Санаулы жылдардан соң қазақпен қазақ «іздірәсти» деп амандасуы мүмкін. Орыстілді болғандығынан емес, бірін-бірі қазаққа ұқсата алмағандықтан. Еліміздің дәрігерлері соңғы уақытта билирубинді балалардың, яғни сары қазақтардың көптеп туыла бастағандығын айтып, алаңдаушылық білдіріп отыр. Медициналық тұрғыдан алғанда, қан құрамындағы билирубин шамадан тыс көп болған жағдайда сәбилер түрлі физикалық ауруларға ұшырап, жазылмас дертке тап болса, одан да қауіптісі – қазақ ұлт ретінде өзінің түр-түсін жоғалтуы ықтимал.
Билирубинді балалар көбейіп барады
Дүние есігін ашып жатқан сәбилеріміздің дені сарғайып туыла бастады. Бұл пікірді мамандар да растап отыр. Билирубин – қалыпты жағдайда адам баласының ағзасында болуы тиіс биохимиялық зат. Ол көбінесе адамның бауыры ауырған кезде шамадан тыс көтеріледі. Және де гемолитикалық аурулар кезінде көбейеді. Қан құрамындағы қызыл түйіршіктер жойылғанда немесе лизиске (никроль) ұшырағанда, билирубин жоғарылайды. Өйткені осы кезде клеткалар өздігінен жоғалады. Қызыл қан түйіршіктері ыдырап, құрамындағы темір және оттегі тасымалдаушы гем қанға шығып, гемолиз болады. Осының ыдырауы нәтижесінде билирубин түзіледі. Бауыр ауруында, қан сыйыспаушылығы кезінде, резусі теріс әйелдердің жатырында жатқан оң резусті нәресте жарық дүниенің есігін ашқанда, гемолитикалық ауру болып шығуы мүмкін. Былайша айтқанда, бала сарғайып туылады. Оның да үш түрі бар: ісіну, сарғаю және гемолиздік. Бұлардың ішіндегі ең қауіптісі – ісіну түрі.
Билирубиннің қан құрамында шамадан тыс артуы, бұл кез келген интоксикациядан болады. Мысалы, арақ адамның бауырын ірітіп, оны интоксикацияға ұшыратады. Сосын ол билирубиннің мөлшерінің артуына әкеліп соғады. Химиялық, биологиялық, наркотикалық заттар да осы аурудың өсуіне ықпал етеді.
Қуаныш НҰРҒАЗИЕВ, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры:
– Бүгінгі таңда осы мәселе бойынша расталған пікір жоқ. Бұл – жүкті әйелдердің дәрі-дәрмек қабылдауымен байланысты болуы мүмкін, өйткені көптеген дәрі-дәрмектердің бауырға қатысты жанама әсері бар. Сонымен қатар соңғы уақытта дене салмағы төмен, өте төмен және шектен тыс төмен нәрестелердің дүниеге келуі артты және органдары мен жүйелері, оның ішінде бауырлары да морфофункционалды жетілмей туылған нәрестелердің саны да өсті.
Міне, осы пікірдегі нәресте бауырының морфофункционалды жетілмей туылуы – оның қан құрамында билирубиннің шамадан тыс көп болуына әкеліп соғады.
Рая ҚҰРАМЫСОВА, Алматы қаласындағы №8 балалар емханасының бас дәрігері:
– Билирубин кез келген балада болады. Өйткені адамның ағзасы осы гипербилирубинді этаптан міндетті түрде өтеді. Бұл құбылыс бала туылған соң төрт-жеті күн аралығында өтуі тиіс. Бірақ соңғы 15 жыл көлемінде билирубині көп балалар өте көптеп туыла бастады. Бұл – адам баласының өмірінде үлкен өзгеріс барын байқатады. Салауатты өмір сүру салтын дұрыс ұстанбағандықтан яки экологияның әсері болуы да мүмкін. Бала қанында билирубиннің көп болуы бұл жүкті әйелдің тамақтануына да байланысты. Жатырда сәби бауыры толық жетілмеген күйінде туылады. Сосын оның билирубині басым болады. Билирубин көп болған жағдай аса қауіпті. Өйткені ол бірден миға әсер етіп, оған үлкен қауіп төндіреді. Баланың сарғайып туылуы – бұл ғаламдық мәселе. Бала бастан-аяқ сарғаяды. Жүйке жүйесінің талшықтары бұзылады. Тіпті қазір мүгедек болып туылып жатқан балалардың көбі осы сарғаю салдарынан болып отыр. Екі-үш жыл бұрын мұндай жағдай біздің емханада өте жоғары деңгейде тіркелген болатын. Жалпы алғанда, бұл тақырып медицинада әлі терең, ғылыми түрде зерттеле қойған жоқ.
Сапасыз тағам сананы бұзады
«Көрші ақысы – тәңір ақысы» дейтін қазақы түсінік қазіргі таңда шекаралас көршілерімізге жүрмейтін секілді. Кедендік одақ құрып, тонның ішкі бауындай араласамыз деген Ресейдің өзі қазіргі таңда елімізден ет өнімдерін сатып алуға қауіптеніп, белгілі мөлшерде тыйым салып отырған тұста, шығысымыздағы шекарадан уақыты өтіп, жарамсыздық деңгейі улау көрсеткішіне жеткен сапасыз тағамдардың талайы тәркіленді. Ел аумағына өтіп кеткен улы тағамдардың мөлшері қанша екенін де қазіргі таңда тап басып айта алмаймыз. Өндіріс орнынан шекараға жетіп, ондағы бірнеше күндік тексеруден өтіп болғанша, тағамның сапасы бұзылып жатса бір жөн, егер де адам ағзасын улап, денсаулығына едәуір зақым келтіретін түрлі дайын және полуфабрикатты өнімдер арнайы мақсатта шығарылып, елімізге тоғытылып жатқан болса ше? Және де ол тағамдар бүгін тұтынсаң, ертең улап тастайтын емес, әсер ету мөлшері бірнеше айдан кейін реакцияға түсетін элементтерден түзілген болса қайтпекпіз? Жаңа ғасырда отарлаудың экономикалық, мәдени, демографиялық түрлерінің қатарына енді гендік өзгеріске түсіру арқылы ұлтты тамырынан ажырату факторы да қосылып отыр.
Мұса АЙТЖАНОВ, Қазақ тағамтану академиясының тамақтануды үйлестіру зертханасының меңгерушісі:
– Баланың билирубині көп болған жағдайда анасы алгокольды ішімдіктерден және ащы тағамдарды пайдаланудан аулақ болғаны жөн. Және де майлы тағамдарды көп пайдаланбауы керек. Аталмыш үш жағдай да бауырдың дұрыс жұмыс істеуін бұзып, оған зақым келтіреді.
Депутат Нехорошевтың мәлімдемесінен белгілі болғандай, еліміз алкогольды ішімдіктер пайдаланудан әлемде сегізінші орында тұр екен. Оған соңғы уақыттары жер-жерде ашыла бастаған қытай ресторандары мен асханаларын қосыңыз. Қытай тағамдарының 90 пайызға жуығы өте ащы тағамдар болып келеді. Осыдан-ақ тағам саясатында тағы да асығымыздың бүк түскенін байқауға болатындай.
Жыл сайын жер жүзінде үш-төрт ұлттың жұтылып, яғни өзінің ұстыны мен ұлттық болмысын жоғалтып отыратындығын ескерсек, бізге де демографиялық және гендік шабуыл алыстан жасалмайтыны анық. Елімізде соңғы уақыттары билирубинді балалардың көптеп туыла бастауынан да осыны аңғаруға болатындай. Ұлттың рухын сақтайық десек, ең әуелі, қанымыз қалпынан бұзылмауы тиіс. Себебі қаны өзгерген қазақтың жаны да сарғыш тартып, түр-түсімен үйлесім тапқан қоңыр тірлігінің аяңынан жаңылысуы да ғажап емес.
Дерек-дәйек
Клиника-зертханалық анықтама
Қандағы билирубиннің көлемі шамадан тыс асып, баланың денесінің тұтастай сарғаюы – соңғы уақыттары жиі орын алып отырған жағдай. Бұл бауырдың өз функциясын дұрыс атқармай, бұзылуы салдарынан орын алады.
Сарғаю билирубиннің деңгейімен анықталады:
- Жеңіл түрі – 85 мкмоль/л
- Орташа ауыр – 86-169 мкмоль/л
- Өте ауыр – 170 мкмоль/л-дан жоғары.