Бұрынырақта бір жазушы көкеміз «дәрігерлердің ғашықтарына жаным ашиды» деген екен. Ол Кеңес одағының кезі болатын. Хат жазысу бар еді ғой ол кезде. Күйінгенінен айтқан шығар. Бүгінде хат жазысу деген сәннен қалғалы қашан. Алайда дәрігерлердің түсініксіз жазуынан құтыла алмадық бірақ. Жазып берген диагнозы таңбалы тастағыдай тым түсініксіз. Одан да Орхон-Енисей жазуларын оқу оңайырақ болар. Расында бүгінде еліміздегі ауруханалар мен емханалар түгелдей компьютерлендірілген жоқ.
Ауру тарихын қолмен жазады. Жазғаны құрысын. Ешкім түсінбеген соң. Тіпті дәріге жазып берген нұсқаулықтарын дәріханашы әріптестері де түсінбей жатады. Былтыр Шымкентке Латвиядан дәрігерлер келген болатын. Тәжірибе алмасуға. ТМД елдерінің ішінде медицинасы оқ бойы озық тұрған латыштар күліп кетті сонда. Қолмен жазу қалмапты ғой деп. Күлмей қайтсін біздегі дәрігерлер науқасты қарағанынан гөрі жазатын жазуы көп. Емханаға барсаң бір науқасты бір сағат қарайды. Тексергеніне 10 минут кетсе, жазу жазғанына 50 минут кетеді. Онда да түсінікті тілмен жазса қанекей. Айбақ сайбақ. Қайта 1 сыныптың оқушысы әдемі жаза ма деп қаласың мұндайда. Дәрігерлердің бәрін әліпби таныту үшін партаға отырғыза алмасызымыз анық енді. Сонда олардың түсініксіз жазуынан қашанғы зардап шегуіміз керек? Жуырда Омскінің облыстық соты Тевриз аудандық ауруханасына 100 мың рубль айыппұл салды. Оларға қойылған айып құжатты дұрыс толтырмағандығында болып тұр. Яғни түсініксіз жазуға бола айыппұл салған(!). Оларды әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берді деп айыптап отыр. «Науқастың ауру тарихы мен амбулаторлық карта заңдық құжат болып саналады, сондықтан оны дұрыс әрі сауатты толтыру керек» дейді облыстық соттың баспасөз хабарламасында. Ал біздің азаматтар өз құқықтарына немқұрайлы қарамайтын болса осындай арыздар қарша борауы анық енді. Онда дәрігерлердің 85 пайызы сотқа тартылуы сөзсіз. Дәрігерлердің жазуын жөндеуге қауқарлық таныта алмайды енді денсаулық сақтау министрлігі. Осылай кеткені кеткен. Ал оның зардабын қарапайым халық тартуда.
Гүлнұр Жаппарова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Облыстық ауруханаға барып проктологқа қаралдым. Тексерген соң дәрі жазып берді. Әлгі қағазды алып қаладағы бүкіл дәріхананы аралап шықтым. Оқиды да жоқ деп жауап береді. Сөйтсем түсініксіз жазуды оқи алмаған екен ғой. Ақырында бір дәріханашы дәрігерлердің түсініксіз «тілін» тапты-ау әйтеуір. Сондағысы «Форлакс» деген ұнтақ екен. Сонда аяғымыздан тоздырып сандалтпай түсінікті тілмен жазса қайтеді а? Дәрігердің алдына сау адам бармайды ғой. Науқасы асқынып өзі аурып жүрген адамды осынша сандалтуға бола ма?
Расында дәрігерлердің түсініксіз қолдарынан жапа шегіп жүргендер аз емес. Қойылған диагнозды оқи алмай қор болатынымызды қосыңыз. Одан қалса дәріге жазып берген нұсқаулығын оқудың азабын айтсаңызшы. Жұрттың бәрі түсініксіз жазуды «тәржімалап» отыратын транскрибер емес қой.
Түсініксіз нұсқаулық кімге керек?
Медицина саласына қатысты шешімін таппаған шетін мәселелердің шетін шығарып қояйық тағы да. Дәрігерлердің жазуынан жаңылысып жүріп, әйтеуір дәріге қол жеткізген соң тағы бір асуға тап боласыз. Дәрінің нұсқаулығын оқымақ болсаңыз кісендеулі аттай кібіртіктейтініңіз анық. Қол жазуы емес баспа әріптерімен-ақ терілген нұсқаулық ғылыми сауаты бар адам оқымаса былайғы жұртқа тағы түсініксіз. “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы қабылданғалы қашан. Том-том болып архивте сарғайып жатқаны болмаса ол заңның орындалып жатқаны шамалы. Онда дәрі-дәрмектің сыртқы орамында ақпарат орыс тілінде де, сондай-ақ мемлекеттік тілде де болуы тиістілігі айқын жазылған. Сыртқы қорабын қоя беріңізші, ішкі орамдарын да адам түсініп болмайды. Дәрі-дәрмекті пайдалану жөніндегі қазақ тіліндегі нұсқамалықтың енгізілгеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Нұсқамалық шетелдік зауыттарда технологиялық үдерісті атқару кезінде препараттың орамасына салынуы тиіс. Бірақ та көптеген шетелдік компаниялар мұны орындамай отыр. Мұндай «ауыр» жұмысты өзінің өңірлік өкілдіктеріне жүктейді (ал бұл технологиялық үдерісті өрескел бұзушылық) немесе нұсқамалықты қораптағы екінші орамаға тастай салады. Жуырда бір дәріханаға бас сұққанбыз. Дәрі алайық деп. Сыртқы қорабына «ТАМА-ға арналған дәрі» деп жазып қойыпты. Ойладық енді руға арнап та дәрі шығаратын болған ба деп. Сөйтсек сауатсыз мамандардың ізі сайрап жатыр екен мұнда. Онымыз тамаққа арналған дәрі екен. Бір әріпі түсіп қалыпты. Нұсқаулықтың қазақшасында қате деген өріп жүр. Орысшасын оқыған дұрыс-ау деп қаласың. Тап-тұйнақтай. Түсінікті тілмен жазылған. Ал қазақшасы асу бермес Алатаудай. Нұсқаулықтың бас жағына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының «айы, күні, жылы» бұйрығымен бекітілген деп жазылған. Ал кейбірінде тіпті айы күні де көрсетілмейді. Көбісі ғылыми терминдермен толтырылған. Жұрттың бәрінің ғылыми сауаты бар деп ойлай ма? Қызық әйтеуір. Тіпті аудара алмағандарын ағылшынша, тіпті болмаса орысша да жаза салады. Мәселен, «Биопассит» дәрісінің нұсқаулығында қосылған дәрілік шөптердің атауының басым бөлігі ағылшын тілінде жазылса, бірін древогубец деп орысша бере салыпты. Сірә, аудара алмаса керек. «Хилак форте тамшыларда» ұшқыш майларды оқыдық. О заман да, бұ заман ұшқыш май бола ма? Сосын оны ішсеңіз «жасушаларыңыз қайта жаңғырады» екен. «Мезим фортеде» ас қорыту сөлінісі делініпті. Сөлініс деген не сөз? «Нимулид» дәрісінде «семіз жасушаға» кезіктік. Біреуін үлбір деп аударыпты. Сосын «тамырдың эндотелий арқылы нейрофилді гранулоциттарды көшуін реттейді» дейді. Не түсіндіңіз? «Неуробекс» дәрісінде пирожүзім деп аудара салыпты. Мұнымен де шектелмейді. Толып жатқан түсініксіз терминдермен басты қатырады. Сонда нұсқаулық не үшін керек? Жай ғана көзбояушылық сияқты. Ондағы аудармашыларға не үшін ақы төлеп отыр? Тағы түсініксіз. Әйтеуір аудармасы бар деп құтылудың амалы сияқты. Бұл саладағы аударма мәселесі қашан бір қалыпқа түседі? Ал дәрігерлердің түсініксіз жазуы қашан түзеледі? Сұрақ көп, жауап жоқ...
Дәрігердің жазуы неге түсініксіз?
Последние статьи автора