Бұл қазақ Кешірімді біле ме екен?!

Бұл қазақ Кешірімді біле ме екен?!

Бұрынырақта Семей жаққа бір барғанымда, қайраткер азамат Кешірім Бозтаевтың 1997 жылы шыққан «Семей полигоны» деген кітабы қолыма түскен еді. Соны алғашқы оқығанда Семей полигонының қалай жабылғанын білмейді екенбіз деп ойлағанмын. Оқып көзім ашылып, көп шындыққа қанықтым. Осы уақытқа шейін сол шындықты білмей, шатасып жүргендер аз емес. Ал қаламгер Ғ.Қабышұлының шырылдап, араша түсіп, ақиқатты алға тартып жүргені тегін емес екен.

Бозтаев кім еді?

Белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы бірнеше жыл бойы Семей полигонының жабылуының шындығын жазып келеді. Соңғы кезде «Жан пида» («Таңшолпан» журналы, 2009 ж. №1), «Баяғы: «Мен!...Мен!...Мен!...» («Жас алаш» газ., 2009 ж., 16 маусым), «Олжасты оздырып, Кешірімді кемсітпейік» («Жас қазақ» газ., 2009 ж., 3 шілде) атты мақалалары бірінен соң бірі жарияланды. Соңғысы «ҚР Парламенті мәжілісіне ашық хат» айдарында берілді. Басқадай қолдау таппаған соң, «үмітсіз шайтан» дегендей, амалсыз халық сайлаған депутаттарға жүгінген. Ол бұл туралы бұрын да көтерген болатын. Құлаққа ілген ешкім табыла қоймай жүр. Оның жазғандарын оқып қайран қалатынмын, «ендігі бір ақиқат орнаса керек» деп ойлайтынмын. Өзім де осы жайға байланысты мақала жазып жариялатқанмын.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1991 жылғы тамыздың 29 күні «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойып, сынаққұмарлардың жолына тосқауыл қойылды. Келесі жылы К.Бозтаевтың «Семей полигоны» (1992 ж.) кітабы шықты, одан соң «Қайнар қасіреті» (1995 ж.), «29 тамыз», (1998 ж.) еңбектері жарық көрген. Одан бұрын «Алғашқы оттан атомға дейін» атты кітап шығарған.

Сол К.Бозтаев кім? Ел-жұрты ол туралы толық білмейтін сияқты. Ендеше алдымен оның жазғандарына сүйене отырып таныстырайық. Ол қарапайым шаруаның отбасында тәрбиеленіп өсті. Әке-шешесі колхозда еңбек еткен. Туған жері Семей облысы Аякөз ауданының Ақшатау ауылы. 1951 жылы орта мектепті бітіріп, Қазақтың тау-кен институтының металлургиялық факультетінде оқиды. Оны тәмамдап, жолдамамен Өскемен қорғасын-мырыш комбинатына қатардағы балқытушы болып орналасады. Үш жылдан кейін ғана цехтағы техникалык шығармашылық қоғамын басқару ұсынылады. Оған дейін металлургиялық пештің жалынына да ұшырады, жарылыс болып, өлімнен де аман қалды. Сонда да техникалық шығармашылыққа бой ұрып, жаңалық енгізуге тырысады. Жетілдіріп отыру керек. Себебі комбинат шығаратын түсті және қымбат материалдардың ондаған түрін, сирек кездесетін элементтерін көптеген елдерге жөнелтіп жатады екен. Соны ескеріп, экономикалық және техникалық тиімділігі зор ұсыныстар енгізіп жүрген. Бұл бағыттағы еңбегі бағаланып, 1965 жылы оған «Қазақ ССР-нiң өнертапқышы» деген құрметті атақ берілген. 1967 жылы жалпы партия конференциясында партком хатшылығына сайланады. Ол басқарған партия ұйымының комбинат табыстарын өсіре беруге қосқан үлесі айтарлықтай болса керек, 1972 жылы, тіпті, Совет Одағы Компартиясы Орталық Комитеті комбинат парткомының жұмыс тәжірибесі жөнінде К.Бозтаевтың есебін тыңдап, дұрыс және тиімді деп тауып, партия ұйымдарына ұсынған. Келесі жолы ол, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланған. Одан кейін екінші хатшысы болды, оған облыстың өнеркәсібі мен күрделі құрылысына басшылық ету жүктелді. Ол қызметті де абыройлы атқарған ол, облыстық атқару комитетінің төрағасына жоғарылатылды.

Шығыс Қазақстан обкомының бірінші хатшысы Протазановтың іскер, сауатты, кабілетті қазақ кадрларын көтеруге үлкен мән бергенін айта кету керек. Оның көзіне түсіп, қызметі жоғарылатылған қазақ азаматтарының бірі осы К.Бозтаев болатын. Ал 1987 жылдың ақпанында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне жіберілді. Бұл кез 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды түрмелерге тоғытып, аяусыз жазалап, соттап, барлық жаланы жауып, «әшкерелеу» шараларымен тұспа-тұс келді. Сол секілді Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Г.Колбин келіп, сол жоғарғы органнан бастауыш партия ұйымдарына дейін қазақ кадрлары орындарынан қуылып, орыстар қойылып жатқан еді. Қысқарта айтқанда, елімізді келесі аласапыран жайлап, дүрлігу мен үрей билеген шақта, жаңа, аса жауапты жұмысқа К.Бозтаевтың келуі оған үлкен салмақ та, азаматтық борыш та түсірмей қоймады.

Дәл осы уақытта оның өмірі мен жұмысы жаңа арнада өрбіді. Алғашқы қадамын ел жағдайымен танысудан бастайды. Ауылдарды аралайды, жұртпен жүздеседі. Жас кезінде ядролық қаруды сынаудың зардабын естіп-білген оған көзбен көріп, нақтырақ білудің сәті енді келгендей еді. 1987 жылдың өзінде-ақ Курчатов қаласына да ат басын бұрады.

Қалаға барып танысқан К.Бозтаевқа полигон басшылары «Өте құпия» деген грифі бар «Бірінші сутегі бомбасын ауада сынау. 1955 жыл» деп аталған деректі фильмді көрсетеді. 45 минут. Оны көргеннен кейін «жаны қатты түршігіп» кеткен екен. Түршіктірген не екенін кітабында жазған. Солардың кейбірі төмендегідей: бомба жарылған эпицентрден тоғыз шақырым жердегі тас үйлер қатты қираған, жоғарғы қабаттарға қамалған жануарлар өліп қалған (сынақ үшін әдейі қамаған ғой, сірә), далада ұшақтар өртеніп жатқан, сегіз шақырым қашықтықтағы жануарлар өлген, күйген, жеті шақырым жердегі өнеркәсіп үйлері толық қираған, айнала тып-типыл болған, ал 16-шақырымдағы қала жартылай қираған, 120-200 шақырым қашықтықтағы үйлердің шатырлары, есіктері, терезелері зақымданған. Бұл жанды шайқалтатын көріністер емес пе, 1500 метрлік биіктікте жарылған қуатты бір сутегі бомбасының жарылуы осындай қасірет әкелетін болса, адам түршікпек түгіл, өзін қайда қоя алар еді. Фильмді үш рет көрген К.Бозтаев іші астан-кестен болмай, қалай шыдасын. Оның үстіне сол жылы 20-дан 150 килотоннаға дейін жететін 18 жарылыс жасалыпты. Олардың зардабын есептей беріңіз. Қиратып, күл-талқан жасау ғана емес, тіпті аулақтағы тұрғындардың өміріне, ұрпағына тигізетін зардабы әлдеқайда орасан екенін пайымдап көрейікші. Соған қарамай, 1988-1989 жылдары тағы жалғастырылды. Әсіресе, 1989 жылғы 12 және 18 ақпанында жасалған жарылыстар жұрттың төзімін тауысты. Облыс басшылары да мазаланды. «Не істеу керек?» деген ашулы сұрақ миды сұққылап, жүректі тілгіледі.

К.Бозтаев облыстық партия комитеті бюро мүшелерімен ақылдасады, ал 20 ақпан күні өзінің қолымен «СОКП Орталық Комитетіне Семей қаласы аумағындағы ядролық полигон туралы» деген жедел хатын шифрмен жібереді. Оны толық келтіру үлкен орын алатындықтан, қысқаша мазмұнына тоқталайық. 340 мың тұрғыны бар Семей маңында 1949 жылдан бері алғашқы кезде атмосферада, ал 1963 жылдан бері жер астында ядролық сынақ жүргізіліп жатқанын, жыл сайын 14-18-ге дейін жарылыс өткізілетінін, олардың елге де, жерге де көп залал тигізіп жатқанын, 1987 жылы Семейдің, басқа қалалардың үстін газ ағыны басып өткенін, тарағанын айта келіп, «қалыптасқан жағдайға алаңдап отырған облыстық партия комитеті СОКП Орталық Комитетінің тиісті министрліктер мен ведомстволарға жарылыстарды уақытша тоқтатуға, ал болашақта ядролық сынақты басқа ыңғайлы жерге ауыстыруға тапсырма беруді сұрайды» деп аяқтаған хатты. Бұл күрделі мәселелерге байланысты талап етілген алғашқы ресми құжат екен. К.Бозтаев өз басына қандай қара түнек туатынын білсе де тәуекелге бел байлаған ғой. Ендеше оны ескермеуіміз қалай?

Текетірес

Көп ұзамай текетірес басталды. Жеделхат СОКП Орталық Партия Комитеті Саяси Бюросының мүшелеріне таныстырылғанда, қырын сөз көрсетуі сөзсіз еді. Әсіресе, бұл әскери-өнеркәсіп айналасындағыларға ашық күнгі найзағайдай әсер еткен көрінеді. Оған таңданудың қажеті жоқ. Ұзақ уақыт үстемдік пен өктемдік етіп келген соң, ашу-ызасыз қабылдамау мүмкін емес. Соның ызғарлы лебі естіле де бастаған. Сол кездегі қорғаныс министрі Д.Т.Язов: «Бозтаев жағдайды шиеленістіріп отыр, палигон таза, алаңдауға негіз жоқ», — десе, Курчатов қалалық парткомының бірінші хатшысы Н.М.Сафранов, қалалық атқару комитетінің төрағасы Е.В.Чайковский «генералдарға қарсы көтерілген алғашқы адам», «қауіпті адам» деп жауластыру желін қоңырсытыпты. Сонымен не керек, 28 ақпанда Курчатовқа Үкімет комиссиясы келген.

Сол күні «Невада-Семей» қозғалысы құрылып, оның жетекшісі О.Сүлейменов теледидардан сөз сөйлеп, полигонды жабу күресіне қосылды. Болған жағдайды жасырып, шындықтан аттап өту тарихқа да, оған қатысқандарға да қиянат. Қозғалыс қарқын алып, жұртшылыққа кең тарағанын, О.Сүлейменовтің сөздерінен естігенбiз, ұмытылған жоқ. Оның да үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Ескеретін бір жағдай — ол кездерде қозғалысты ұйымдастыру, оның жиындарын өткізу республика басшыларының қолдауынсыз, құптауынсыз жүзеге асуы мүмкін емес еді.

К.Бозтаевтың да батыл ісі туралы хабар оларға бірден жеткен. Оны Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.В.Колбиннің оған жеделхатының М.С.Горбачевтың қолына бірден тигенін хабарлауынан-ақ байқауға болады.

Алайда полигонды жабу мүмкін емес еді. Жарылыс жүргізілген қырық жылда тұңғыш рет келген комиссияның тілек-талапқа мән бермей, тоңмойындық танытып, оң шешім жасамағаны мәселенің шешуін созып жіберген. Айтыс, пікірталас, қыңыр тарту, тұрғылықты халықтың зардабымен есептеспеу — міне, осындай құлық жол ашқызбады. Соған қарсы бел шешіп кіріскен К.Бозтаев барынша өз позициясынан қайтпады. 3 наурыз күнгі облыстық парткомитеті бюросы мүшелерінің Үкімет комиссиясы қатысқан мәжілісінде білгірлігін де, ұстамдылығын да, қайраткерлігін де таныта білді.

Міне, оның сөздеріне көңіл қояйықшы: «Семей облысы ешқашан да «Б» категориясына жатқызылған жоқ қой, біздің адамдар «Б» тобы үшін белгіленген жеңілдіктер мен өтемақыны пайдаланған емес. Бұл жағдай қырық жыл бойы болған жоқ. Енді ғана ескеріп отырсыздар», «Сонда қалай, газ ауаға тарайды, радиация мөлшері әдеттегіден мың рет асып түседі, ал айыпты адамдар жоқ. Олай болмайды. Айыпты адамдар бар, олар жауап беруге тиіс».

Полигонды басқарушы генерал Ильенконы қатты сынға алады, газдар ауаға таратылмайтынына сендірген сөзінде тұрмағанын бетіне айтады, «Сіз полигон бастығысыз. Сіз полигонға байланысты істердің бәріне жауап бересіз» деп ашық та нақты талап қояды. Әртүрлі алып-қашпа пікірлер қозғалады. «Полигонды жабу қажет, оны басқа жерге көшіру туралы мәселе қояйық» деді А.С.Ерменко деген қатысушы. Бәрібір оған қол жетпеді. Текетірес жалғасып, екі жарым жылдан астам уақытқа созылады, ол көшеге шығып дауыс көтергеннен әлдеқайда қиынға соқты. «Бізге екінші Чернобыльдің кебін кигізгелі отыр. Біз өмір сүргіміз келеді. Полигон жабылсын!» деген сияқты халық үні де күшейе түсті, хаттары жоғарыға жетіп жатты. Сонда да жарылыс тоқтамады.

Сынақшыларға қарсы күрес жүріп жатты. Бір жағында К.Бозтаев, енді бір жағында О.Сүлейменов. Екеуінің мақсаты бір — полигонды жаптыру.

К.Бозтаев СОКП Орталық Комитетінің сол кездегі Бас хатшысы М.С.Горбачевке полигонға байланысты ойын көзбе-көз айтып беруге бекінеді. СОКП Орталық Комитетінің 1989 жылғы сәуір айында өткен пленумына барғанда сәті келіп кездесіп, ойындағысының бәрін ақтарады. Анау «Бұл мәселені қараймыз» деп еді, көп ұзамай «Семей ядролық полигоны туралы» қаулы дайындалады да К.Бозтаев онымен танысады. Оған көңілі толмады, онда сынақты тоқтату мерзімі анықталмаған екен. Кейінірек қаулы жобасында оның уақытының 1995 жылғы 1 қаңтар деп жазылғанын білгеннен кейін, 23 қыркүйекте Горбачевқа хат жөнелтеді. Артынша сынақты тоқтату мерзімін 1993 жылдың 1 қаңтарына аудару туралы ұсыныс жасалады, ал К.Бозтаев әлі де қысқартуды талап етеді. Соған орай, оған жасалған қысым күшейе түскен. Мәскеудің қолдауына сүйенген полигонның кейбір басшылары мен мамандарының шабуылынан да К.Бозтаев ықпайды, азар болса, обкомның бірінші хатшылығынан кетермін деген берік сенімді серік етеді. Республикада да кейбір басшылармен келіспеушілік болмай қалған жоқ. Атына әртүрлі ғайбат сөздер айтылып, кінә тағу толастамайды. Өзін жақтаушылар да болмай қалған жоқ. Жабу жөніндегі хаттар да көп жіберілді.

Ақыры елдің арман-мақсаты іске асатын сәтті күн де туды. Кеңес Одағы тарап, жеке тәуелсіз мемлекет болуға жеттік. Г.В.Колбин де тайып тұрды. Президенттік басқару орнады. Алғашқы Президент болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. 1991 жылғы 29 тамызда ол Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Дәл сол күні алғашқы жарылыстың өткізілгеніне 40 жыл толған еді.

Күрмеуі күрделі мәселе ақыры шешімін тапты. Қанша уақыттық күрес барысын саралай келіп, К.Бозтаевтың бұған қосқан үлкен үлесі бар екеніне көз жеткіздік. Ол өз кітабында «мен жаптырдым» деп кеуде соқпаған екен, «қашан, не болды» дегенді жүйелеп, нақты деректер мен мерзімін көрсете отырып дәлелдерін жазған.

Cына
«Біз өз жұмысымызды жарнамалаудан аулақ болдық. Керісінше, менменсіген өкіметтің бұлтақтары мен бұрылыстарын жақсы біле отырып, өзіміздің қиын жұмысымызды дабырасыз-ұрансыз тындыруға тырыстық. Шын мәнінде, жұрт біздің қандай шытырман жолдардан, биік-биік белестерден өткенімізді білген жоқ. Текетірес жылдарында полигон төңірегіндегі оқиғалардың ортасында болған адам ретінде, мен Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі тарихи жеңіске ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа қатысушылардың барлығының: Қазақстан Президентінің, Республикалық Жоғарғы Советінің және барша халқының бірлесе отырып күш жұмсауының арқасында жеттік дегенді атап айтқым келеді».
Кешірім Бозтаев,
Семей полигоны. «Қайнар қасіреті». «Қазақстан» басп., 1997 ж.

К.Бозтаевтың істеген ісін жоққа шығару — азаматтыққа нұқсан. Керісінше, әділдікке жүгіну — жақсы бір қасиет. Осы ескерілмеген жерде қиғаш кетіп, жалғандыққа ұрыну бойды баурап алады. Демек, К.Бозтаевтың күресі елеусіз, ескерусіз қалмауға тиіс. Егер көзі тірі болса, ол да үндемей қалмас еді, алып-қашпа пікірлерге жауабын берер еді. 66 жасында дүние салған оның еңбегін әділ бағаламасақ, адамгершілігіміз қайсы? Басын бәйгеге тіккен азаматқа мемлекет тарапынан құрмет көрсетілуі тиіс.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста