Алматы қаласында аурухана мен емханаға қоса жекеменшік медициналық орталықтардың да саны көп. Осылардың ішінде қатарынан үш жыл №5-қалалық клиникалық емхананың мейірбикелері «Алматы қаласының ең үздік мейірбикесі» байқауында бірінші орынды иеленіп келеді. Алматы қаласының әкімдігі мен қалалық медициналық колледжінің ұйымдастыруымен өтетін бұл сайыс ең алғаш 2008 жылы ұйымдастырылған.
Онда аталмыш емхананың операциялық бөлімшесінің аға мейірбикесі Любовь Грицкевич «Алматы қаласының ең үздік мейірбикесі» атанса, 2009 жылы қабылдау бөлімшесінің аға мейірбикесі Гүлнар Тұрсынова осы атаққа қоса, бәйгеге тігілген бір бөлмелі пәтерді жеңіп алған. Ал биылғы жылдың басында өткен сайыста аталмыш емхананың құлақ-мұрын бөлімшесінің аға мейірбикесі Мәдина Баева «Алматы қаласының ең үздік мейірбикесі» атанып, №5-емхананың абыройын тағы бір мәрте асқақтатқан.
Мәдина БАЕВА, «Алматы қаласы 2009 жылдың ең үздік мейірбикесі»:
– Алматы қаласы бойынша 80-дей емхана мен ауруханадан 100-ден астам мейірбике жиналған сайыста топ жарып бірінші орын алу оңай емес. Енді республикалық сайысқа дайындалып жатырмын. Басты мақсат – жүлделі орыннан көріну.
Осы емханада 25 жылдан астам уақыт істеген, бас дәрігердің мейірбикелер ісі жөніндегі орынбасары Пан Вера Рунова «Біздің жыл сайын мұндай жетістікке жетуіміздің «құпиясы» мейірбикелеріміздің тынбай ізденуі мен заманға сай инновациялық жетістіктерді тиімді игеруінде» – десе, емхананың бас дәрігері: «Мұндай мамандарыммен қалай мақтансам да жарасады», – дей келіп, мейірбикелердің мұң-мұқтажын да айтып өтті.
Жанат КӘКІМСЕЙІТҚЫЗЫ, №5-клиникалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымының кандидаты:
– Мен қарамағымдағы қызметкерлерімнің біліктілігімен мақтана алатыныма қуанамын. Бізге Израил, Германия, Ресей елдерінің мамандары тәжірибе алмасуға жиі келеді. Сондай тәжірибе алмасулардың бірінде операция үстелінде «Алматы қаласының 2008 жылдың ең үздік мейірбикесі» атанған Любовь Евгеньевнаның жұмысына қызыққан неміс ғалымы мейірбикемізге жоғары баға беріп, «құда түсті». Еліне алып кетіп, өз елінің мейірбикелеріне жұмыс тәжірибесімен бөлісуге аттай қалап сұрады. Бұл – біздің қызметкеріміздің шеберлігінің арқасы. Алайда шетелдік мамандардың өздерінен жоғары баға алып отырған мейірбикелеріміздің өз елімізде ойдағыдай жалақы да ала алмай отырғаны жанымызға батады. Мен Медеу ауданының бас дәрігерімін. Медеу ауданы бойынша 13 аурухана мен емхана бар. Ондағы мейірбикелердің көбісі үйсіз-күйсіз. Оның ішінде пәтерге аса мұқтаж 300-дей мейірбикеге үй болмаса да, жатақхана берілсе екен деген тілекпен қала әкімшілігіне, Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясының бөлімшесіне де хат жаздым, тіпті жағдайымызды сұрай келген Бычкова Светлана атты Мәжіліс депутатының қолына арнайы хат та ұстатып жібердім. Бірақ мәселе сол шешілмеген күйде қалып отыр. Бізде университетті жаңа бітіріп келген маман 28 500 теңге алса, жұмыс өтілі 3 жылдан асқандар – 29 000 теңге, жұмыс өтілі 10 жылдан асқандар – 31 000 теңге, 20 жылдан асса, 32 000 теңге алады. Мұндай айлықпен ипотекаға үй берілмейді, жалдамалы пәтердің де ауылы алыс. Ал өз айлықтарымен ешқашан пәтерге қол жеткізе алмайды. Мейірбикелердің жалақысы пәтер жалдауға да жетпейді. Амал жоқ, бірнешеуі бірігіп, бір пәтерді жалдап күн көреді. Жас кезде ештеңе емес, жастары ұлғайғанда 5-6 мейірбикенің бір бөлмелі пәтерге тығылуы тіпті қиын. Рас, Медеу ауданының дәрігерлеріне қарасты бір жатақхана бар. Оның жертөлесі ғана бізге тиесілі. Онда 8 мейірбикеміз ғана тұрады. Ал қалғандары соның өзіне зар.
P.S. Кәсіби мереке тұсында мейірбикелердің мұңын қозғағымыз да келмеген. Алайда тиісті мекемелердің «құлағына – алтын сырға» деп, бас дәрігер айтқан ащы шындықтан аттап кете алмадық...