Өткен ғасырдың 50-60 жылдары телевидение дәуірі келген кезде «алдағы уақытта телеарналар газет-журналдарды, радионы сыртқа ысырады» деген пікірлер айтылған болатын. Телевидение қарқынды дамып келе жатқан шақта, 1970 жылдары профессор Марат Барманқұлов «бүкіл әлем сіздің пәтеріңізде» деген еді. Ал қазіргі заманда «бүкіл әлем қолымыздағы смартфонда».
Қазіргі таңда ақпараттың жылдамдығы артқан сайын, электронды техника дамыған сайын, журналистиканың жүгі де ауырлай түсті. Өйткені желіде желдей ескен ақпараттарды сүзгіден өткізіп, блогерлер таратқан жаңалықтың ақ-қарасын ажыратып, сараптау, тартымды етіп ұсына білу журналистен біліктілік пен тәжірибені талап етеді. Әлеуметтік желінің дамуымен осыдан он шақты жыл бұрын еркіндіктің жөні осы екен деп кез келген адам ақпарат таратушы бола бастады. Бірақ халыққа айтары бар, сауатты, белгілі бір саланы зерттеп, ақпаратты саралап жеткізетін, қоғамдық ой туғыза алатын блогерлерді уақыт өзі екшеп берді. Блогерлік күн санап дамып жатқан заманда журналистер де қарап қалған жоқ. Қайта олар қаламының ұшымен, сөзінің күшімен жаңа қырларынан танылып, өзінің негізгі жұмысынан бөлек, сауатты блогтарды да жүргізе бастады. Газет-журнал, телеарна сайттарының жұмысы жанданып, инетрнет-журналистика ұғымы пайда болды. Жаңа медиа түрлі графикалық, мультимедиялық қосымшаларының арқасында ұзақ мәтінге деген тәуелділікті азайтты. Сонымен қатар сөз бостандығы мәселесі де жеңілдей түсті. Өйткені аудиториямен тығыз байланыс орнатыла бастады. Біршама сайттар арнайы оқырман үшін өз пікірлерін жазып, ойларын ашық айтуға болатын қосымшалар ойлап тапты.
Интернет-журналистиканың дамуындағы негізгі басымдылық – ақпараттық қоғам. Оны қолданатын қарапайым халық және заңды тұлғалар. Интернет-журналистиканың негізгі артықшылықтары: жылдамдық, қолжетімділік, шағын әрі түсінікті болуы, уақыт жағынан тиімділігі, көпшілікке пайдалылығы, мақсатты аудиториясының болуы. Өйткені кез келген адам қолындағы мобильді құрылғы арқылы өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Қысқа да нұсқа мәтін, сапалы ақпарат, тартымды сурет пен видео – журналистің қаруы.
· Тақырыпқа орай
Қуаныш Ермек , журналист:
Ақпарат алаңы бәрімізге ортақ
– Қазіргі таңда журналситиканы интернет журналистика және дәстүрлі журналистика деп бөліп қарастырып жүр ғой. Меніңше, бұлай бөліп-жараудың қажеті жоқ. Иә, әр саланың өз ерекшеліктері бар шығар. Дегенмен кәсіби журналист үшін ақпарат алаңы ортақ. Айталық, газетке мақала жазатын журналист сайтта да жұмыс істей алады, блог та жүргізе алады. Қайта заман талабына сай жан-жақты болуды үйрендік. Қазіргі уақытпен жарысып жүретін заманда ең бастысы халыққа жылдам әрі шынайы ақпарат беру маңызды. Қашан да телеарнаның өз көрермені, газет-журналдың өз оқырманы, сайттар мен әлеуметтік желінің де өз қолданушысы табылады. Кәсіби журналистің ерекшелігі, олар халықты тек ақпараттандырып қана қоймайды, кез келген мәселенің мән-жайына үңіліп, тереңінен зерттейді. Өйткені ол өзіне жауапкершілік міндеттелгенін біледі. Бұл да кез келген блогердің журналист бола алмайтынының, ал журналситің блогер бола алатынының бір дәлелі.
Деонисий Мить, фотограф National Geographic журналының өкілі:
Заман ағымынан қалмау керек
– 2000 жылдардың бас кезінде сандық фото пайда болған кезде біз, кәсіби фотографтар бұл жаңа технолгияны қабылдай қоймадық. Цифрлық фото пленканы алмастыратынына сеніңкіремедік. Арада 5-6 жыл өткеннен кейін біз заманға сай электрондық технологияны игеруіміз керек екенін түсіндік. Өйткені қолымыздағы смартфон бізге мобильді болуға мүмкіндік берді. Заман бір орында тұрмайды, технологияда күннен күнге дамып, адамның жұмысын барынша жеңілдетуде. Сондықтан қазіргі заманда кез келген кәсіби журналист қолындағы смартфонды дұрыс пайдалануды, сапалы сурет түсіруді, контент жасауды білуі керек деп ойлаймын. Бұл – заман талабы. Қазір телефон арқылы сапалы фото жасауды, видео түсіруді үйрететін курстар өте көп. Ниет пен талпыныс болса болғаны.
Жадыра Жұмакүлбай, журналист:
Подкаст нарығы өркендеп келеді
– Өзім радиожурналист болғандықтан осы саладағы жаңалықтарды қалт жібермеуге тырысамын. Осыдан бірнеше жыл бұрын шетелде білім алып жүргенімде әлемде аудиоподкастардың трендке айналғанын байқадым. Подкастардың атасы – радио. Бүгінде «Би-би-си» секілді әлемдік арналар мен радиолардың барлық бағдарламаларының подкасты бар. Соңғы бір-екі жылда біздің елімізде де подкаст нарығы қарқын ала бастады. Подкаст – бұл көшіріп алып, кез келген уақытта тыңдауға болатын аудиобағдарламалар, сериалдар, блогтар. Жанрына қарай біреулер подкастарды бірнеше адамның видеосұқбаты немесе жеке адамның баяндауы, тіпті көркем сериал түрінде де жасап жүр. Табыс табу мақсатында подкастар жасау да дамып келеді. Заманның ырғағына ілесу үшін көптеген адамдар аудиокітаптар оқуды әдетке айналдырды. Сондықтан подкасты медиа саласының жеке бір тармағы деп қарастыруға әбден болады. Кез келген адамның талғасына сай аудионконтент қалыптасып келеді. БАҚ-тың кез келген жанрындағы өнімдерді подкаст форматына бейімдеуге болады. Осындай жаңашылдықтан қашпауымыз керек деп ойлаймын. Отандық телеарналар мен радиожурналстердің жасаған подкастарын үнемі көріп, тыңдап жүремін.
Бүгінде теледидар көретін, газет-журнал, кітап оқитындардан гөрі жаңалықты да, фильмді де, қажетті лайф-хақты да қалта телефонынан-ақ қарайтындардың қатары көп екені рас. Дегенмен кез келген ақпараттың ақ қарасын ажыратып, көрермен мен тыңдарманға, оқырманға қысқа да, нұсқа, сауатты етіп ұсынатын кәсіби журналистика қашан да өлмейді. Өйткені кәсіби маман заманның талабына да, аудиторияның сұранысына да жауап бере алады.