Дінтану пәнін кімдер оқытқаны дұрыс?
Білім және ғылым министрлігінің мектептерге дінтану пәнін енгізу туралы шешімі діннің қоғамдағы орнының маңызды екендігін сезінгендігі деп түсінуіміз керек. Ол үшін осы шешімді шығаруға мұрындық болған, діннің қоғамдағы орнының ауқымды екендігін тиісті орындарға жеткізе білген азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алайда бұл мәселенің басы ғана екендігін ескеруіміз керек.
Ең бастысы, енді мектептерде дінді шәкірттерге қалай танытамыз, діни танымын қалай қалыптастырамыз, шәкірттерге білімді кім береді деген сұрақ көлемінде ойлануға тиіспіз. Өйткені дінтану пәнін кез келген тарихшы немесе мәдениеттанушы оқыта алмайды.
Ендеше, дінтану пәнінен кез келген мұғалімнің сабақ беруіне, оқытуына болмайды деген пікірге келуге мәжбүрсің. Өйткені сол сабақ беруші мұғалімнің өзі кім? Маман ба, әлде белгілі бір діни ағымның соңына ерген жан ба? Діннен қаншалықты хабары бар? Дінді өз деңгейінде шәкірттерге жеткізуге қабілеті жете ме? Дінтану пәнінде шәкірттерді «Мына дін мына жылы пайда болды. Негізін салған мына тұлға» дегеннен, жалпы, дін тарихымен хабардар еткеннен қоғамға келер пайда шамалы. Мұндай мамандар оқытқан шәкіртте ешқандай діни таным қалыптаспайды. Керісінше, қоғамда көзқарасы, діни танымы әртүрлі шәкірттерді тәрбиелеп шығуымыз ықтимал. Оның ертеңгі күні қоғам үшін шешуі қиын проблемаға айналу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Себебі дінтанушы мамандардың арасында да діни танымы әртүрлі қалыптасқан жандар аз емес. Кейбір мамандардың ой-пікірі, діни көзқарасы қазақы діни танымға, қазақ халқының рухани, мәдени болмысына мүлде қайшы келеді. Ондай жандардың ертеңгі күні мектеп табалдырығын аттап, шәкірттерге өз танымын тақпасына кім кепіл? Сондықтан дінтану пәнін мектептерге енгізу туралы шешім қабылданған екен, енді ол пәннің дұрыс жүруіне жағдай жасалуы тиіс.
Ол үшін пәннің кешенді бағдарламасы мен бағыт-бағдары айқындалуы керек. Және ол бағдарламада шәкіртті діни танымы да, сонымен қоса, дінге ғылыми көзқарасы да қатар қалыптастырылуы тиіс. Дінтану пәнін оқыған шәкіртте діннің өмір сүру формасын ажырата алатын дағды қалыптастырылуы тиіс. Бұл шәкірттің кез келген діннің, діни ағымның ерекшелігін аңғара алатын дәрежеге жеткізеді.
Бұл, біріншіден, шәкіртке өз рухын өзгенің діни, рухани ықпалынан қорғай білуді үйретсе, екінші жағынан, өзгенің діни танымын сыйлауға дағдыландырады. Өкінішке қарай, мұндай таным мен дағдыны арнайы дайындалған маман болмаса, өзге пән мұғалімдері қалыптастыра алмайды. Демек, дінтану пәні кез келген тарихшы немесе қоғамтанушы маманға қосымша жүктеме ретінде бере салатын пән емес. Өкінішке қарай, біз орта білім саласы мамандары тарапынан бұл пәнге деген немкеттілікті, қосымша сағат алуға болатын мүмкіндік деп қарайтын пиғылды байқадық. Осы сала үшін арнайы дайындалған, қолдарында дінтанушы маман деген мемлекеттік үлгідегі дипломы бар мамандарды Түркістан қалалық білім бөлімінің басшыларына айтып, шәкірттерімізді жұмысқа алдыра алмай отырмыз. Жарайды, бұл пәнді маман жоқ жерде тарихшы берсін немесе басқа маман берсін, оған келісуге болар. Ал арнайы дінтанушы ретінде мемлекеттік оқу орнында 90 пайыз мемлекет қаржысына дайындалған мамандарды қабылдамау ақылға сыймайды. Осындай оқиға Талдықорған қаласында да қайталанып отыр. Сонда «Бұл пәнді мектеп бағдарламасына енгізудегі мақсат не?» деген заңды сұрақ туады. Егер де қоғамда қажеттілік болмаса, мектеп бағдарламасына бұл пән енгізілер ме еді? Жоқ. Діни фактордың күн санап қоғамдағы ішкі үдерістерде пәрменді күшке айналып келе жатқаны күн өткен сайын анық байқалуда. Мақсат – осындай жағдайда жас жеткіншекті қауіпті діни ағымдардың ықпалынан қорғау. Өкінішке қарай, білім беру мекемелерінің басшылары бұл мәселенің күрделілігін жеткілікті дәрежеде сезініп отырған жоқ. Сол себепті олар дінтану пәніне мектепке берілген қосымша сағат деп қана қарайды. Бұл – мәселенің бір жағы. Мәселенің екінші жағы дінтану пәнін оқытатын мұғалімдерді еліміздің барлық мектептеріне бүгінгі күні жеткізу мүмкін емес. Алайда бұл мәселе щұғыл шешілуге тиіс мәселелердің бірі деп есептейміз. Ол үшін дінтану пәнінен сабақ беретін мұғалімдерді Мұғалімдердің білімін жетілдіру орталықтарында арнайы курстарда дайындықтан өткізіп барып, сабақ беруге рұқсат берілуі тиіс. Ондай маман дайындайтын курстың бірін Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ашуға болады. Университетте дінтанушы мамандар алғашқы күннен бастап дайындалып келе жатыр. Сондай-ақ Қазақ ұлттық университетінде т.б. дінтану мамандарын дайындайтын орталықтарда өткізілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда бұл мәселе оң шешімін таба алмайды. Бұл ескерілмеген жағдайда бұл пәнді мектептерге енгізгеннен пайдасынан зияны көп болары анық. Осы дінтану пәнін мектептерде оқытуға байланысты ойларымды, дінтанушы мамандарды мектептерге орналастыру қажеттігін айтып қала әкімінің орынбасары С.Ертаев мырзаға кірдім. «Қалалық оқу бөлімінің бастығы жоғарыдан келген нұсқауда бұл пәнді оқытуда тек тарихшы, мәдениеттанушы мұғалімдер тартылсын деген нұсқау бар. Ол нұсқауды бұздыруға менің де құқым жоқ. Дінтану пәнін сіздер ғана сұрап жүрген жоқсыздар. Осы жерге дін өкілдері де келіп, өздерін сабақ беруге рұқсат етуін сұрап жүр», – дейді ол. Демек, мектептерге дінтану пәнін өткізуге бізден басқа мүдделілер жоқ емес. Ал олардың діннің қай бағытының өкілдері екенін кім біледі? Оның үстіне, дінтану пәніне бөлінген сағат саны өте аз. Онымен жас жеткіншектің рухын өзге діни ағымдар ықпалынан қорғау мүмкін емес және қазіргі бөлінген сағатқа арнайы маман ұстау мектепке де, маманға да тиімсіз. Бұл мәселені шешудің мынадай жолдары бар: біріншіден, дінтану пәнінің сағатын көбейту; екіншіден, мектептегі әдеп сабағын да осы дінтанушы мамандарға қосып беру. Сонда ғана мектептерге дінтану пәнін енгізу ата-ана үшін де, қоғам үшін де, еліміздің болашақ қауіпсіздігі үшін де тиімді әрі пайдалы болмақ. Олай болмаған жағдайда бұл бастамадан дұрыс нәтиже күту мүмкін емес. Сондықтан дінтану пәніне салғырт қарауға болмайды. Өкінішке қарай, шәкірттермен тікелей жұмыс жасайтын, пәннің дұрыс өткізілуіне мүдделі болуға тиіс мекеме басшылары, керісінше, бұл пәнге немқұрайды қарап, мамандардың сабақ беруіне кедергі жасауда. Сонда мемлекет мүддесін кім ойламақ?