жете алмайды, – дейді Өмір Шыныбекұлы.

Мамандар тағы бір мәселеге назар аудартады: мектеп дирек­торлары пәндерден сабақ беретін педагогтерден аз жалақы алады екен. Осы орайда кейбір басшы ротация енгізілген соң лауазымынан бас тартып, сағат алып, мұғалімдікке ауысып алудың қамын жасап жат­қан көрінеді. Олар қазірдің өзінде сабақ беріп жүр.

Аймақтан ары аспайды


Министрлік қабылдаған ереже бойынша ротация тек қана бір әкім­шілік-аумақтық бірлік шегінде жү­зеге асырылады. Астанадан басқа өңірге, қалалардан ауылға жіберу жағы қарастырылмаған.

– Көпшіліктің арасында «ертең бүкіл ел бойынша 7500 директор бір мезетте жұмыс орнын ауыстырады» деп жатқандар да бар. Негізінде олай емес. Мәселен, Павлодар об­лы­сында жұмыс істеп жүрген адам Қарағанды облысына немесе Қара­ғанды облысынан Түркістан облы­сына жіберілмейтіні түсінікті. Қазір біз тек бір әкімшілік-аумақтық бір­лік шегінде ғана айтып жатыр­мыз, – деген еді министр Асхат Аймағамбетов.

Ал ротациялауды 30 жыл бұрын бастаған «Білім-инновация» лице­йінде мұндай шектеу жоқ. Ротация­лау директорлардың әр өңірге ба­рып тәжірибе алмасуына үлкен мүм­кіндік жасаған. Орташа есеппен лицей директорлары 3-5 жылда ауысып отырады. Олар бір жерден көрген жаңашылдығын екінші жер­ге барып енгізеді. Әсіресе, рота­ция­ның арқасында үлкен қалалардағы үрдістер моноқалалардағы лицей­лерге жетеді екен.

– Директорлар белгілі бір жерде көп отырғандықтан бір жүйеде қа­лып қояды. Ал жаңа жерде директор бұрынғы істеген қателіктерін жо­йып, жаңа өзгерістер әкеледі. Де­генмен кейбір директорлар 2-3 жыл­да өз мүмкіндігін аша алмауы мүм­кін, – дейді «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров.

Ел болып білім саласындағы жем­қорлыққа тұсау саламыз деп жат­қанда, ротациялаудан ауыл мек­тептерінің шет қалғаны, дирек­тор­лардың тұрғылықты аймағынан ары аса алмағаны ақылға сыймайды. Ендеше қабылданған құжатты қайта қарап, саралап шығу артық етпес.

Көктем ҚАРҚЫН

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста