Бүгінгі балалар бақытты. Шыр етіп дүние есігін ашқан шақалақтарымыздың өзі шекара асып, шетелден келген импорт киімдер киеді. Бұрындары таптырмайтын, табылса да сөре астына тығып қойып сататын, удай бағасына алатын шетел киімдері бүгінде самсап тұр. Бағасы да қалта қағарлық. Балалар киімі қайта ересектердің киімінен қымбат. Жә.. мұны қоя тұрып, әуелі сапа жөнінде сыр шертсек.
Сөреде сықасып тұрған балалар киімін шолып шықсаң, сын айтуға сөзің шығын. Алуан түстерден тігілген киімдер көз қарықтырғанымен, сапасы сын көтермейді. Бір жуған соң оңып кететін, болмаса іріп кететін, безеу шыққандай түйіршік боп кететін сапасыз киімдер көп. Балалар киімінен түрлі дертке ұшырататын, химиялық қоспалар қосылғандығы анықталып отыр. Халықаралық стандарт бойынша сәбилерге арналған киімдерге синтетикалық талшықтар мүлдем қосылмауы керек. Алайда тексеріс жүргізген Стандарттау, метрология және сертификаттау комитеті мамандары киім матасының жартысынан көбі синтетика екенін анықтаған. Ауа өткізбейтін, денеге жабысып, баланың қалыпты өсіп-жетілуіне кедергі келтіретін мұндай киімдердің бала денсаулығына тигізер зардабы орасан. Дәрігерлер мұндай киім киген баланың белсіз болып қалу қаупі бар деп дабыл қағып отыр. Бүгінгідей бедеулік пен белсіздік белең алған шақта дерттің қоздырғышын ананың жатырында жатқан кезінен іздеу керек сияқты. Базар мен дүкен сөрелерін жаулап алған балалар киімдерінің басым бөлігі Қытай мен Қырғызстаннан жеткізіледі. Ал түркиялық, басқа да Еуропа елдерінен әкелінетін киімдердің бағасы бет қаратпайды. Қымбат бутиктерде сатылатын киімдер байлардың бесігін тербететін баға. Қарапайым халық, амал жоқ, баласын жалаңаш қоя ма, құны құлынның бағасынан кем емес киімдерді алып бере алмаған соң, жақын көрші елдердің қазынасын қомпайтуға мәжбүр. Ал денсаулыққа тигізер орасан зияны жөнінде бас қатырып жатқан тағы ешкім жоқ. Ертеңгі күні ауру бала, дімкәс ұрпақ қалай көбейіп кетті деп себебімен емес, салдарымен күресіп әуре болып жатқанымыз. Ол шақта дендеп кеткен дерт әл бере ме? Мәселен, қытайлық стандартқа сай келмейтін аяқкиімдерді киіп өскен бала, әлбетте, майтабан болады. Бүгінде әскер қатарына алуға жарамай жатқандардың басым бөлігі осы майтабандықтан зардап шегетіндер. Ал киімнің кесірінен түрлі буын ауруларына ұшырап жатқандар да жоқ емес. Мұны сарапшы мамандар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Тек тыңдар құлақ, тыйым салар тетік табылмай тұрғаны... Шетелден әкелінетін киімдердің сертификаты болуы тиіс. Базардағы сатушыдан не дүкен иесінен сертификат сұрап көріңізші... бетіңізге күле қарайды. Кеңес кезінде киімдерде фабрикалық нұсқама болатын. Онда киімді қалай жуу керекті, үтіктеуге бола ма, қанша градус суда жууға болатындығы көрсетілетін. Бүгінгі киімдердің біразында бар, кейбірінде жоқ. Тіпті сапасыз киімдерге түркиялық брендтік фирманың белгісін жапсырып, алдап сататындар да баршылық. Негізгі талап бойынша, маталарды балалар киімінің өндірісінде пайдалану үшін, оның физикалық-гигиеналық көрсеткіштеріне, қалыңдығына, көлемдік массасына, кеуектілігіне, ауа және бу өткізгіштігіне, гигроскопиялылығына, ылғалсақтағыштығына, гидро және липофильділігіне қатты мән берілуі тиіс. Мәселен, «балалар киімі жылусақтағыштығы жоғары бәтес, драп маталардан тігілуі тиіс» дейді мамандар. Бәтестің қалыңдығы – 0,1мм, драп-5мм, табиғи жүн 30-50мм болады. Сондай-ақ балаларға арналған киімнің ауа өткізгіштігі жоғары болуы қажет. Таза мақта, матадан жасалған жеңіл маталардың ауа өткізгіштігі секундына –111дм3/м2, табиғи жібек секундына – 341дм3/м2, капрон секундына 125дм3/м2 болады. Липофильдік, яғни денеден бөлінетін майды сіңіру қасиеті жоғары болуы қажет. Ал синтетикалық маталарда талшықтар арасындағы ауа өтетін кеуектіліктер тығыз болғандықтан, матаның физикалық-гигиеналық қасиеті төмен болады, яғни ауа өткізбейді. Жаңа туған сәбилердің іш киімдеріне химиялық жіп қосылмауы тиіс. 1-3 сынып оқушыларының киімінде ол 30 пайыз, одан жоғары жастағы балалардың киімінде 50 пайызға дейін рұқсат етіледі. Сәбилер киімі тек табиғи талшықтардан – кендір, мақта, жібек немесе вискозадан жасалуы керек. Алайда бұл талаптар жеңіл өнеркәсіп иелеріне мүлдем қатысы жоқтай. Этикеткадағы жазу бір жақта, киімнің құрамы бір жаққа лағып кеткен.
Былтыр Алматыда үш ай ішінде 2 мыңға жуық стандартқа сай емес, құжаты жоқ өнім тәркіленген болатын. Балалар киімдері сапа стандарттарына мүлдем сай еместігі анықталды. Сапа тексеру зертханасында тексеруден өткен балалар киімдерінде синтетика, химиялық қоспа тым көп екендігі анықталған болатын. Сондай-ақ жуырда Жамбыл облыстық санитарлық тексеру орталығының токсикология зертханасында полимер мен химиялық қоспаларға қарсы тексеру жүргізген болатын. 151 дана балалар киімінің 9-ы санитарлық талапқа сай еместігі анықталды. Балаларға арналған жейделерді тексергенде онда 100 пайыз синтетикалық жіп пайдаланылғаны анықталды. Жағымсыз иісі бар. Химиялық талшықтан жасалған. Жазда аптап ыстығымен ерекшеленетін оңтүстікте бұл зат бала ағзасында аллергия тудырады. Ал аяқкиімдердің 14 данасын тексергенде үшеуі талапқа сай болмай шықты. Бүгінде тері-венерологиялық ауруханалардың дәрігерлері балалар арасындағы түрлі тері ауруларының, аллергияның көбейіп кеткендігіне алаңдаулы.
Баянсұлу Қасымова, дерматолог дәрігер:
– Балаларының денесінде түрлі бөртпе, қышыма пайда болғанын айтып шағымданып келетін ата-ана көп. Әсіресе аллергияға ұшырағандар басым. Балалар киімін түрлі химиялық қоспалармен жуғаннан да болуы мүмкін. Аналарға жас балаға синтетикалық киім кигізбеңдер, түрлі ұнтақтармен жумаңдар деп ескерту жасасаң, «сапалы киімді қайдан аламыз?» деп мұңын шағады. Біз шетелден ағылып келіп жатқан киімдердің сапасын тексере алмаймыз. Алайда тиісті органдар бұған қандай да бір шара қолдануы керек емес пе? Ертеңгі дені сау болып өсетін ұрпақты тамырынан суалтып жатқандаймыз.
Балаларымыз неге сапасыз киім киюі керек?
Последние статьи автора