«Бұл не деген батпан құйрық?»
«Белсенді болсаң, байлыққа белшеңнен батасың. Азын-аулақ айлыққа қарап отырасың ба? 50-60 мың теңге жалақының соңында жүресің бе осылай есек секілді?» деп намысымыз бен тек жатқан жынымызға тиіп, желілік маркетингке өтуге желіктіріп қоятын таныстарымыз, тамырларымыз көбейіп барады. «Түгеншекең қызметін тастап, сонда кіріпті. Қазір түкірігі жерге түспейтін миллиардер екен» деп «желіліктер» әңгіме айтқанда, аузымыздың суы құрып, тамсана бастағанымызды өзіміз де сезбей қалатын кездеріміз бар.
Сосын әлгі «сетевик» кенедей жабысып, қыр соңымыздан қалмай қойғанда, «бұл батпан құйрықтың қандай құйрық» екенін дереу ұғынып үлгердік. Ұғынбағандар иллюзияға малданып, пирамиданың бір сатысы болып және кетті. Бейресми деректер «бүгінде бұл бизнесте 50 мыңға жуық қандасымыз жүр» дейді. Ал сол 50 мыңның желілік сауда қағанағын қарық, сағанағын сарық қылды ма?
«...Бостан-босқа жатқан құйрық...»
Көптеген мәліметтер еліміздегі желілік маркетингтің жыл өткен сайын өркен жайып келе жатқанын айтады. Мәселен, бұрынғы кеңестік елдер арасында Ресей мен Қазақстанда бұл жүйе кейінгі жылдары қарқын алыпты. Қазақстанда соңғы бес жылда бұл бизнес екі есеге өскен. Демек, желілік сауданың ел ішінде қандай деңгейде екенін осыдан да аңғаруға болатын секілді. Әрине, бұл істе жетістіктерге жетіп жатқандар да баршылық.
Талғат ӨТЕТІЛЕУҰЛЫ, қытайлық «Тяньши» компаниясының өкілі:
– Кезінде кәуап сатып, дәстүрлі бизнеспен шұғылдандым, кейін қаражат жағынан қысылып, келеңсіздіктерге тап болдым. Содан көп ақша табудың жолын іздеп, осы бизнесті 2004 жылы Алматыда бастап, 2005 жылы Қарағандыға көшіп келдім, қазір өзімнің кеңсем бар. Ағайындарым да, жора-жолдастарым да осында.
Өнімдер өзіме де жақсы көмектесті. Компанияға келмей тұрып ауырғаным бар-ды. Содан айықтым. Өнімдерін отбасымызбен пайдаланамыз. Жақында ие болған көлігім – компанияның сыйлығы. Еңбегімнің бағаланғаны деп білемін. Бұрындары басқа елдің өкілдеріне машина беріп жатқанда, мен де солар сияқты темір тұлпар алып жатсам қазақтың ұлттық киімімен шықсам деп армандайтынмын. Сол арманым орындалып, өткен жылы автокөлік кілтіне ие болдым. 2011 жылдың 3 тамызында Қытайдың Тяньцзинь қаласында салтанатты түрде 200 адамға тарту етілді, соның 12-сі Қазақстаннан. Осы компанияға келгелі бері көп мемлекетті араладық. Жыл сайын шетелге демалуға барып тұрамыз.
Бірақ бәрі бірдей емес. Дәлірек айтқанда, көпшілігінде оның ұшар басындағы адамның ғана қамбасы қомақты толады. Басқасы соның сілекейін ғана қанағат тұтысады.
Желілік индустрияның шыны мен сыры неде?
ХХ ғасырдың 30-жылдарында дүниеге келген МLM бизнесін кәсіп еткен 125 ел бар екен. Бүгінгі таңда 4000 ірі желілік компания бар болса, олардың айналымы 300 миллиард АҚШ долларын құрайды. Күн сайын дүниежүзінде жүз мыңдаған адам тәуелсіз дистрибьюторлар қатарын толықтырады. Ал экономист-сарапшылардың айтуынша, ХХІ ғасырда тауардың 70 пайызы МLM жүйесі арқылы тұтынушысын таппақ. Бірақ біздің елдегі желілік маркетинг емес деп ойлаймыз. Жасыратыны жоқ, бүгінгі желілік маркетингтегі дистрибьюторлар айлығын асырып айтып, алдап-арбау әдісін жете меңгерген. «Бір айда 200 мың таптым» дегенде, қызықпайтын пенде болмасы анық. «Өзің кір, сосын өзіңнен кейін 2-5 адам тартсаң, өзегің талмайды. Төбеге шырт-шырт түкіріп жатасың да қоясың, содан айына 70-80 мың теңге есепшотыңа ұдайы түсіп тұрады» немесе «осынша адам тартып, осынша балл жинасаң, Францияға, Италияға тегін қыдырып барасың, көлік аласың» деген сыңайдағы шақырулардан әбден запы болдық. Одан қалды, «кірмей-ақ қой, тек шай ішуге кел» деп шақыруға көшетінін қайтерсіз. Тап бір сіз кенереңіз кеуіп, шөлдеп, шай таппай жүргендей.
Сарапшылар жұртты желіктіретін желінің өзіндік тиімді жақтарын да жоққа шығармайды. Айталық, егер ғайыптан тайып, желілік бизнесіңіздің тасы өрге домалап кетсе, онда табысыңыздың еселеу мүмкіндігі, қаржылық тәуелсіздік, өзіңіздің дербес бизнесіңіз сынды критерийлер. Бұл жетістіктерді кез келген агент майын тамызып айтып беруге шебер-ақ. Тек олар оның кереғар тұстары туралы жақ ашпайды. Экономикамен ұйықтап, экономикамен оразасын ашатын үнемшіл қауымның айтуынша, бұл бизнес «бостан-босқа жатқан батпан құйрық емес». Ең бастысы, мұнда табыстың, айлықтың тұрақсыздығы. Сондай-ақ моральдық, материалдық салымдарды қажет етуі секілді тиімсіз қырлары да бар. Сондықтан да сіз, агентіңіз айтқандай, дереу байып кете қоймайсыз. Әп-сәтте толағай табысқа кенелмейсіз. Ол үшін талай жыл керек. Ал ол талай жылдың таудай табысты болуына да кепіл жоқ. Желілік маркетингтің шыны мен сыры бұл.
Желілік маркетинг тауарларының қауіпсіздігіне кепіл бар ма?
Бұлай деуімізге былтырғы жылы өзбектердің кәсіпкер ретінде тіркелмеген желілік маркетингпен айналысатын жеке тұлғаларға тыйым салуы түрткі болып отыр. Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылы 1 ақпаннан бастап өзбек үкіметі қаулы шығарып, шектеу қойған-ды. Себеп – «өзбектің ішкі нарығына шетелден ағылып келіп жатқан алуан түрлі тауарлардың сапасына күдіктің күшеюі». Қазақ байғұс желілік маркетингпен табыс тауып, баюдың қамынан аса алмай жүргенде, өз-ағамыз халқының денсаулығына алаңдаулы. Сонымен қатар өзбектер «Өзбекстандағы желілік сауда-саттық төлемі қолма-қол есептесу емес, келісімшарт негізінде ақша аударымымен ғана жүзеге асырылуы тиіс. Ол үшін коммерциялық құрылымдар көтерме сауда жасауға құқық беретін лицензия алуы керек. Ал төлемақысын қабылдау тек арнаулы сауда нүктелерінде бақылау-кассалық терминалы арқылы жүргізілетін болады» деп, кәмелеттік жасқа толмаған азаматтарға мұндай саудамен айналысуға рұқсат етілмейтінін және шегелеп алған-ды. Сондай-ақ өзбектер салықтан жалтарды деп, Oriflame компаниясының Өзбекстандағы өкілдігін жауапқа тартқандығы және бар. Ол аз десеңіз, емдік дәрі-дәрмектер мен парфюмерлік тауарлар сататын Ташкенттегі ParfuMed сауда желісінің төрт дүкені және түріктің Turkuaz супермаркеті мен өзбек-эмират бірлескен кәсіпорнының «Комфорт-Элит» атты дүкендер желісінің жұмысын тоқтатуына да мұрындық болған сол өзбек соты еді.
Ал біздегі желілік бизнестің қауіпсіздігіне кім кепіл? Салығын, заңдық негізін айтпағанның өзінде...