Дағдарыстың салқыны кімді қалай шарпыды?

Дағдарыстың салқыны кімді қалай шарпыды?

«Бәледен машайық қашыпты» деп, әлем жұртшылығы дағдарыстан тезірек құтылуға асыққанмен, дағдарыстың жылдам кетер түрі көрінбейді. Осы орайда дағдарыс әлемді әлі қанша уақыт құшағында тұншықтыра түсетінін ешкім дөп басып айта алмауда. Шетелдік сарапшылар болжамына сенетін болсақ, дағдарыс тырнағын әлі кемінде үш-төрт жыл батыра түсетін көрінеді. Алайда елімізде әр мекеме, әр басшы дағдарысты халыққа сездірмеу мақсатында қолдан келгенін істеп жатыр. Мәселен, кейбір телеарналар дағдарысқа қарсы телевизиялық жоба ұйымдастырса, енді бірқатар әртістер концерттер өткізіп, мешіттердегі имамдар да «мұсылман баласының мұндай өтпелі кезеңдерге сабырмен қарауы қажеттігін» барынша насихаттап жатыр.

Сондай-ақ дағдарыстың алдын алу мақсатында дағдарысқа қарсы бағдарламалар жасалып, дағдарыс орталықтары да құрылды. Кейбір өндіріс орындарының дағдарысты сылтауратып, жұмысшыларына жалақысын бермей қалуына да бұл жақсы сылтау болды. Тіпті Батыста дағдарыстың әсерінен байлығының ортайғанын көтере алмаған миллионерлер өздеріне қол салуға дейін барған. Осы орайда қоғамда дүрбелең тудыруға түрткі болған дағдарыс біздің жұртшылыққа қалай әсер етіп жатыр? «Дағдарыс қатер ғана емес, ол – жаңа мүмкіндік» деп кейбір шенеуніктердің берген сипаттамасындай, ол қандай мүмкіндіктердің ашылуына түрткі болуда? Бәлкім, мүмкіндік деп жақауратып отырғаны дағдарысты құрықтауға бөлінген ақшаны жымқыру арқылы қалтасына түсірер пайданы есептеп отыр ма?

Кейбір сарапшылар «ХХ ғасырдың ең күштi қаржылық дағдарысы» деп сипаттап отырған дағдарыс қарапайым халыққа қалай әсер еткенін байқау мақсатында ел аралап көрген едік.

Көшеде алғашқы кездескен такси жүргізушісіне қойған сұрағымыз да осы болды. Өзін Бауыржан деп таныстырған ол дипломы бойынша биология пәнінің мұғалімі көрінеді: «Біраз уақыт мұғалімдіктен қол үзіп қалған соң өз мамандығымды кәдімгідей жатырқап қалдым. Сосын көлікпен адам тасып күн көрмек болдым. Бұрын көк базар маңында тұрақты орным болған. Ол жерде «конкуренттер» көбейіп кеткен соң қала аралап, жолаушы іздейтін болдым. Бұрын жолаушыларды межелі жеріне жеткізудің орташа құны 300-400 теңге болса, қазір 200 теңгеге де шауып бара береміз. Өйткені қазір «таксилететін» адамдар азайған. Осылайша, дағдарыс келіп, басқа нәрселер қымбаттап жатса, біздің «ставкамыз» түсіп жатыр. Өлместің қамы. Үйде бостан-бос отыра беруге де дәтің шыдамайды, сосын жүреміз осылай. Дағдарыс кезінде басқа жұмыс табу да мүмкін болмай тұр», – деді.

Бір кездері нарыққа жедел бейімделген жұртшылықтың бірі саудагерлер еді деген оймен енді орталық базарды бетке алдық. Жұрт аузындағы «дағдарыс келгелі базардағы киімдердің бағасы арзандады» деген сөздің жаны бар секілді, саудагерлердің реті келсе қолындағы затының бағасын түсіріп беруге пейілді екені байқалады. «Дағдарыс әсер етіп жатыр ма?» деген сұрағыма киім-кешек сатып тұрған Шолпан апай: «Халық киім сатып алмай жүре алады, әйтеуір бұрынғы киімін қайталап киер, бірақ тамақ ішпей жүре алмайды. Ол анық. Сондықтан дағдарыс келгелі азық-түлік саудасынан гөрі киім саудасының мәні қашып тұр. Киімді, негізінен, Қырғызстаннан әкелемін. Бұрынғыдай үстіне де көп қоспаймын, сәті түскен бағаға өтіп кеткенін тәуір көремін», – деді. Бізге де базарда киім саудалап жүрген адамдар қатары аз көрінді.

Арзан киімдердің өзі өтпей жатса, бутиктердің жағдайы нешік деген оймен енді ат басын Достық даңғылы бойындағы бутиктердің біріне бұрдық. Сатушы қыз келетін халықтың санын бұрынғымен салыстырғанда «нет разницы, нормально» деді. Бутиктегі әрқайсысының бағалары 2-3 мың доллардан кем түспейтін киімдердің де өз алушысы бар көрінеді. Мен дүкен ішін аралаған жарты сағаттың ішінде кіріп шығушылар толастамады. Кейбіреуі сыртында киімнің фирмасы таңбаланған арнайы пакеттерге салып, ұнатқан киімін алып та кетіп жатыр. Дүкенге бас сұғушылардың барлығы анау-мынауды иығына іле бермейтін адамдардың ортасынан екенін сырт тұлғасы, үстіндегі киімінен-ақ көзге ұрып тұр.

Бутиктен шығып, соған жапсарлас орналасқан мейрамханаға бұрылдық. Есіктің алдында жапон ұлтының киімін киіп алған қазақ бала ішке бастай жөнелді. Құрақ ұшып, үстелге жайғастырып жүрген официант жігіт қолымызға менюді де ұстатып үлгерді. Даланың ыстығынан шөлдеп келген менің көзім алдымен табиғи сусындарға түсті. 1 литрі 5000 деп тұр. Өз көзіме өзім сенбей, басқаларға да көз жүгірттім. Тісбасарлардың бір тәрелкесі 8-10 мың теңге аралығында болса, бір адамдық мөлшердегі тамақтар 15-20 мыңның үстіне бір-ақ шыққан. Менің таңғалып отырған түрімді жанымда тұрған официант басқаша ұқты ма, «егер романтикалық кездесу болса, арнайы тамаққа тапсырыс берсеңіз де болады, шеф-поварларымыздың қиялымен өрнектелген тамақ сіздің ойыңыздан шығарына күмәнім жоқ», – деді. Сұрастырсам, оның бағасы тіпті «ұшып» тұр. Мейрамханаға кіруімнен шығуым тез болды. Алайда ондағы халық саны баршылық көрінді. Жанды дауыстан төгілген әуен мен адамдардың келісті келбетіне қарап, елімізде дағдарыс жоқ секілді көрініп те кетеді екен.

Бұдан соң да бірнеше мейрамханаларға бас сұқтық. Қаланың көрікті жерлеріне, тауға таяу орналасқан мейрамханаларда кеш батса адам қарасы үзілмейтін көрінеді. Негізінен, қалтасы қомақтылар табан тірейтін мұндай мейрамханалардың бағасы да әлдеқайда қымбат. Ал қаланың төменгі аудандарында орналасқан бағасы арзан мейрамханаларға бас сұғушылар саны азайған. Алғашқыда дағдарыс кезеңінде бұл не қылған парадокс деп таң қалғанымыз рас. Алайда байыптап қарасақ, дағдарысқа байлардың мұрты да қисаймаған. Бұрынғысынша қымбат көлік мініп, қымбат мейрамханалардан ғана түстеніп, қымбат киімдер киіп жүріп жатыр. «Таяқ лақтырсаң, сорлыға тиеді» дегендей, таксиге мінуді азайтып, киім киюді де қысқартып, мейрамхананы «түсінде көріп», дағдарыстың елімізден тезірек кетуін шын ниетімен тілеп жүрген қарапайым халық қана көрінеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста