Балаңызды бесікке бөлегенді қалайсыз ба?
Мақсат ЖАҚАУОВ, саясаттанушы:
– Әрине, қалаймын. Мен өзім үш баламды да бесікке бөлеп өсірдім. Бесік, біріншіден, тазалық, екіншіден, баланың тыныш ұйықтауының, бойының жылы болуының кепілі. Бесіктің баланы түрлі бәле-жаладан сақтайтын киесі тағы бар. Қазіргі жастар бесіктің мәнін білмей жүр. Ал дәрігерлердің «бесікке бөлемеңдер» деп үгіттеуін ұлттық салт-дәстүрге жасалған қиянат деп білемін. Сонау атам заманнан ұстанып келе жатқан ұлттық құндылығымызды енді неге жоққа шығаруымыз керек? Қазіргі «памперстердің» жарнамасы мықты, ал зияны жайлы сол дәрігерлер жақ ашпайды. Бұл дұрыс емес. Қайта бесікті жарнамалауымыз керек. Бесік балаға тазалық, алаңсыз ұйқы сыйлайды. Асты құрғақ болып, тербетілгенде бала рақаттанып ұйықтайды. Жалпы, сәбиге бесіктен артық жатын орынды әлемде ешкім ойлап тапқан жоқ.
Бекжан ТҰРЫС, актер, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi:
– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, бүкіл тәлім-тәрбие, ұлттық ұлағат бесіктен басталған. Сан ғасырлық ұғымдарды, дүниетанымды сақтап алып бүгінге жеткізіп отырған бесік, расында да, ұлт руханиятының бастауы. Алайда қазір осы бесігімізден ажырап барамыз. Бүгінде бесік көрмеген будандар қаптап кетті. Бесікпен бірге бесік жырымыз да ұмыт қалды. Осыдан біраз бұрын маған бір апа келіп: «Сендер қатарлы жігіттердің бойында бейкүнәлік, тазалық бар. Бірақ қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ қатыгез болып барады, солардан қорқамын», – деп еді. Шынында да, ойланарлық жағдай. Біз бесікте, ата-әженің қойнында, солардың ертегісін тыңдап өстік. Үлкеннің қойнында көп жатқан бала мейірімді болып өседі. Ал қазір баланы қырқынан шыққаннан кейін бөлек жатқызамыз, бесікке бөлемейміз. Емшектен ерте шығарып тастаймыз. Уызына жарымаған бала қандай болып өседі? Жасыратыны жоқ, қазір бесік көрмеген будан ұлтын ұлықтай алмайтын қасиетсіз болып барады. Мен осыдан қорқамын.
Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист:
– Өткен ғасырда дәрігер ғалымдар туған соң үш күннен кейін ғана баланы анасының бауырына салу керек екенін дәлелдеп келген еді. Осыдан екі-үш жылдай бұрын америкалық ғалымдар «баланы туғаннан анасының бауырына салу керек» деп, жаңалық ашқандарын айтып әлемге жар салды. Ал бұл – қазақ үшін жаңалық емес. Өйткені қазақ бұрыннан солай жасап келген. Сол сияқты бір күні өзге елдің ғалымдары бесіктің тиімділігін ғылыми түрде дәлелдеуі мүмкін. Сол кезде «мынау керемет жаңалық екен» деп қоса шаппай, қазірден дәрігер ғалымдар бесіктің пайдасын өзімізге де, өзгеге де дәлелдеуі керек. Бүлдіршінін бесікке бөлеген бабамыздың бүгінге дейін мерейі аласарған жоқ, тұқымы құрыған жоқ. Керісінше, талай батырлар мен билер сол тал бесікте өсті, жетілді. Сондықтан ғалымдар дәрігерлердің «бесік баланың өсуіне зиянын тигізеді» дегенін ғылыми негізде жоққа шығаруы тиіс.
Серік ЖҰМАБАЕВ
Бесіктің құрылысы
1. Арқалық (арыс) – бесіктің үстіңгі, көлденең, жұмыр белағашы.
2. Бөген (алдыңғы бас, артқы бас) – негізінен жас тал мінсіз жонылып, жақсы әрленіп, морға қыздырылып, қыртысын сыртына қарай иген бесіктің екі басы.
3. Жақтау. Ол төртеу. Екі үлкен жақтаудың ұзындығы арқалықпен бірдей, қос бөгеннің аңғарларын керіп тұратын екі қысқа жақтаудың ені бесік еніне тең.
4. Шабақ. Бұл да төртеу. Екі бөгеннің аяқтарын қосып тұратын ұзын жақтауларға біркелкі қашықтықта көлденең қашалып бекітілген бесік еніндей тақтайша.
5. Сабау. Ол екеу. Екі бөгенді қосып тұратын екі ұзын жақтаудың астына түсетін, бесік ұзындығына тең жұмыр ағаш.
6. Жорға. Бұл да екеу. Бөгендердің иілген басына қарама-қарсы бекітіледі, оның астыңғы қыры қайқы – бесіктің табаны. Табанның қайқылығы бесіктің бірқалыпты жеңіл тербелуін қамтамасыз етеді. Бесіктің осы бөлігі – жорғаны қазақтар табан деп те атай береді.
7. Тақтай. Бесіктің түбек орналасатын, төсек салынатын ортасындағы бөлігі.
Бесіктің жабдықтары
1. Жөргек. 2. Қолбау, тізе бау. 3. Қалың бесік жапқыш. 4.Жұқа бесік жапқыш. 5. Түбек. 6. Шүмек. 7-8-9. Кепіл. 10. Жастық. 11. Көрпе. 12. Құс төсек.