Мазут демекші, осы қазбалы отын тіршілікке қаншалықты қажет болғанмен, қаупі де аз емес екен, - деп жазды 24.kz.
Көмір, газ, мұнайды жаққан кезде ауаға бөлінетін зиянды заттар адам өміріне әсер етеді. Америкалық және британдық ғалымдар осылай деп дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, қазбалы отынды қолдану салдарынан Қытайда өмір сүру ұзақтығы 4 жылға, ал Үндістанда 3,9 жылға қысқарған. Сондай-ақ дәл осы жағдай Бангладеш, Индонезия, АҚШ пен Жапонияда миллионға жуық адамның өліміне себеп болған.
Сорақысы сол, бұл тек 2018 жылғы зерттеулер негізінде алынған нәтижелер. Онжылдықта оның қанша болатынын болжаудың өзі қорқынышты.
***
2018 жылы ауаның ластануы әрбір бесінші өлімге себеп болған
2018 жылы қазбалы отынды жағуға байланысты ауаның ластануы салдарынан жер бетінде 8 миллионнан аса адам көз жұмған. Британ және америкалық ғалымдардың ортақ зерттеуінің нәтижесі осындай. Бұл дегеніміз, ауаға түскен мұнай өнімдері мен газдың ұсақ бөлшектері әлемдегі әрбір бесінші өлімге себеп болды деген сөз. Қайғылы оқиғалардың жартысы жүрек-қан тамырларының ауруымен, қалғаны өкпе және түрлі инфекциялық аурулармен байланысты. Қазбалы отынды жағудан ең көп кісі өлімі Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде, Солтүстік Американың шығыс бөлігі және Еуропада тіркелген екен.
Элоиз Марэ, Лондон университеттік колледжінің профессоры: - Бір жылда 8 миллионнан аса адам қазбалы отынды тұтынудан көз жұмады. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Оны есептегенде жағамызды ұстадық. Біз басқа да зертеулер жүргіздік. Онда да ауаның ластануы мезгілсіз қазаға себеп болатынын дәлелдейтін модельдер жасадық. Осылайша, атмосфераға бөлінетін зиянды заттар адам денсаулығы үшін біз ойлағаннан да қауіпті екеніне көзіміз жетіп отыр.
***
Экологиялық саясатты өзгерту 2 млн адамның өмірін сақтап қалады
Ғалымдар әлемдік қауымдастықты шұғыл әрекет етуге шақырып отыр. Олардың айтуынша, егер 9 елдің билігі ауаның ластануы мәселесіне қатысты саясатын өзгертсе, 2040 жылға дейін 2 милилионнан аса адамның өмірін сақтап қалуға болады. Бұл мемлекеттер: Бразилия, Қытай, Германия, Үндістан, Индонезия, Нигерия, Оңтүстік Африка Республикасы, Ұлыбритания және АҚШ. Әлем бойынша атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың 50%-і осы 9 елдің үлесінде.
***
2050 жылы мұхитта балықтан гөрі пластик көп болуы мүмкін
Ғалымдар сондай-ақ пластиктің де зияны туралы айтып отыр. Болжам бойынша 2050 жылы мұхиттарда балықтан гөрі осы зат көп болуы мүмкін. Қазірдің өзінде жағдай жаға ұстатарлық. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, жыл сайын 8 миллион тонна пластик суға тасталады.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы: - Коронавирус пандемиясы біздің қандай осал екенімізді көрсетті. Қоршаған ортаның ластануы үшін адамзат жауапты. Осылай жалғаса беретін болса, 2050 жылы мұхаттағы пластик балықтан асып кететін түрі бар. Сонымен қоса, осы ғасырдың соңына дейін тропикалық рифтер мүлде жойылуы мүмкін. Сондықтан бізде осы бағыттағы зерттеулерді күшейтуіміз керек. Ғалымдардың көмегі қажет. Қаржыландыруды да арттыруымыз керек.
***
Тасбақалардың 60%-іне жойылып кету қаупі төніп тұр
Жалпы мұхитқа тасталған пластикті ашыққан су жануарлары жеп қоятыны бар. Сөйтіп, жылына 100 мыңға жуық сүтқоректі, теңіз құстары мен тасбақа қырылып жатыр. Осы ретте Австралияның Квинсленд штатында экологтар тасбақаларды құтқару жұмыстарына кіріскен. Өйткені олардың ағзасынан пластик, түрлі заттар, тіпті дәрі-дәрмек қалдықтары табылып жатыр. Мамандардың тасбақалар үшін алаңдауы бекер емес. Өйткені қазірдің өзінде олардың 60%-іне жойылып кету қаупі төніп тұр.
Джейсон Ван Дер Мерв, эколог: - Тасбақалардың ағзасы мен тіршілік ету аймағынан мыңдаған химикат таптық. Бізде бұл бауырымен жорғалаушыларға кері әсер ететін заттардың тізімі бар. Бірақ оны кеңейту керектігіне көзіміз жетті. Тізімге дәрі-дәрмек пен ауыр металдарды да қосу керек. Өйткені соңғы уақытта тасбақалардың ағзасынан осы заттар жиі табылатын болды.
***
Coca-Cola қайта өңделген пластикке көшті
Негізі экологтар қоршаған ортаны пластикпен ең көп ластайтындардың бірі Coca-Cola компаниясы екенін айтады. Олар 51 елдің аумағынан табылған заттар негізінде осындай қорытындыға келген. Енді алпауыт корпорация экологиялық жағынан таза жаңа бағытқа бет бұра бастады. Сөйтіп, АҚШ-тағы өндіріс кезінде тек қайта өңдеуден өткен пластикті ғана қолданатынын жария етті. Ал, келесі жылы Coca-Cola-ның Швециядағы бүкіл кәсіпорындары осы әдісті қолданатын болады.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева